Павлодар облысында жаңғыртылған Жедел басқару орталығы таныстырылды
Павлодар облысында жаңғыртылған Жедел басқару орталығы таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Павлодар облысының полиция департаментінде аймақтағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Жедел басқару орталығы (ЖБО) жаңғыртылған жаңа технологиялық мүмкіндіктерімен таныстырылды. Орталықтағы бұрынғы жабдықтар 17 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген еді. Уақыт өте келе, техникалық тозуға ұшыраған 5 ТВ-панель жиі істен шығып, жаңартуды қажет етті. Бұрынғы жүйеде әр түрлі өндірушілердің 117 камерасын бақылауға арналған бірыңғай платформа, деректерді толық көрсету жүйесі, бейнеконференция байланысы және жедел ақпаратпен ұжымдық жұмыс істеуге арналған ішкі жүйе қарастырылмаған болатын.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасына сәйкес, биыл «орталық-облыс-қала-аудан» деңгейіндегі жедел басқару орталықтарының бірыңғай жүйесін құру және аймақтағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп деңгейін арттыру мақсатында Павлодар облысының полиция департаментінде кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні жаңартылған ЖБО – жоғары технологиялық бірегей кешен. Орталықта көлемі 9,6×3,6 метр болатын заманауи LED-экран және автоматтандырылған қашықтан басқару жүйесі орнатылды. Сондай-ақ 117 жаңа камера сатып алынып, ескі камералар қала аумағының басқа аймақтарына орналастырылды. Осылайша, ЖБО бақылауындағы камералардың саны екі есеге артты.
Бұған қоса, орталыққа Smart city жүйесінің 5622 камерасы қосылып, патрульдік қызметтердің онлайн картасы көрсетіледі. Камералардың мүмкіндігі айтарлықтай кеңейтілген: олар 360 градусқа автоматты түрде айналып, қажет жағдайда белгілі бір нысандарды жақындатып немесе алыстатып көрсете алады. Сонымен қатар, барлық кезекші бөлімдер автоматтандырылып, өзге бөлімдермен толық интеграция жүргізілді. Жаңғыртылған орталықтың негізгі міндеттеріне қылмыстар мен оқиғалар туралы келіп түскен хабарламаларды қабылдау, полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуін қамтамасыз ету және олардың оқиға орнына уақытылы жетуін бақылау, сондай-ақ барлық арыздарды тіркеу, сақтау және мұрағаттау кіреді.
Кезекші инспекторларға арналған компьютерлік жүйе орталыққа келіп түскен барлық хабарламалар бойынша қабылданған шаралардың орындалуын қадағалауға, кезекшілердің шешімдерін түзетуге және қиын жағдайларда оларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖБО қызметкерлері 210 қылмыстық құқық бұзушылықтың ашылуына және 8 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесуге үлес қосты. Жаңғыртылған Жедел басқару орталығы – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа белеске жол ашатын маңызды қадам. Оның заманауи технологиялық шешімдері облыс тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.