Патриот қазақстандықтар марапатталды
Рәміздер күніне орай мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов еліміздің түкпір-түкпірінен келген отансүйгіш азаматтарды патриоттар форумында марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Мәдениет» аталымы бойынша белгілі пианист, музыкант Темірлан Бейсенбай марапатталды. Ол – Миланда, Еуропа көшелері мен қазақ даласында Мемлекеттік гимнді, ұлттық әуендер мен әртүрлі классикалық музыкаларды орындап жүрген дарынды музыкант.
«Спорт» аталымы бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов марапатқа ие болды. Ол 2023 жылы мамырда Ташкентте ерлер арасында бокстан өткен әлем чемпионатына еліміздің бокс құрамасын дайындап, шәкірттері 4 алтын және 1 күміс медальге қол жеткізді. Мұндай жетістікке Қазақстан 2013 жылы ғана 10 жыл бұрын жеткен. Одан бөлек Мырзағали Құланұлы 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 10 спорт шеберін дайындаған.
«Ғылым» номинациясы бойынша генетик ғалым, биотехнолог Мақсат Жабагин марапатталды. Ол қазақ халқының және Орталық Азия халықтарының қалыптасуының генетикалық әртүрлілігі мен генетикалық тарихын зерттеген. 75-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде нөлдік емес импакт-факторы бар журналдарда 30 мақаланың авторы. 2019 жылы халықаралық ақпараттық-талдау платформасының деректері бойынша Қазақстандағы «Үздік жас ғалым» ретінде «Ғылым көшбасшысы-Web of Science awards» тәуелсіз сыйлығымен марапатталған.
«Білім» номинациясы бойынша Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова марапатталды. Ол бүгінде Қазақстандағы ең жас ректор. «Қазақстандағы Болон реформалары: жоғары оқу орындарының ПОҚ қабылдауын зерттеу» зерттеу жобасы үшін Білім берудегі Еуропалық зерттеушілер Қауымдастығының грантын жеңіп алған. Қазақстандық білім беру саласындағы зерттеушілер қоғамы «Тіл саясаты және білім беру» бағытының жетекшісі. «Білім және ғылым саласындағы зерттеулер» басым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі.
«Медицина» номинациясы бойынша әлемге танымал хирург маман, Денсаулық сақтау саласының үздігі Мыңжылқы Бердіходжаев марапатталды. Ол отандық эндоваскулярлық нейрохирургияның негізін қалаған және елімізде алғаш рет жасалған көптеген операциялардың жасалуына қатысқан. 2013 жылы ол бірінші механикалық тромбектомия жасады. Елімізде бас миының тамырларындағы аневризмалар мен артериовенозды ақауларды эндоваскулярлы емдеудің жаңа әдістерін енгізген. Отандық нейрохирургия саласын дамытуға айрықша үлес қосып, бүгінге дейін бас миының тамырларына 6500-ден астам жоғары технологиялық операция жасаған.
«Волонтерлік» номинациясы бойынша «Kobelek balalar» қайырымдылық қорының Президенті Сұлтан Аллабергенов марапатталды. Ол сирек кездесетін генетикалық науқастарға көмек көрсететін қайырымдылық қорын ұйымдастырған. 2017 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі 61 балаға, 20 ересек адамның еміне көмек көрсеткен. Сондай-ақ 8564 қайырымдылық жұмысының көрсетілуін ұйымдастырған. 3 баланың шетелде және 2 баланың Қазақстанда операциясын қаржыландырған. Одан бөлек пандемия кезінде 3000 мыңнан астам мұқтаж адамды азық-түлікпен қамтамасыз еткен.
«Өндіріс» номинациясы бойынша «AYKAN» компаниясының негізін қалаушы –Алмагүл Айқан марапатталды. Ол сүтті қайта өңдейтін «AYKAN» кәсіпорнының негізін қалап, 2000 жылдан бастап «Эм-Нұр» , «Эмир» сауда белгісімен 8 түрлі ірімшік өндіріп отыр. Оның ішінде «Моцарелла», тұздықтағы фета ірімшігі, «Адыгей» фета ірімшігі және өңделген «Невский кремді» ірімшігі және т.б. сүт өндімдері бар. Бүгінгі таңда «AYKAN» сүт зауыты Түркістан облысы бойынша сүт өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорынға айналған. Компания өнімдері еліміздің барлық ірі қалалары республикамыздың барлық облыстарда сұранысқа ие. Алмагүл Құдайбергенқызы тұрақты түрде меценаттық қызметпен айналысып тұрады.
«Ауыл шаруашылығы» номинациясы бойынша жас кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласының маманы Вероника Салова марапатталды. Ол бүгінде абердин ангус, қазақ ақбас, әулиекөл және дала тұқымдары сияқты жылқылар мен ірі қара мал өсірумен айналысады. Сондай-ақ өз қаражаты есебінен ауылға су құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттама дайындаған.
«Технология» номинациясы бойынша IT саласының маманы Айболат Құлатай марапатталдлы. Ол мемлекеттік тілді дамыту мақсатында 2022 жылы «Aqyl Battle» мобильдік қосымшасын жасап шығарған. Бұл – қазіргі уақытта еліміздегі ең танымал мобильдік қосымшаның бірі. Ол мобильдік қосымша әртүрлі маңызды тақырыптар бойынша интеллектуалдық сұрақтар қойып, пайдаланушылардың білім жетілдіруге бағытталған. Бүгінгі күні жаңа технологиялық қосымшаны 600 мыңнан астам қазақстандық қолдануда. Жастар арасында ерекше сұранысқа ие.
«Бизнес» номинациясы бойынша «EasyTap» компаниясының негізін қалаушы Төлеш Мағзұм марапатталды. Ол «EasyTap» сервисін жасау арқылы бүгінде 4 000 мыңнан астам адамға қосымша жалақы алуға мүмкіндік туғызып отыр. Онлайн сервисінің арқасында азаматтарға 40-тан астам тұтынушы компаниядан 200 млн теңгеден астам жалақы төленген, 4000-нан астам адамның қосымша жалақысын қамтамасыз еткен. Оны пайдаланушылардың 60%-ы әйелдер.
«Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» номинациясы бойынша донорлық көмек көрсетуші – Бекарыстан Аманжолов марапатталды. Ол 2023 жылдың 8 сәуірінде Әсия Уәлиханқызына бауыр доноры болды. Әсияға 1 айында бауыр циррозы диагнозы қойылған, бауыр трансплантациясы қажет екені анықталған. Алғашқы күндерден Бекарыстан отаға қажетті қаражатты жинауға белсене ат салысқан. Кейін қан тобының бірдей болуына байланысты, бауыр доноры бола алатындығы анықталған соң, донор болуға келісімін беріп, зор азаматтық ерлік жасаған.
Осы номинациясы бойынша кинолог, құтқарушы –Александр Адамбаев марапатталды. Ол бауырлас Түркия жерінде Нұрдағы қаласындағы жер сілкінісі салдарын жоюға көмектесіп, иттің көмегімен үйінді астынан бірнеше адамды аман алып шыққан. Одан да басқа көптеген төтенше жағдайлар кезінде құтқару операцияларына белсене ат салысқан. 2022 жылы Теміртау және Қарағанды қалаларындағы газ жарылысы салдарынан болған үйіндіні аршуға қатысқан. Төтенше жағдайлар саласында 2018 жылдан бері жұмыс істейді.