Парсы жазбаларында Тараз қаласы көп аталады.
Үшінші рет автор Тараз жайлы: «Қасым хан Қараталда қыстап, ерте көктемде өзінің туған өлкесіне қайта оралмақ болған еді, сонда бұған Кеттебектен бір кісі Сайрам əкімімен бірге келіп, Сайрамның кілтін алдына тарту етті. Ол қабыл алды. Содан моғолдар Ианги деп атап жүрген Тараз жаққа бет алды», – деп жазады.
Тараз жайында төртінші рет «Моғолстандағы қалалардың аттары беделді кітаптарда жазылған. Жəне ол қалалар турасында көптеген түсініктер берген. Осы кітаптарда айтылатын қалалардың бірі – Тараз. Онда моғолдар Таразды «Ианги» деп атайды делінген. Бұл «Иангидің» Моғолстанда орналасқаны айқын. «Иангидің» адамдары Маураннəһрде көп. Оларды «Иангиліктер» деп атайды. Алайда, Ианги деп атайтын сол далада бірнеше қалалардың іздері, күмбез, мұнара, ханақа жəне медреселердің қалдықтары бар. Ал осы ескі қалалардың ішінде дəл қайсысының Ианги деп аталғаны һəм басқа қалалардың қалай аталғаны беймəлім», – деп жазылды.
Қорыта айтқанда, талай тарихи еңбектермен қатар ақындардың да жыр шумақтарына өзек болған Тараз қаласының іргесі б.з. бұрынғы 36-жылы қаланды. Шах Исмаил Самани (892-908) Тараз қаласын 893 жылы басып алды. Содан бастап бұрынғы Талас кейде Тараз делініп, соңында біржола Тараз аталып кетті. Оның себебіне тоқталар болсақ, Тараз атауы Талас атауына қарағанда парсы тілді самандар тілінің фонетикалық заңдылықтарына сəйкес болғандықтан самандардың билік құрған кезеңінде қолданысқа еніп кетті.
Тараз ХVІ ғасырда қирады. Мұны Əмин Ахмет Рази 1594 жылы жазған «Жеті ықылым» атты кітабында: «Тараз бұрынғы заманда əйгілі қала болған. Оны «Йанги» деп атаған. Алайда, өзбектердің таптап қиратуынан ойрандалған. Қазіргі кезде Тараз маңында бір үңгір бар. Оны қаланың есімімен «Йанги» деп атайды. Тараз тұрғындарының басым көпшілігі мұсылман болған. Ол қаладан қадір тұтуға уəжіп деп саналатын көптеген ғалымдар шыққан» деп жазды. «Абылай ханның жорықтас батыры Мəмбет 1774 жылы ханмен бірге Талас өзенінің жағасына, қираған ескі Тараз қаласының орнына қарақалпақтарды көшіріп əкеліп, Əулиеата кентін салғызған». 1936 жылға дейін қала Əулие-ата аталды. 1936- 38 жылдар аралығында – Мирзоян, 1938 жылы Жамбыл есімі берілді. 1997 жылғы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтің жарлығы бойынша мемлекеттік ономастика комиссияның қортындысы негізінде «Тараз» болып қайта өзгертіліп, өзінің бұрынғы тарихи атына ие болды.