Пәтер ұрлығы: үш айда 25 қылмыстық топ ұсталды

Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, топ құрамында үш адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша шығын 10 млн теңге.
ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің сөзінше, қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
2025 жылдың үш айында ел бойынша пәтер ұрлығын жасағаны үшін 25 қылмыстық топ ұсталды, - деді ол.
Ұрлыққа жол бермеу үшін ІІМ қарапайым әрі тиімді қауіпсіздік шараларын ұсынады: есікке сапалы құлып, терезелерге торлар орнатып, дабыл жүйесі мен бейнебақылау камераларының мүмкіндіктерін қолдануға болады.
Әлеуметтік желілерде қолда бар ақша жинақтары мен зергерлік бұйымдар, материалдық құндылықтар және оларды сақтау орындары туралы ақпаратты жарияламаған абзал.
