Жаңалықтар

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 26.03.2024 12:47 4243

Франция астанасы Парижде алауы тұтанатын Жазғы Олимпия ойындарының басталуына да санаулы айлар қалды. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Франция жеріндегі додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Париждегі бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан делегациясының қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензиясы бар (бокс (ерлер) – 6, нысана көздеу – 5, садақ ату – 4, семсерлесу – 4, тас жолдағы велоспорт – 3, қазіргі бессайыс – 2, таэквондо – 2, бокс (әйелдер) – 1, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1, батуттағы гимнастика – 1).

Лицензия санын өңірлер үлесіне бөлер болсақ, Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу облысы үздік нәтижемен көш бастап тұр. Үшеуінің де еншісінде бес жолдамадан бар. Кейінгі орындарға ШҚО (4), Астана қаласы (3), Жамбыл (2), СҚО (2), Ақмола (1), Қызылорда (1), Абай (1), Қарағанды (1) және Түркістан облыстары (1) жайғасқан. Ал қалған өңірлерде Олимпиаданың бірде-бір жолдамасы жоқ.

Айта кетейік, Олимпия ойындарына дейін әлі 50-ден аса лицензиялық жарыс бар. Оның ішінде спортшыларымыз әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және  рейтингтік турнирлерге қатысады.

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға