Париж олимпиадасына бару арманым еді - Ризабек Айтмұхан
Еркін күрестен үш дүркін әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханды бүгін елордалықтар әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Чемпион БАҚ өкілдеріне сұхбат беру кезінде Париждегі олимпиадасына бару бұйырмағандығын айтты.
1,5 ай ішінде 2 мәрте топ жарғаныма қуаныштымын. Негізі Париж Олимпиадасына бару мақсатым еді. Бірақ бұйырмады. Одан кейін осы 2 әлем чемпионатына дайындалдым. Бұл да оңай емес, - деді Ризабек Айтмұхан.
Сондай-ақ ол әлемдік додада қай елдің балуаны өзіңе қарсылас болғандығын айтты.
Ең қиын қарсылас өзім болдым. Өйткені психологиялық жағынан үлкен жауапкершілік болды. Ал қарсыластардың арасынан финалдағы Иран спортшысы қиынға соқты. Себебі, Иран әлемдегі ең мықты балуандар жиналған мемлекеттердің қатарына кіреді,- деді спортшы.
Айта кетейік, Ризaбек бұған дейін 8 қыркүйекте 20 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында да жеңімпаз атанған еді. Өткен жылы 92 келі салмақта ересектер арасында Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпионы болды.