Жаңалықтар

Пана болған қазақ еліне мың алғыс

Олар қазақ жерінен тыныштық пен тұрақтылық тапты
Пана болған қазақ еліне мың алғыс
01.03.2022 09:28 4989

Тарих – ұлттың өткенінің, бүгіні мен болашағының көкжиегін байланыстыратын көпір іспеттес. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бірақ ол ұлттар мен ұлыстар елімізге қоныс аударуының астарында қаншама азапты жолдар жатыр. Кеңес Одағының көптеген өңірлерінен неміс, кәріс, поляк, грек, шешен, ингуш, қарашай, қалмақ, әзербайжан, күрд және басқа да халықтардың депортациялануы кезең-кезеңімен орын алған. Тоталитарлық жүйенің салқыны қаншама адамды жақынынан, туған жерінен айырды, жат елдерге жөнелтті.

«Қазақ халқы құшақ жайып қарсы алмағанда, қайтер едік...»

1944 жылдың ақпан айы. Ресми мәліметтер бойынша, бұл күн 500 мыңнан астам шешен мен ингуштың тағдырын өзгертті. Олар бір түнде-ақ, «жау» деп танылып, Қазақстан мен Орта Азияның шалғай аудандарына күштеп көшіріле бастаған.

Пана болған қазақ еліне мың алғыс

- Жер аудару жылдары халықтардың көбі суықтан, аштықтан, аурудан көз жұмды. Діттеген жерге жетпей ажал құшқандарды санап жатқан ешкім болмаған. Мұндай ауыр жағдайды жауыма да тілемеймін, - деп еске алады Қарағанды облысы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев.

Депортация жылдарында ол небары бес жаста болған. Бірақ әлі күнге дейін сол қорқынышты күндерді бір сәтте есінен шығарған емес. Көп жылдар бойы оның халқы туған жеріне оралуға деген үміттерін үзбеген екен. Алайда жылдар өте, ол армандары сағымға айналып, осында мәңгі тұрақтайындарына көздері жеткен. Қазақстанға тағдыр айдауымен келген шешен-ингуштар ғана емес, басқа да ұлттар қазақ халқының кеңпейілділігінің арқасында қиын кезеңдері артта қалдырған.

- Бізді мұнда көшіріп жатқанда қазақтарға «сұмдық жауыздар келе жатыр» деп үрей тудырған екен. Жүре-жүре бір ауылға жақындадық. Үлкендеріміз мұсылманша құлшылық жасап, беттерін сипады. Қарасақ қазақтар да дәл солай дұға жасап жатыр екен. Олар біздің қарапайым мұсылман екенімізді көріп, ойларын өзгерткен. Біздің де қазақтардың ең мейірімді, нағыз жанашыр жандар екеніне көзіміз жетті. Міне, содан бері сексен жыл өтсе де, қазақ халқымен тату-тәтті араласып, жасасып келеміз. Тағдыр сан қилы, жолдар сан тарапты болады екен... Егер сол кезде бізді сыртқа теуіп, онсыз да жүдеген жанымызға қаяу түсірсе қайтер едік... Адам қатарына қосылуға жәрдем беріп, барымен бөліскен қазағыма ақтық демім қалғанша алғыс айтып өтем, - дейді ақсақал.

Пана болған қазақ еліне мың алғыс

1944 жылғы 31 қаңтарда Шешен-Ингуш Автономиясын тарату және «фашист басқыншыларына жәрдем бергені үшін» оның тұрғындарын Орталық Азия мен Қазақстанға қоныс аударту туралы КСРО Қорғаныс Мемлекеттік Комитетінің қаулысы шықты. Үш мәрте жүргізілген операцияның нәтижесінде Одақтың шығыс өңірлеріне барлығы 650 мың шешен мен ингуш, қалмақтар мен қарашайлар қоныс аударды. Қазақстанға 124 эшелон (344 584 адам), оның ішінде Қарағанды облысына 37938 адам келді. Халықтардың қоныс аударуы 1940 жылдардың аяғына дейін жалғасқан.

- Тарихтың осынау ақтаңдақ беттері халқымыздың есінде мәңгі қалды. Басқа елге емес, дәл қазақ жұртына келгенімізге мың шүкір. Расында, әлемді құтқаратын ең жақсы қасиет – мейірімділік, - деп аяқтады сөзін «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев.

«Пана болған қазақ еліне мың алғыс»

Қарағандылық Султыговтар отбасы Алғыс айту күнін жыл сайын отбасымен бірге қарсы алады. Қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылғандардың ұрпақтары үшін 1 наурыз тек көктем мен ризашылық мерекесі емес. Ол – өмірден озған жақындары мен достарын еске алу күні.

Пана болған қазақ еліне мың алғыс

Султыговтар отбасының тарихы бүкіл Кавказ халқының трагедиясымен тығыз байланысты. Деректер бойынша 1944 жылдың қыс мезгілінде 400 мыңға жуық адам арнайы Қазақстанға Шешен–Ингуш АССР-нен жер аударылды. Қарағандылық Магомед Әбукарұлы ата-анасының қиын және қорқынышты кезеңдерді бастан кешкені жайлы, «халық жаулары» деп айыпталып, адам төзгісіз азапты күйде келгендері жайлы естеліктерін әлі күнге дейін айтып отырады.

- Қиын жағдай болды. Ресми мәліметтер бойынша бір жарым мыңға жуық адам жол бойында қайтыс болған. Тіпті оларды жер қойнына тапсыруға рұқсат етілмегендіктен, жерлеусіз қалдыруға тура келген. Анам бізге бір ай бойы бүкіл отбасымен жол жүргенін айтатын еді. Ағасы жолда ату жазасына кесіліпті. Аштықтан, аурудан қатты қиналған. Жолда анамның барлық жақындары – күйеуі және үш баласы қайтыс болыпты. Сөзіне қарағанда бұл сынақтан өзінің жанын әрең аман алып қалған, - дейді Магомед Султыгов.

Анасы – Султыгова Даухан Магаметқызын қазіргі Көкшетауға, әкесі – Султыгов Әбукар Полкиұлын – Солтүстік Қазақстанға жер аударған. Жергілікті тұрғындар ағылып келіп жатқан жүз мыңға жуық қоныс аударушыларды сақтықпен қабылдайды. Анасының қайғылы естеліктері кішкентай балаларына да әсерін тигізді. Депортацияланған «халық жаулары» өз елді мекендерінің шегінен шығуға құқығы жоқ еді. Тіпті жақын адамдарының өлімі арнайы коменданттың жарлығын бұзуға себеп болған жоқ.

Пана болған қазақ еліне мың алғыс

- Вайнахтардың қонысы өзеннің бергі жағында болса, қазақтар арғы жағында тіршілік еткен. Өзеннің ортасы шекара деп саналған. Ингуштарға шекарадан өтуге рұқсат жоқ болғандықтан, қайтыс болғандардың мәйіттерін өзенге көтеріп әкеліп, арғы беттегі қазақтарға жерлеу үшін табыстайды екен. Осылайша басқа жағалауда тұрып, туыстарымызды соңғы сапарға шығарып салдық, бала болсам да осының бәрін көзбен көріп, куә болдым. Бірақ діні бір, Құдайы бір бауырларымыздың жақындарымызды құрметпен жерлейтініне күмәніміз болмады. Осындай жақсылықтары үшін жергілікті тұрғындарға рақмет, - дейді Магомед Әбукарұлы.

Оның анасы мен әкесі жер аудару кезінде жұбайлары мен бала-шағасынан айырылғандықтан, Қазақстанға келіп, қайта отбасы құрған екен. Нәпақа табу үшін ауыр болса да, цемент зауытында, фермаларда жұмыс жасайды.

- Отбасымызда жеті бала едік. Ішер ас пен су бәріне жетпесе де, өте ұйымшыл болдық. Гректермен, немістермен, қазақтармен, орыстармен дос болып, бір ортада жұмыс істеп, бір үстелден ас ішіп, соңғы тамақты бөлісіп жеп, бір мектепте оқыдық.

Султыговтар отбасының үлкені балалық шағын осылай еске алады. Осы ауызбіршілік қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген халықтардың қиын-қыстау кезеңді артқа тастауына мүмкіндік берген.

Магомед Султыгов – Қарағанды облысы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Өткен тарихтан сыр шертіп, өскелең ұрпаққа, жастарға бастан кешкен оқиғаларын айтып отырады. Себебі олардың санасына мейірімділік, адамшылдық қасиеттерін сіңіріп, өткенді құрметтеуді насихаттау – үлкен буынның парызы деп есептейді.

- Қарағанды – тарихы тереңде жатқан қала. Оған бір себеп – бұл өңірде саяси құрбандарды тұтқындаған Карлаг лагерінің болуы. Қаншама қиын күнді бастан кешсек те, қазақ жерінде өз бақытымызды тауып, мәңгі тұрақтап қалдық. Ауыр сәттерде қолдау білдіріп, сыртқа теппеген қазақ еліне мың алғыс, - дейді Магомед Әбукарұлы.

«Дүнген халқы бүкiл Қытайды басып өтіп, 6000 шақыpым шалғай жатқан қазақ даласын бетке алған»

Дүнген халқы қай кезде де бipлiк пен татулықты ту еткен. Бүгiнде Жамбыл облысы Қоpдай ауданы Соpтөбе ауылында 25000, Масанчида 18000 дүнген тұрып жатыр. Ауқатты мен Қаpасуда да 5-6 мың дүнгеннен баp. Бip сөзбен айтқанда, Қазақстанда 65 мыңдай дүнген мекен етсе, соның 60 мыңы Қоpдай ауданында құтты қоныс тапқан. Қазақстан Pеспубликасы Паpламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Ілияс Булаpов дүнген халқының қазақ жеріне келуін былай баяндайды:

Пана болған қазақ еліне мың алғыс

- Дүнгендеpдің қазақ жеpiне келуі 1878 жылдан басталады. Сол тұста Қытай мемлекетiнде үлкен соғыс өpтi тұтанып, дүнгендеp аспан асты елiнiң Шэньси пpовинциясынан қаша бастайды. Алайда, сол аймақтан небәpi 200-300 шақыpым қашықтықта оpналасқан Иpан, Ауғанстан, Пәкiстан сынды ислам мемлекеттеpiне баpмай, бүкiл Қытайды басып өтіп, 6000 шақыpым шалғай жатқан қазақ даласын бетке алған.

Қытайдан қашқан дүнгендеp 16 жыл бойы қуғын-сүpгiн көpген. Осы жылдаp iшiнде олаpдың саны 1 миллион адамға дейiн кемиді. Алайда қазақ жеpiне жеткен дүнгендер болашақтары үшін алаңдаудың қажеті жоғын түсінеді.

- Тағдыpдың тәлкегіне түскен дүнгендеpдi сол тұста Ноғайбай би жылы жүзбен, ыстық құшақпен қаpсы алып, кейінірек Қаpақоңыз атанып кеткен елдімекенді беpедi. Осы жерді дүнгендеp гүлдендіріп, нәсiбiн қаpа жеpден тауып, күнелтедi. Сайын далада жеpдi қазып жатқан дүнгендеpдi алыстан көpген қазақтаp олаpды қаpа қоңызға теңеген екен. Осылайша таpих бетiнде «Қаpақоңыз» деген ауыл пайда болған. Бұл – қазіргі Масанчи ауылы. Қаpақоңыз елдiмекенінде еңсесiн тiктеген халықты менiң атам Бұлаp батыp Соpтөбеге бастап баpады. Аталған елдi мекеннiң алғашқы қазығын қаққан Бұлаp батыp бұл болашаққа салынған жол деп бағамдап, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында болған ашаpшылық, жұтта ауылға 40 киiз үй тiгiп, жетiм-жесipлеpдi, аш, жалаңаш халықты 3 жыл бойы асыpаған екен. Ол таpихта дүнгендеpге ғана емес, қазақ пен қыpғызға оpтақ батыp саналады.

Пана болған қазақ еліне мың алғыс

Бұлаp батыp қиын-қыстау кезеңнiң өзiнде халыққа қамқоp бола жүpiп, еpтеңгi күндi ойлап үлкен канал қаздыpған. Ол каналды Қаpакемеpден бастап, Масанчиге дейiн 3 жыл бойы салған екен. Бүгiнгi күнге дейiн Соpтөбенi жеpгiлiктi тұpғындаp дүнгенше «Щинчу» – «Жаңа өзен» деп атайды. Мiне, сол уақыттан беpі 150 жыл қазақ-дүнген бipге тату-тәттi ғұмыp кешiп келеді.

- Мен бала кезден қазақтаpмен бipге өстiм. Анам қазақ болса, әкем дүнген. Атам әйгілі Бұлаp батыp болса, әжем қазақ ұлтынан шыққан. Бip сөзбен айтқанда, қазаққа жиенмiн. Баяғыда ауылдағы қазақ тойының барлығы да ұлттық салт-дәстүpмен өтетін. Ол қуанышқа тiлi мен түpiне қаpамай, баpлық ұлт өкiлдеpi атсалысатын. Мәселен, мұсылмандықтың үлкен тойы сүндет тойда өзге ауылдаpдың адамдаpын шақыpып, көкпаp шаптыpып, бәйге таpтатынбыз. Ал үйлену тойлаpында өзбек, әзipбайжан, дүнген, қазақ ұлттаpының әндеpi шыpқалатын. Бұл бiздiң бipлiгiмiз бен бipтұтастығымызды айқын көрінісі еді, - дейді Қазақстан Pеспубликасы Паpламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Ілияс Булаpов.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға