Пандемиядан кейін психикалық ауытқуы бар балалар көбейді - Аймағамбетов
![Пандемиядан кейін психикалық ауытқуы бар балалар көбейді - Аймағамбетов Пандемиядан кейін психикалық ауытқуы бар балалар көбейді - Аймағамбетов](/storage/storage/element/2025/02/12/mainphoto/142140/1200xauto_2hGEeBbvdP1ExM5ahSJDAjgOAF2tVICthGvj2y6j.png)
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Лифтідегі мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі азаматтар жауапкершілікке тартылады деп сеніммен айта аламыз. Болашақта мұндай жағдай болмауы үшін кешенді шаралар қабылдануы керек. Біріншіден, ерте анықтау. Екіншіден, бақылау. Үшіншіден, тиісті қолдау көрсету. Бізде мұндай азаматтар көп. Өкінішке қарай, мұндай балалар аз емес. Жауапкершілікке тартумен бұл проблеманы толықтай шеше алмаймыз. Мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмысы, денсаулық сақтау саласында психиатриялық қызметтің жұмысы, университеттерде әлеуметтік қызметкерлерді дайындау мен олардың жұмысын жетілдіру бойынша мәселені көтеріп жатырмыз, - дейді депутат.
Мәжілісмен психикалық ауытқуы бар балалардың отбасына әлеуметтік қолдау қажет екенін атап өтті.
Мәжіліс былтырғы жылы арнайы психологиялық қызметті жетілдіру бойынша арнайы заң дайындау туралы мақсат қойған едік. Қазір осы заңды Парламентаризм институтымен бірге дайындап жатырмыз. Сонда нақты кешенді шешімдерді ұсынатын боламыз. Мұндай отбасылар қосымша ақпараттық қолдауды, сүйемелдеуді, әлеуметтік қолдауды қажет ететіні сөзсіз. Әлеуметтік желіде ешқандай білімі жоқ, тиісті курстардан өтпеген психологтар қаптап кетті. Оларды сертификациядан өткізіп, бақылап, мониторинг жүргізу керек, - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Сондай-ақ елімізде ауытқуы бар балалардың көбейгені жасырын емес екенін айтады.
Зерттеулерге қарасақ, пандемиядан кейін бізде психикалық ауытқулар күрт өскен. Әлеуметтік желілер мен смартфонның ықпалы да бар. Әсіресе, қыз балаларға әлеуметтік желінің кері әсері бары нақты жазылған арнайы кітап шыққан. Азаматтарымыздың психологиялық денсаулығын қолдау үшін кешенді жұмыс жүргізуіміз керек, - деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде елордадағы тұрғын үйлердің бірінің жеделсатысында жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы видео тарады. Астана қалалық Полиция департаменті растады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)