Жаңалықтар

Пара алған антикор қызметкері 7 жылға сотталды

Фото: Aikyn.kz
Пара алған антикор қызметкері 7 жылға сотталды
09.06.2022 10:38 2079

Атырауда 21 млн теңге пара алған антикор қызметкері 7 жылға сотталды, деп хабарлайды El.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы М-ға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айып тағылған.

«Сотта мына жайттар анықталды: 2021 жылдың сәуір айында сотталушы М-ға «П.П» ЖШС басқарма төрағасы Б-ға қатысты департамент қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені белгілі болған. М. 26 маусымда жәбірленуші Б-мен кездесіп, оған қатысты тексеруді тоқтатуға ықпал ете алатынын айтқан. Департамент пен агенттіктің басшылығы арқылы оның пайдасына оң шешім шығаратынын, бұл үшін 30 млн теңге талап еткен. М сол жылғы 30 маусымда сотталушы жәбірленушімен қайта кездесу кезінде 21 млн теңгеге келіскен. Бұл ақшаны сотталушы М танысынан Б-ның пәтерінен алып кетуін сұраған. Сол күні М-ның танысы жәбірленушінің пәтерінен ақшаны алған», - деп хабарлады қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ақша беру кезінде куәгерді ұстаған. Көрсетілген мән-жайлар және сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен, Whatsapp мессенджеріндегі хат алмасумен, аудио, бейне жазбалармен, сараптама қорытындыларымен расталған.

Сот үкімімен сотталушы  мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сотталушы 5 санатты біліктілік сыныбынан айырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға