Жаңалықтар

Парасат биігіндегі Павлодар

Парасат биігіндегі Павлодар
Фото: El.kz 31.07.2024 21:25 249

Ертістің ерке даласы, шегіне жан жетпеген сұлулық ұғымының Қазақ жеріндегі ең бір ғажап мөрі, шыңырауында сүйрік суарып, шыңына шынар қондырған Павлодар - ұлтымыздың көзінің қарашығы іспеттес. Бір Павлодардың қойнауына Баянауылдың, Жасыбайдың, Әулиебұлақ пен Сарыадырдың, Кемпіртас пен Мырзашоқының, Маралдының қатар қонуы, бір Павлодардың құрсағына Бұқар мен Мұсаның, Мәшһүр Жүсіп пен Естайдың, Малайсары мен Олжабайдың, Жасыбай мен Баян батырдың, Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбектің, ұлт ғылымының қос жұлдызы Қаныш пен Әлкейдің, Потанин мен Багаевтің, Шәкен мен Бекхожиннің қатар бітуі - Жаратқан Иенің ұлы махаббатының дәлелі емес пе?.. Сосын да шығар, бүкіл Қазақтың аңсарының Павлодарға ауып тұратыны!

Бұл Павлодар - Қазақстанның құтқалтасы. Жерінің үсті Қазақтың өзіндей сұлу, келбетті болса, жерінің асты да, Қазақтың ақылындай толысқан, бай. Ел бюджетінің жартысынан көбін толыстыратын бірегей өңір екенін көп адам аңғара бермес, бірақ, расымен солай! Суы - нәр. Көгілдір отын келген қазіргі күнге дейін қыста жаурамаған әрбір үшінші отандас Павлодарға қарыздар, себебі, Қазақстандағы көмір қорының үштен бірі осы өңірге тиесілі. Екібастұз бен Майбөкендегі кеніштердің өнімдерімен теңесетін бағалы шикізат ел түгіл, әлемде жоқтың қасы. “Періштенің өзін жолдан тайдырады” делінетін алтыннан бөлек, халқымыз қыздарына есім ғып қойып жүрген күміс, сонымен бірге, мыс, мырыш, барит, никель мен марганец мәңгілік ел болуға талпынған мемлекетіміздің болашақта да “киер киімі, ішер асы”! Хақ Тағала Павлодарға табиғатты бергенде осылай берген!

Табиғатты берген Құдай талантты бермей қалар деймісіз? Өзі де, сөзі де сурет бұл өңірдің. Ойпырмай, сәні мен әні, ілімі мен ғылымы, өрлігі мен кеңдігі тең, ал, құшағы - Қазақтың өзіндей кең. Жұрты да жайсаң. Алаштың көзінің қарашығын жасқа толтырудан сақтанатыны маған ерекше әсер қалдырады. Тарихтың тамырына балта шабудан, мәдениет пен әдебиетке қастандық жасаудан әсте қаймығады. Сосын да шығар, өткен дәуір, өткен ғасыр төскейінде солайымен тұр. 

Өңірдің қазіргі тыныс-тіршілігі де бірізді. Жалған жүлдеге жанықпайды, артта қаламын деп қамықпайды. Өз жолы, өз сүрлеу-соқпағы бар. Өндіріс десе, өндірісімен озық, өнеркәсіп десе, өнеркәсібімен де алда. Барды жоқ қылатын емес, Алмас Алматовша айтқанда, жоқ деген жерге бардың шырағын алып баратын аймақ. Ұлттық және өңірлік стратегияларға, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауда міндеттеген межелеріне негізделген даму жоспары да үлкен үміт сыйлайды. Өткен жылдың өзінде 730 млрд теңге көлемінде өңірге инвестиция тартылған. Оның 85 пайызы жеке секторға тән қаражат екен. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Былтыр 10 мыңнан аса жұмыс орынын құруға сеп болатын 127 ірілі-ұсақты жоба бүгінгі күні алғашқы нәтижелерін көрсетіп үлгерген. Облысты мінсіз деп айта алмаймыз. Павлодардың атмосфераны ластау бойынша алдыңғы қатарда екені көптен белгілі. Оған себеп те жоқ емес. Бұл - өндірісі қарқынды дамыған ел, өңірлерге ортақ мәселе. Дей тұрғанмен, онымен күрес қарқынды, 2023 жылы аталған көрсеткіштің пайыздық өлшемесі кешенді экологиялық шешімдердің арқасында 2,6 пайызға қысқарған. Осы бағыттағы жұмыстар қарқыны биыл да бәсеңдеген жоқ. 

Парасат биігіндегі Павлодар

Өз кеселін өзі танып, өз жарасын өзі таңып, өзін-өзі толық қамтамасыз етуді мұраты еткен өңірдің ашықтық, нақтылық, жариялылық позициясы қалың көпшіліктің көңілінен шығады. Былтыр экологиялық жағдайлардың әсерінен шығынға ұшыраған ауылшаруашылық иелеріне де молынан қолдау берілген. Екібастұздағы жағдайдың енді қайталанбауы үшін де үлкен әлеует жұмсалуда. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны да Республикаға ортақ бағадан төмен. Ал, аталған тауарлардың 9 түрі бойынша ең төмен бағаны ұстап тұра алуы - өңірдің үлгілеуге болатын тағы бір қыры. Әйтпегенде, бойжеткен қызын ұстап отыра алмау негізгі мәселесі саналатын халқымыздың бүгінгі күнгі ең өзекті мәселесі - баға тұрақсыздығы ғой… Ауыл халқының табысын арттыру бойынша берілген Президент пәрмені де өнімді орындалған. “Ауыл аманаты” жобасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 1,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде, 2023 жылдың өзінде 350 қосымша жұмыс орыны құрылды. Жұмыспен қамту бағдары да жолға қойылған. 63 кәсіпорын 57000 қызметкерінің жалақысын орташа есеппен 16 пайызға көтергені тағы бар. 7 млрд теңгеге жуық қаражатқа 50-ден аса мектептің қайта жөндеуден өтуі, жеке кәсіпорындар қаражаты есебінен апатты мектептер мәселесінің шешілуі, әрине, үлкен үдеріс. Бұл өткен жылдың көрсеткіштері ғана. 

Биыл барлық салада өсім бар, инвестиция көлемі 2 есеге өскен. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105 пайыз деңгейінде тіркелген. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлемінің индексі 105,7 пайызды құраған. Өңір экономикасына 247 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өсу қарқыны - 105,3 пайыз.

Мамыр айында ҚР Үкіметінің отырысында облыс әкімі Асайын Байханов жыл басынан бері аймақтың өңдеу өнеркәсібін дамыту қорытындыларға сүйенсек, жыл басынан бері 621 млрд. теңгеге өнім шығарылған өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалады, өсім - 9,3 пайызды құрады.

Өнім көлемі көлік жасау саласында 47 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісінде 45 пайызға, құрылыс индустриясында 47 пайызға, металлургияда 7 пайызға, мұнай өнімдерін өндіруде 3,4 пайызға және жиһаз өндірісіеде 82 пайызға өскен.

Жалпы сомасы 2 трлн. теңге болатын 50 жобамен жұмыстар жүргізілуде. Бұл 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға және өнеркәсіп өндірісінің көлемін 400 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді екен.

Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 100 млрд. теңгеден асатын 7 жобаны іске қосу жоспарланған. Биыл Екібастұзда «EkibastuzFerroAlloys» компаниясы жылына 240 мың тонна ферросилиций шығаруға қауқарлы ферроқорытпа зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл 800 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Павлодар халқының көңіл-күйі де жақсы сияқты. Өмір сүруге барлық жағдайы жасалған. Жақында бір тұрғынымен тілдескем, “шүкір дейміз, талпыныс бар, бүрынғы кеткен кемшіліктермен жұмыс бар. Әкіміміз осында туған, осында оқыған, осында еңбек жолын бастап, қалыптасып, өскен азамат. Өңір жағдайын түгел біледі, жас, қайратты. Жалпы, жаман емес”,-деді ел жағдайын сұрағанымда. 

Біздегі тілек, халық үшін жасалып жатқан әр бастама байырқалы болса дейміз. Қазақтың жығылмайтын намысы боп тұрған Павлодардың өмірі - біздің өмір! Сол өмір бақты, баянды болса екен! 

Мақсат Дауылбай,
ақын, журналист

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға