Парасатты тілдің пұшайман халі
1989 жылы бұрын мемлекеттік мәртебе берілген қазақ тілінің соңғы кезде қолданыс аясы кеңіп, дамуына біраз жағдай жасалғанымен оның қолдану деңгейі бүкіл қазақ қауымын қанағаттандырып отырған жоқ. Күнделікті өмірде мемлекеттік тіл орыс тілінің аударма тілі ретінде қолданылуда. Ірі қалалардағы орта мектептерде ұл-қыздарымыз ана тілдерінде сабақ кезінде ғана сөйлеп, қалған кезде көбіне орыс тілін пайдаланады. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жағдай бұдан да күрделірек. Қазақ тілінің билік орындарындағы дағдарысты жағдайы туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Мысалы, Орталық мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат дайындау 20-30 пайыз болса, жалпы құжат айналымы 45-50 пайыздан аспайды. Бұл ресми ақпараттардағы мәліметтер. Шындығында жағдай бұдан әлдеқайда төмен. Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру үшін «социалистік жарысқа» түсіп, «озып шыққан» облыстардың өзінде формальдылық, көз бояушылық, жоғарыға өтірік ақпар беру басым. Олар қазақ тілін үйрету, қазақ тілді мамандарды көбейту есебінен емес, негізінен аз ғана аудармашылардың күшімен орыс тілде жазылғандарды қазақ тіліне көшіріп мәз болып отыр. Шындығына барғанда аудармашылар қазақша құжаттарды да орысшаға аударып әлек болуда. Өйткені басшылар құрамы қазақша түсінбейді. Сөйтіп ұйымдар мен мекемелерде қостілділікке еркін жол ашылды.
Міне, осындай республикамызда қалыптасқан тілдік жағдайдан шығудың жолын іздестіру біздерді мемлекеттік тіл туралы Заң жобасын жасауға апарды. Мұндай заңдар әлемнің көптеген елдерінде бар. Сонымен мемлекеттік тілге деген жалпы қажеттілікті былайша нақтылай түсуге болар еді:
Біріншіден, бүгінгі ана тілдік ахуал. Осыдан 19 жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің қолданыс аясының қарқынды кеңи алмай отырғандығы. Елбасымыз айтқан, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек деген қарапайым қағида да көпшілігімізді ойландыратын емес.
Екіншіден, Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 - бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп атап көрсетілген. Бұл «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң қабылдауға құқықтық мүмкіндік береді. Осы норма арнайы тіл туралы Заңнан да орын алды.
Үшіншіден, әлемдік тәжірибеден көріп отырғанымыздай, мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасқанда, сайланғанда, азаматтық алғанда және басқа жағдайларда мемлекеттік тілді білу міндетті. Бұны кейбір басшылар қаласын, қаламасын өмірге енеді. Қазақ халқы аман отыратын болса, бұдан басқа жол жоқ.
Төртіншіден, Тіл туралы Заңда мемлекеттік тілдің мемлекет тарпынан қорғалуы мен дамытылуы жөнінде нақты заңдық нормалар болмады. «Тілді мемлекеттік қорғау» деген 23 - бапта «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деген қағида ғана бар. Заң жалпы тіл туралы болғаннан кейін онда мемлекеттік тілге басымдық беру жөнінде нақты айту да қиын еді;
Бесіншіден, Тіл туралы Заңдағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген құқықтық норма шынына келгенде қағаз жүзінде қалды. Мысалы, Парламент саяси сахнаға келгелі бері Үкімет бірде-бір заң жобасын қазақ тілінде ұсына алған жоқ;
Алтыншыдан, тәуелсіздік жағдай халқымыздың ұлттық сана-сезімінің көтерілуіне игі ықпал етіп отырғанымен санасуымыз керек. Сонымен қатар жақын уақытта қазақтардың ел тұрғындарының 70-пайызын құрау мүмкіндігі тілдік кеңістікке күрделі өзгерістер әкелетінін де ескеруіміз қажет;
Жетіншіден, бүгінгі жаһандану жағдайында қазақ тілі орыс және ағылшын тілдерімен бәсекелестікке түсуге мәжбүр болып отыр. Бұл да мемлекеттік тілді құқықтық жағынан қорғау мен қолдау, қолдану және дамытудың мемлекеттік тетіктерін жан-жақты ойластыруды қажет етеді.
Сонан соң қазақ тілі еліміздегі ұлтаралық қатынастардың ұйытқысы, халықтарды топтастырушылық рөлін өзінің рухани мәдениетімен, оның ішінде парасаттылық пен пайымдылықтың тілі - мемлекеттік тілмен жүзеге асырады.
«Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Оның қолданыс аясы барынша ойластырылып, мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап билік орындарына дейінгі жүйені түгел қамтуға тырыстық. Сонан соң Жобада басты назар бірінші кезекте тілдің иесі қазақтардың және диаспора жастарының мемлекеттік тілді меңгеруіне аударылды. Бұл талаптардың бірте-бірте жүзеге асырылуы «Мемлекеттік тілді меңгеру талаптарына көшу туралы» деген арнайы 9 – бапта қарастырылған. Кейіннен мемлекеттік тілді білу талабы барлық азаматтарға қойылады.
Заң жобасының жалпы құрылымында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі құқықтық мәртебесі, мемлекеттік тілдің міндетті түрде қолдану аясы, мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілді меңгеру үшін жағдайлар жасау жауапкершілігі, мемлекеттік тілді құқықтық қорғау және қолдау, «ҚР мемлекеттік тілі туралы» Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері
жан-жақты қаралды. Сондай-ақ осы Заң жобасы қабылданған жағдайда басқа да заңдарды осымен сәйкестендіру сияқты мәселе де күн тәртібіне қойылды.
Тіл туралы Заңның қабылданғаны 10 жылдан асты. Ол кез қиындау кезең болатын. Менің осы күнге дейін есімде орыс ағайындарымыз арасынан сайланған 13 Мәжіліс депутаты орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беру керек деп дауыс бермей қойған болатын.
Сол кезеңнің жағдайы тіл туралы Заңның мазмұнына да, құрылымына да әсер етпей қалмады. Біріншіден, Конституцияның
7- бабының 2 - тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманың тиісінше дұрыс қолданылмауы, сондай-ақ «Тіл туралы» Заңның «Тіл мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында», «Тіл – білім беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласында» және «Тіл – елді мекен атауларында, жалқы есімдерде, көрнекі ақпаратта» деп аталатын ІІ, ІІІ және ІҮ тарауларындағы 27 заңдық норманың 21 - інде «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деген сөз тіркестерімен қатар қажет болған жағдайда басқа тілдерде жүргізіледі» деген норма тәжірибеде қос тілділікке, көп тілділікке алып келді. Қазір Астана көшелерінің аты үш тілде жазыла бастады. Қаланың басшылары шетелдіктер адасып кетеді деп қорқатын сияқты.
Сонан соң осы Заңның «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деген 6–бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтарының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар» деген норма қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің быт-шытын шығарды. Ал «Тілді құқықтық қорғау» деген 23 - баптың «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген аса бір маңызды қағиданың орындалуы жүзеге асыру бір министрліктен екіншісіне ауысып жүргенде Үкімет оны тіпті ұмытып кетті.
Қорыта келгенде, біздерді мемлекеттік тіл туралы Заң жобасын жасауға итермеген осы жоғарыда айтылған жайттар. Бұл қоғамдық сұраныстан туып отыр. Өздеріңізге белгілі, соңғы кезде мемлекеттік «Тіл туралы» Заң жөнінде үлкенді-кішілі жиындарда көтеріле бастады. Ойымыздың нақты дәлелі жақында «Жас Алаш» газетінде жарияланған Алматыдағы ең беделді деген жоғары оқу орындары студенттерінің мемлекеттік тілдің қажеттігі жөніндегі Республика басшыларына өтініші бола алады. Олар: «Отаным, елім» деп есептейтін әрбір азамат үшін қазақ тілін білу парыз болса, мемлекеттік қызметте жүрген тұлғалар үшін – міндет. Әрбір мемлекеттік қызметкер қазақ тілін еркін және жоғары дәрежеде меңгеруі тиіс» - дейді.
Ана тілімізді, әрине, әртүрлі деңгейде, күн тәртібінен түсірмей айтып келе жатқанымыздың сыры тереңде жатыр. Біз ана тілімізді ұмыта отырып, бүкіл ата-бабамыздың асыл мұрасынан, тамаша тағлымды тарихымыздан, сан ғасырлық ұлттық құндылықтарымыздан ада боламыз. Біз тілден айрыла отырып, ұлттық ойлау жүйемізді жоғалтамыз, көсемдігіміз бен шешендігімізден, имандылығымыз бен инабаттылығымыздан, батырлығыз бен батылдығымыздан, дархандығымыз бен жомарттығымыздан айрыламыз.
Мемлекеттік «Тіл туралы» Заң жобасы осыларды шешуге бірден-бір құқықтық амал, әлеуметтік шара, нақты іс-әрекет. Мұнсыз еліміздегі ана тілдік кеңістікте күрделі оң өзгеріс бола қоймайды.
Әрине, Заң жобасында мемлекеттік тілге қатысты мәселелердің бәрін қарастыра алдық дей алмаймыз. Талқылау барысында түскен ұсыныстары мен пікірлері Заң жобасы пысықтай түсетін жаңа ой, жаңа тұжырымдарға жетелері сөзсіз.
//Түркістан,№17(719), 24 сәуір, 2008 жыл.
Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.