Жаңалықтар

Пандус неге биіксің?

Астана қаласында 20 945 мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүреді
Пандус неге биіксің?
Фото: Арман Мухатов 19.05.2017 19:00 12186

Астана қаласында 2017 жылғы санақ бойынша 20 945 мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүреді. Қала әкімдігінің берген статистикасына сүйенер болсақ, бірінші топ мүгедектері – 2 206 адам, екінші топ мүгедектері – 7 828, үшінші топ мүгедектері – 7 054 адам, 18 жасқа дейінгі балалар саны – 3 857.

Қала басшылығының айтуынша Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 19 арнайы жасақталған көліктер қызмет етеді. Осы күнге дейін бұл көмек түріне 457 адам жүгінген. Сонымен қатар, 2017 жылы 17 200 адамға қоғамдық көлікте тегін жүру көмегі, жер үйде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті отын-сумен көмек беру, 1-2 топтағы мүгедектерге тегін тісін протездеу жүргізілген.

Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиісті жағдай жасалмаған. Вице-министрдің айтуынша 2016 жылы қала басшылығы 309 мекемені мүгедек жандарға бейімдеуге уәде берген. Іс жүзінде солардың 132-сі ғана жөндеуден өткен.

Осы ретте El.kz редакциясы Ардақ Отарбаймен бірге қала көшелеріне шығып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүруіне қиындық туғызатын жерлермен танысып қайтты. Өкінішке қарай, заң бойынша жекеменшік мекемелерге арнайы құзыретті органдарсыз тексеріс жүргізуге болмайды. Алайда бұл мұндай мекемелерде барлық жағдай жасалған деген сөз емес.

Біз Ардақ Отарбаймен кездесіп, ол кісіден «Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың жүруіне қиындық туғызатын қандай жерлерді көрсете аласыз» деген сұрағымызға ойланбастан «Хан Шатыр ойын-сауық кешенінің алдындағы жерасты өткелі» деп жауап берді.

Тұран даңғылының бойында орналасқан жерасты өткелінде мүгедек жандардың көтеріліп түсуіне арналып жасалған құрылғы бар екен. Алайда бұл аппараттың тот басып тұрғанына бірнеше жыл болған. Бұл пандус тек қана мүгедек жандарға ғана емес баласын көтерген аналарға да аса ыңғайыссыз екенін байқадық.

Ардақтың айтуынша, қалада таудай пандустар жетіп артылады. Солардың бірі Самал ықшам ауданында орналасқан жерасты өткелі. Біз «Рамстор» супермаркетінің алдындағы жерасты өткеліне келдік. Ары қарай суреттер сөйлесін.

Мүмкіндігі шектеулі жандар қаланың барлық ғимараттарын арнайы құрылғылармен жабдықтауды сұрамайды. Олардың бар тілегі осыған дейін салынған пандустарды стандарттарға сай етіп қайта жөндеуден өткізу, тым биік жол жиектемелерін аласарту және арбаға шегілген жандарды көтеретін құрылғылардың санын көбейту.

Қала басшылығы біздің тілегімізді естігендей Конгесс-Холл ғимаратының алдындағы жерасты өткелін жөндеуді бастап кетіпті. Астана қаласы әкімдігі Баспасөз қызметінің басшысы Эльвира Жургенбаева жыл соңына дейін 700-ден астам нысан арнайы тексерістен өтіп, кем-кетіктер болса, түзелетін болады деп сендірді.

Қаланы аралап жүріп, мемлекеттің қолдауынсыз-ақ өз күштерімен мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаған кәсіпорындарды байқауға болады. Солардың бірі Әлихан Бөкейхан көшесінің бойында орналасқан той салоны. Арбамен келген адамды көтеріп кіргізетін құрылғысы бар той салонының ұжымына әлеуметтік жауапкершілігі үшін алғысымызды жаудырдық.

Мүмкіндігі шектеулі жан той салонына кедергісіз кіре алғанымен білім ордасы есептелетін Ұлттық кітапханаға кіруі қиындау болары сөзсіз. Мекемеде мүгедек жандарға арналған жеке пандус болғанымен, белгісіз себептермен ол әзірге жұмыс жасамай тұр.

Сонымен, жоғарыда көрсетілген проблемалар қашан шешімін табады? Осынша уақыт бойы жұмыс істемей тұрған немесе стандарттарға сай келмейтін пандустардан қай уақытқа дейін толығымен жөнделіп бітеді? Өткен жылы әкімдік осындай ғимараттарға 12 тексеріс жүргізіп нәтижесінде 1,3 миллион теңге айыппұл салған. Биылдың өзінде 7 тексеріс жоспарланып отыр.

El.kz редакциясы жыл соңында қаланы міндетті түрде тағы бір рет аралап, жасалған жұмыстар мен ескерілмей қалған ғимараттар туралы жазатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға