Жаңалықтар

Париж олимпиадасы: сегізінші жарыс күнінің нәтижелері

Париж олимпиадасы: сегізінші жарыс күнінің нәтижелері
Фото: ©ҚР ҰОК/Сали Сабиров 04.08.2024 02:27 1546

Олимпиада ойындарының сегізінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржыны күміс медальмен толықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спорттық гимнастика

Нариман Курбанов спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлдеге қол жеткізді. Отандасымыз финалда 15.443 ұпай алды. Осылайша, Нариман елімізге спорттық гимнастикадан Олимпиаданың алғашқы медалін сыйлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Милад Карими спорттық гимнастиканың еркін жаттығу финалында 14.500 ұпай жинап, 5-орынға ие болды.

Бокс

Назым Қызайбай (50 кг) ширек финалда Ингрит Лорена Валенсия Викторияны (Колумбия) жеңді. Енді Назым финал жолдамасын Қытай боксшысымен сарапқа салады.

Стенд ату

Стенд атудың скит бағдарламасында әйелдер арасындағы іріктеудің алғашқы жарыс күнінде отандасымыз Әсем Орынбай 67 ұпай жинап, 23-сатыға жайғасты.

Скит бағдарламасының ерлер арасындағы іріктеуде ұлттық құрама спортшысы Эдуард Ещенко 115 ұпай жинап, финалға шыға алмады.

Дзюдо

Дзюдодан аралас командалық сайыста еліміздің командасы Бразилияға жол берді. Есеп: 2-4.

Велоспорт

Ерлер арасындағы топтық жарыста ұлттық құрама спортшысы Алексей Луценко мәреге 52-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 6 сағат, 26 минут 57 секунд. Жеңімпаздан 7 минут 23 секунд қалып кетті. Өкінішке қарай, Евгений Фёдоров жарысты орта жолда аяқтап, мәреге жете алған жоқ.

Олимпиаданың сегізінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға