Жаңалықтар

Партиялар пікірсайысы: сөзіне ісі сай ма?

Партиялар пікірсайысы: сөзіне ісі сай ма?
Фото: qazaqtimes.com 15.03.2023 19:00 2283

Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлауға санаулы күн қалды. Саяси партиялар арасында пікірталас та қызып келеді. Оған дәлел, кешегі өткен теледебаттар. Біреулер мұндай дебаттың жиі өтуі маңызды десе, енді бірі мұны пікірсайыс деп айту қиын деп жатыр. El.kz ақпараттық агенттігі бұл мәселеге қатысты сарапшылардың ойын білді.

Пікірсайыс «пәтуасыз әңгіме» сипатына ұқсады

Экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсенов сайлауға қатысты екі тілде екі ресми партиялар арасында пікірсайыс өткізілді. Біріншісі қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде болды. Алайда екі дебаттың тілі екі түрлі болса да, мазмұны жағынан өте ұқсас болды деп пікір білдірді.

Партиялар пікірсайысы: сөзіне ісі сай ма?

Мұндай форматта өткізілген іс-шараны пікірсайыс деп айту қиын. Бұған пікірсайыс емес, дискуссия немесе тіпті кейбір кандидаттарға қарап «тұрмыстық ұрыс» деңгейінде болды деп баға беруге болады. Оған бірнеше себеп бар. Біріншісі, пікірсайыс толыққанды болуы үшін белгілі бір ортақ тақырыптар немесе уақыт жағынан ғана емес партиялардың бағдарламаларына қатысты  да регламенттер мен талаптары болмады. Сол себепті, сырттай қараған адамдарға бұл «тұрмыстық ұрысқа» ұқсады. Мұны әсіресе бірінші партиялар арасындағы пікірсайыстағы кандидаттардың бір-бірін тыңдамай, сөздерін бөліп кеткенінен-ақ байқауға болады. Яғни, сегіз өкілді бір-біріне қарсы қоюды дәстүрлі дебат форматтарында табу қиын. Былайша айтқанда, «пәтуасыз әңгіме» сипатына ұқсап қалды. Алайда, кейбір спикерлер айтатын ойын нақты статистикамен де, аргументтермен де негіздеп бере алды. Бірақ жоғарыда айтылған дискуссия форматына ауысып, өзара бір-біріне айып тағуы және ақталуы жиі болды, – дейді.

Сондай-ақ, сарапшы пікірсайыс барысында көптеген саяси партия өкілдерінің бағдарламасы көп жағдайда тезистік деңгейде қалып, популисттік сипатқа ие ұрандармен шектеліп қалғанын айтты.

Мәселен, зейнетақыны, жәрдемақыны көтереміз, коллекторлық бизнеске тыйым саламыз деген сияқты сөздер айтылды. Кез-келген пікірсайыс форматы мен жалпы принциптеріне сәйкес мұндай тұжырымдар толыққанды фактілер, дәйектер және іске асыру бойынша нақты негіздеулерге ие болуы қажет. Яғни, қарапайым саясаткер емес пікірсайысшы пікірсайыс ойыны деңгейінде қолданатын әдісті, осындай ресми сайлау алды пікірсайыста қолданбауы өткен пікірсайыстың қаншалықты деңгейде екенін көрсетіп тұр. Тек бірнеше партия өкілдері екінші пікірсайыста өздерінің осы мәселеге қатысты белгілі бір механизмдерін айтып өтті. Әрине, теледебатта негізінен әлеуметтік және экономикалық мәселелер қамтылды. Десе де, осы уақытқа дейінгі түрлі дискуссиялық бағдарламаларда көтерілетін мәселелерден аспады. Ал жаңа қосылған партиялар экологиялық «Байтақ» және кәсіп бойынша «Respublica»-дан белгілі бір деңгейде тың ұсыныстар айтылды. Партия өкілдері өзінің партиясының бағдарламасын түсіндіргенде, кемінде бір іске асырылу механизмін анықтап, оның өзге салаларға қаншалықты әсер ететін көрсетуі қажет еді. Әлібетте, жоғарыдағы айтылған пікір ескерілсе, келесі пікірсайыстар құрылымды, нақты және көрерменге бір мәселе бойынша пікір қалыптасуына әсер етеді, – дейді сарапшы.

Дегенмен, өткен сайлау пікірсайысының оң жақтарын да атап өтті. Мәселен осы жолы партия аралық нақты қақтығыс нүктелері болды. Сондай-ақ, Тәуелсіздік алғалы қалыптасқан көптеген мәселелердің жабулы қазаны ашылғандай болды деп есептейді.

Әрине, толыққанды ашылмаса да, елдегі саяси белсенділіктің төмендігі, парламенттегі депутаттардың пассивтілігі және жұрт көкейінде жүрген әлеуметтік-экономикалық мәселелердің ушыққанын дәлелдейтін пікірлер айтылды. Ұлы философ Сократтың ақиқат дауласуда пайда болады деген пікіріне негізделе отырып, осы өткен пікірсайыс алдыңғы болған көптеген саяси пікірсайыстардан қарағанда нақтырақ және позициялардың айқын қарама-қайшылығын көрсете алды. Белгілі бір деңгейде демократизациялау үдерісінің белгісі деп тануға болады. Бір жағынан осындай елеулі Мәжіліс және мәслихат үшін екі дебат аз деп танимын. Егер де дебат тек партия мүшелерінен ғана құралмай, тәуелсіз кандидаттар мен партия кандидаттары, мәслихат кандидаттары арасында болса, онда шынымен қоғамдық пікірдің өзгеріске сенімін нығайтып және саяси белсенділігін арттыруға болады, – деді.

Ол партиялар ендігі сайлау пікірсайысына тек шешендік өнерге ие мүшелерін емес, сонымен қатар пікірсайыста тәжірибесі барларды тартса деген ойда.

Өйткені, өткен пікірсайыстан тәжірибесі аз, көп жағдайда бір аудиторияға ғана өз позициясын презентациялаушы, азын-аулақ көпшілік алдында сөз сөйлеу қабілеті бар партия өкілдері қатысқаны анық көрініп тұр. Қорыта айтқанда, пікірсайыс еліміздің саяси алаңына қосылуына аз да болсын үлесін қосты деген ойдамын. Әрі бұл үрдіс ары қарай жалғасып жатса, ел үшін шынымен де пайдалы деп айтуға болады. Үкімет тарапы келесі саяси додаларда пікірсайыстың ережелері мен өткізу форматын барынша түсінікті әрі тиімді етуді қарастыру қажет, – дейді экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсенов.

Уақыт өте бұл олқылықтың орны толар

Халықаралық сарапшы Рысбек Масғұт сайлаудан кейін халықтың өмірінде елеулі бір өзгерістің болатынына күмәнмен қарайды.

Бұл сайлаудың ерекшелігі, көп партияның қатысуы және өзін-өзі ұсынушылардың болуы. Десе де, еліміз үшін маңызы өте зор. Себебі демократияны нығайту, дамыту және адам құқықтарын қорғау үшін жаңа заң қабылдау, халықтың мұң-мұқтажын үкімет деңгейінде көтеруге бір септігі тиеді деген үміттеміз. Кемшіліктері де жоқ емес. Алайда уақыт өте оның бәрі жақсарады деген ойдамын, – дейді.

Оның ойынша, былтыр Президент сайлауының әділетті өткеніне халықаралық ұйым тұрмақ, халық та сенген жоқ. Сондықтан бізде сайлауды бір жүйеге келтіру керек.

Партиялар пікірсайысы: сөзіне ісі сай ма?

Халық сайлау туралы көптеген мағлұмат, білім алуы қажет. Алдағы уақытта тағы да бәсекеге толы науқан болады. Осы жолғы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы туралы халықтың түсінігі аз көрінеді. Мүмкін келесі саяси додада олардың көзқарасы да өзгеріп қалар. Кандидаттарды дұрыс таңдау және партиялардың ағымы мен ұстанымын түсінуге біршама уақыт керек. Өйткені жаңа партияны олар білмей жатыр. Бағыты мен бағдарламасын білмейді. Бүгінге дейін бір партия ғана билікті ұстап келді ғой. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы көппартиялы жүйе құру. Сайлаудың бір маңызы халықтың береке-бірлікке келуі, олармен бірлесе отырып билік шешім шығару. Яғни, халық үніне құлақ асатын мемлекет құру. Сайлау туралы заңда көптеген кемшіліктер бар, – деді ол.

Айтуынша, билікте көп партия болуы заңды. Алайда жаңадан құрылып жатқан саяси партияларға қандай мүмкіндіктер берілетіні айқын емес. Бұл сайлау заңының әлсіздігі деп есептейді. Сондай-ақ, саяси партиялар арасында өткен алғашқы екі дебат туралы пікірін ортаға салды.

Бір-бірімен пікірталасу бұл дұрыс. Парламент сайлауына қарағанда Президент сайлауының дебатын дамыту керек деп ойлаймын. Мәжіліс пен мәслихат сайлауының пікірсайысына ден қойып, аса бір көңіл бөліп жатыр деп айта алмаймын. Партия құрамында білімді және дұрыс кандидат болуы маңызды. Тағы бір айта кететін жағдай біраз кәсіпкерлер сайлауға түсіп жатыр. Ал кәсіпкер адамның белгілі бір мүддесі болады. Олар Мәжіліске сайлана отырып, өз билігін жүргізу арқылы өздеріне көп мүмкіндік туындауы мүмкін. Демократиялық тұрғыдан кандидат болам деген адамның құқығын шектеу қиын. Билікке әлемдік деңгейде ойлайтын тәжірибесі бар дамыған елдермен  қарым-қатынас құра алатындай жас саясаткерлер болу керек. Сол себепті кандидаттарға да мән берген дұрыс. Айлықтарыңзды қосамын немесе басқа да әлеуметтік мәселелерді шешемін деп ұран тастап жүргендердің сөздері экномикалық және өзге де жағдайға сай келмейді. Олар сайлауда жеңіске жететін болса, мемлекет мүддесіне көп кедергі болатыны анық. Парламент деңгейіндегі сайлауға дебат өте маңызды болып саналмайды. Бұл пікірсайыстың қажеттілігі көрініп тұрған жоқ. Бұл ашық сайлау болғаннан кейін келесі өтетін сайлау халықаралық деңгейде өтеді деген ойдамын, – дейді.

Сарапшы бүгінде геосаяси жағдай тұрақты емес екенін және Қазақстан көп жылдан бері орысты жағалаған мемлекет болғанын тілге тиек етті. Енді өзін әлемге ашып, Батысқа жақындап халықаралық қатынастарын нығайту үшін жұмыс жасап жатқандығын айтты.

Біз көппартиялы жүйені құрып, демократияны дамытып шыдасақ, онда дамыған мемлекеттер мен тепе-теңдігімізді ұстай аламыз. Сондай-ақ, сыртқы саясатты дамыта отырып, сауда-саттықты жақсартып, шетелдермен жан-жақты қарым-қатынас орнату негізінде іргесі мықты мемлекетке айналамыз. Сол себепті, сайлаудың да үлесі зор. Халық арасында бізге сайлау керек жоқ. Көбейіп кетті деген сөздер жүр. Бұл көзқарас дұрыс емес. Мынау ұнамайды немесе сайлауға бармаймын деген ой-пікірден аулақ болған дұрыс. Президент жақсы идеяларды ортаға салуда. Өзгерістердің орын алып жатқандығына мән берсек, Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Орталық Азиядағы Қырғызстанды былай қойып одан басқа елдер мен салыстырып қарасақ, жаң бір деңгейге көтеріліп отырмыз деуге толық негіз бар, – дейді халықаралық сарапшы Рысбек Масғұт.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға