Жаңалықтар

Парижге медаль үшін ғана барамын - Зүлфия Ғабидуллина

Парижге медаль үшін ғана барамын - Зүлфия Ғабидуллина
Фото: ҚР ҰОК 29.08.2024 07:13 622

Парижде көптен күткен Паралимпиада ойындары басталды. Бұл аламанға 167 мемлекеттен шамамен 4400-дей спортшы бақ сынаса, солардың арасында Қазақстан атынан 44 спортшы бар.

Отандық паралимпиадашылар соңғы уақытта тәп-тәуір нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Сондықтан бұл жолы да ел қоржыны алтын медальсіз қайтпайды деп үміттенеміз. Ал сол бас жүлдеге үміттілердің бірі деп жүзуші Зүлфия Ғабидуллинаны айтуға болады.

58 жастағы спортшы Ұлттық паралимпиада комитетіне вице-президент болып тағайындалса да, үлкен спорттан кеткен жоқ. Сәтін салса, Франция астанасында топ жармақ. Осы орайда спортшының сұхбатын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зүлфия Ғабидуллина: Адамдардың басым бөлігі бұл жаста спортты тастау керек деп санайды. Ал мен жүзуден бас тарта алмаймын, - деп мойындады Паралимпиада чемпионы. - Мен спортпен 24 жасымда белсенді айналыса бастадым. Сондықтан мендегі қызығушылық әлі сөнген жоқ. Бапкерім де мені қолдайды. Ол «сенің бойыңнан әлеует байқамасам, баяғыда-ақ тастап кетер едім» деп күледі. Бірақ ол кісі әлі де болсын менің қолымнан тағы бірдеңе келетінін көріп, әрі қарай жұмыс істеп жатыр. Әрине, жас өз дегенін алады екен. 20 жастағы спортшылармен бәсекелесу қиын. Бірақ олардан менің басты айырмашылығым - тәжірибемде. Осыдан біраз бұрын Италиядағы турнирде екінші орын алдым, енді, міне, Парижде бақ сынаймын. Италияда біздің командадан жүлде алған жалғыз спортшы болдым. Әйтпесе қатысушылардың бәрі жап-жас еді.

El.kz: Парижде медальге таласасыз ба, әлде Паралимпиадаға қатысудың өзін қанағат тұтасыз ба?

Зүлфия Ғабидуллина: Паралимпиадаға жай ғана қатысу 2012 жылы мәртебе болған. Ал қазір тек медаль үшін бара жатырмын. Жасым біразға барып қалғанын да, қарсыластарымның кім екенін де жақсы білемін, дегенмен чемпион атануды армандамайтын спортшының болашағы бұлыңғыр.

2016 жылы Рио олимпиадасының алдында рейтингіде тек бесінші орында тұрғанмын. Жеке бапкерім Саттар Ерғалиұлы Бейсембаев маған: «Егер барыңды салып бақсаң, алғашқы үштікке ене аласың» деді. Мен де аянып қалмадым, нәтижесінде чемпион атандым. Бұл еңбек, сәттілік және дайындықтың үйлесім табуы еді. Енді Парижде де барымды саламын. Қалай боларын уақыт көрсетеді.

El.kz: Риода сіз чемпион атандыңыз. Ал Токиода не кедергі болды?

Зүлфия Ғабидуллина: Токиода да алтын медаль алушы едім, тек Олимпиада алдында коронавируспен ауырып қалдым. Ауруханадан шыққан соң үш күннен кейін Токиоға аттанып кеттік. Қалай жарысқа шыққанымды білмеймін, бірақ сөйтіп жүріп сегізінші орын алдым. Сол Паралимпиададан соң қалпыма келуге үш жыл кетті. Сол кезде ковид мені бір сілкіп алды.

El.kz: Бразилиядағы Паралимпиадада жеңіске жетуіңіздің сырын білсек деп едім.

Зүлфия Ғабидуллина: Рио олимпиадасы алдында оқу-жаттығу жиындарымыздың қаншалықты жоғары деңгейде өткенін білсеңіз ғой. Біз үш айлық оқу-жаттығу жиындарында болдық. Колорадода болдық, Аракаджоға да бардық. Колорадодағы олимпиадалық орталықта өткен оқу-жаттығу жиындары ерекше есте қалды. Қайрат Боранбаев сол жақтағы жағдайды көріп, мамандарды Қазақстанда осындай орталық салуға көмектесуге шақырды. Осындай жиыннан соң жеңбеу мүмкін емес еді.

El.kz: Ал мұндай жаста өз бабыңызды сақтау қаншалықты қиын?

Зүлфия Ғабидуллина: Меніңше, мұның бәрі спортқа деген махаббатқа байланысты. Сонан соң тынымсыз жаттығу мен бізге жасалған жағдайдың арқасы. Біз бүгінде үлкен Паралимпиада даярлық орталығында жаттығу жасаймыз. Онда қажеттінің бәрі бар, спортты жалғастыру үшін барлық жағдай жасалған. Тренажерлер, медициналық кабинеттер, мүгедектігі бар адамдарға арналған демалыс орындары бар, одан қалды бәріне шай тегін беріледі – мұндай басқа қайда бар?! Мұнда йогадан жаттығулар, түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Күні бойы сонда жүрген спортшылар бір-бірімен танысады, ғашық болады, отбасын құрады. Олар үшін бұл нағыз өмір ғой.

El.kz: Мұндай мамандандырылған орталық тек Астанада бар, солай ғой?

Зүлфия Ғабидуллина: Өкінішке қарай, әзірге елімізде жалғыз орталық. Алматыда, өзге қалаларда спорттық клубтар бар, бірақ олардағы жағдай мүлде бөлек.

Астанадағыдай орталық еліміздің барлық өңірінде болуы керек. Қазір осындай орталықтың Таразда бой көтеруі үшін әрекет етіп жатырмын. Бұл мәселе ел билігі деңгейінде шешіліп жатыр.

El.kz: Елімізде мұндай орталықтар міндетті түрде қажет дейсіз ғой?

Зүлфия Ғабидуллина: Әрине. Жаттығуға жасалған жағдай – табысқа апаратын жол. Шынымды айтсам, Астанадағыдай жаттығу орталығын өзге қалаларда салуға неге ешкім құлық танытпай отырғанын мүлде түсінбеймін. Мұндай жағдай жасалғалы нәтижелердің қалай өскенін өзіңіз қарап көріңізші. Әрине, мұндай орталық қымбатқа түсетінін білемін, бірақ осыған ұқсас залдар салуға болады ғой. Осыны тездетіп қолға алса екен деймін. Сонда бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізетініміз сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға