Жаңалықтар

Павлодар әуежайындағы қайта жаңарту жұмыстары 1 қарашаға дейін аяқталмақ

Павлодар әуежайындағы қайта жаңарту жұмыстары 1 қарашаға дейін аяқталмақ
Фото: Павлодар облысы әкімдігі/Валерий Бугаев 21.04.2025 08:40 136

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңір орталығындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауқымды жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.

Әкімдіктің мәлімтінше, реконструкциялау жұмыстары жолаушылар әуе тасымалы қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға, ұшуға жарамдылық сертификатын алуға, сондай-ақ, әуе айлағының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жұмыстар аяқталғаннан кейін әуежай үлкен әуе кемелерін қабылдай алады және жүк тасымалы көлемін арттыра алады.

Жаңғырту аясында бірнеше кезең қарастырылған. Қазір бірінші кезекте ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда: оның ені 45-тен 60 метрге дейін ұзартылады. Сондай-ақ, жарық сигнал беру жабдықтары, жарықтандыру жүйесі, қоршаулар және патрульдік жол ауыстырылады. Келесі кезеңдерде біз жолақты ұзартуды және әуежай ғимаратын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі халықаралық әуежайлардағыдай жолаушылардың келу және кету ағындарын бөлу, күту аймақтарын кеңейту, эскалаторлар мен екі отырғызу құрылғысын орнату жоспарлануда, - деп атап өтті Асайын Байханов.

«Павлодар Әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Марат Хасенов атқарылған жұмыстардың көлемі туралы баяндады. Бүгінгі таңда 42 мың шаршы метрден астам ұшу-қону жолағын фрезерлеу орындалды. Жұмыстың жалпы ауданы 372 мың шаршы метрді құрайды.

Нысанға шамамен 18 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізілді, бұл қажетті көлемнің 53% құрайды. Өнімділігі сағатына 240 тонна асфальтбетон зауытын орнату жүріп жатыр. Монтаждау  жұмыстары 15 мамырда аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа қоршау мен әуе кемелерінің тұрағын жерге тұйықталу жүйесін орнату басталды.

Қазіргі уақытта 24 техника жұмылдырылған, алдағы күндері олардың саны 50-ге дейін ұлғайтылатын болады. Сонымен қатар, материалдар мен жарық сигналдық жабдықтар жеткізіліп жатыр: оның көп бөлігі нысанға жеткізілді, қалғаны 10 тамызға дейін жеткізіледі.

Облыс әкімі мердігер ұйымдарға кестені сақтауды және барлық кезеңдерде жоғары жұмыс сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Қайта жаңартуды ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтау жоспарлануда.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға