Жаңалықтар

Паралимпиада-2024: алғашқы жарыс күнінің қорытындысы

Паралимпиада-2024: алғашқы жарыс күнінің қорытындысы
Фото: t.me/mediaparis2024 30.08.2024 03:30 857

Парижде өтіп жатқан Паралимпиаданың алғашқы жарыс күні өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дүбірлі доданың шымылдығын Қазақстан атынан пара таеквондодан Милана Красавцева (– 52 келі – K44) және волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы ашты.   

Милана Красавцева алғашқы кездесуін Доминикан Республикасының спортшысы Элизабет Геральдо Диасқа қарсы өткізіп, жарыс жолағын жеңіспен бастаған еді.  Негізгі уақыт 8:8 есебімен тең аяқталғанымен, қосымша раундта отандасымыз 10:8 ұпаймен ширек финалға жолдама алды. Финалдық алаңда жұбы 10:8 нәтижесімен басым түсті. Милананың қарсыласы – мексикалық Джессика Гарсия болды. Ол бұған дейін, Токио – 2020 Паралимпиадасында 49 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иегері атанған. Жұбаныш белдесуінде бақ сынасқан Милана мысырлық қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады.

Алғашқы кездесуім жақсы өтті. Өте қуанышты болдым. Алдымен Доминикан Республикасының спортшысымен сынға түскен едім. Ал екінші кездесуімде сәл-сәл тәжірибе жетіспеді. Ештеңе етпейді. Бұйырса, келесі Паралимпиада ойындарында жүлделі боламын. Париж ойындарында бақ сынасу мен үшін үлкен тәжірибе. Жасым небәрі он тоғызда, сондықтан еш мойымай, әрі қарай жұмыс істеуді тоқтатпаймыз, - дейді ол.

Айта кетелік, 19 жасар Милана Красавцева Қазақстан ұлттық құрама сапындағы Париж ойындарына жолдама ұтып алған жас спортшылардың бірі. Жас жауынгердің спорт жолына келгеніне небәрі үш жыл болған. Бұл оның алғашқы Паралимпиада ойындары.

Волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама Париж-2024 Паралимпиадасын жеңіспен бастады

XVII Жазғы Паралимпиаданың топтық кезеңіндегі алғашқы ойынында волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Франция командасын 3:0 есебімен басып озды.

Алғашқы ойында жігіттер барын салды. Матч қарсылас команданың өз жерінде болғандықтан, 2- сетте қобалжу болды. Алайда жігіттер өздерін уақытында жинап үлгерді. Жеңіс құтты болсын! Келесі ойын Паралимпиаданың күміс жүлдегері Босниямен өтеді. Қолдау сезілді. Бүгінгі ойынымызға Қазақстан делегациясынан арнайы Сенат спикері Мәулен Сағатханұлы, Франциядағы Қазақстан елшілігі қолдауға  келді. Өте қуаныштымыз, - дейді бас бапкер Бауыржан Тахауов.

Еске сала кетейік, Париж Паралимпиадаcына 8 команда қатысады және олар екі топқа бөлінген. А тобында Қазақстан, Франция, Босния және Египет ойнаса, ал «B» тобында Иран, Украина, Бразилия және Германия құрамалары бақ сынасады. Қазақстан құрамасының келесі кездесуі 31 тамыз, Астана уақыты бойынша 17:00-де өтеді.

Ал 30 тамызда, Астана уақыты бойынша, ел намысын пара таеквондодан Камила Досмалова сағат 12:39 да, (– 57 келі – K44) және пара жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілқасымқызы 13:30 да ( 100 метр жүгіру)  қорғайтын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға