Павлодар облысына әуеден дезинсекциялық жұмыстар жүргізетін 10 ұшақ жеткізілді

Павлодар облысының Атамекен кентіне әуеден дезинсекциялық жұмыстар жүргізетін 10 ұшақ келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңірде шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстары басталды. Биыл әуеден, өзен арқылы және тосқауылмен өңдеу шаралары күшейтілді. Дезинсекциялық іс-шаралар жағалау бойында орналасқан облыстың 59 елді мекенінде жоспарланған.
Өңдеу аумағының 45 мың га ұлғаюына байланысты қосымша 4 ұшақ тартылды. Әуеден өңделетін аумақтың жалпы көлемі 172 мың га, өзен - 1800 км құрайды.
Барлық ұшақтар келді, мердігердің қажетті лицензиясы бар. Ендігі кезекте шыбын-шіркейлердің жаппай ұшып шығатын күнін белгілеу маңызды - бұл судың толық жайылғанынан кейін мүмкін болады. Ғылыми топ ұсыныс бергеннен кейін негізгі жұмыстар басталады. Стратегия құрылып, алгоритм бекітілді және әрбір кезең ғылыми топтың бақылауымен өтеді, - деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Өзенді өңдеу жұмыстары 10 құю нүктеден үш кезеңде жүзеге асырылады. Ертіс өзенінің Белая, Подстепка, Теплая, Тюлька, Каратунь, Талинка және Орловка сияқты тармақтарын өңдеу үшін қосымша 15 моторлы қайық тартылады.
Өңірге қажетті препараттардың барлық көлемі жеткізілді: биологиялық - 182 мың кг және химиялық - 14,6 мың литр. 293 мың литр биопрепараттың жұмыс суспензиясы дайындалды.
9 сәуірден бастап уақытша су айдындарын жерден өңдеу басталды. Сонымен қатар, жертөлелерді дезинсекциялау жалғасуда.
Өңір басшысы іс-шаралардың жоғары тиімділігін қамтамасыз ете отырып, бекітілген алгоритмді қатаң сақтауды тапсырды.
