Жаңалықтар

Пәтерді жалға алғанда нені білу керек?

Бұл процедура сонымен қатар жалдаушылардың да, жалға берушілердің де құқықтарын қорғауды күшейту үшін қосымша шара ретінде қызмет етеді.
Пәтерді жалға алғанда нені білу керек?
29.09.2022 00:28 4355

Соңғы уақытта тұрғын үйді жалдау құнының өсуіне қатысты шағымдар көбейіп келеді. Осыған байланысты Әділет министрлігі бірқатар мәселені түсіндірді, деп хабарлайды EL.KZ.

Тұрғын үйді жалдау-мүліктік жалдаудың бір түрі. Азаматтық заңнамада шарттарды, оның ішінде мүліктік жалдау шарттарын жасасудың, өзгертудің және бұзудың жалпы талаптары белгіленген. Мүліктік жалдау шартының барлық елеулі талаптарын, оның ішінде жалдау құнын, мерзімін тараптар өзара келісім бойынша дербес айқындайды - делінген түсіндірмеде.

Тұрғын үйді жалдау шарты жазбаша түрде жасалады.

Шарттың барлық елеулі талаптары, сондай-ақ оларды өзгерту тәртібі алдын ала айқындалуы тиіс. Жалға берушінің бастамасы бойынша шартты біржақты тәртіппен бұзуға заңда айқындалған жағдайларда ғана жол беріледі - делінген хабарламада.

Осылайша, Азаматтық кодекстің 556-бабына сәйкес жалға берушiнiң талабы бойынша мынадай жағдайларда:

1) егер жалға алушы мүлiктi шарт талаптарын немесе мүлiктiң мақсатын елеулi түрде бұзып, жалға берушiнiң мұндай iс-әрекеттi тоқтату туралы жазбаша ескертуiне қарамастан пайдаланса;

2) егер жалға алушы қасақана немесе абайсызда мүлiктi елеулi түрде нашарлатса;

3) егер жалға алушы мүлiктi пайдаланғаны үшiн шартта белгiленген төлем мерзiмiнiң өтуi бойынша екi реттен астам төлем жасамаса;

4) егер жалға алушы жалға алу шартында белгiленген мерзiмде мүлікті күрделі жөндеуден өткізбесе, ал ол шартта көрсетілмеген жағдайда - заң актiлерiне немесе шартқа сәйкес күрделi жөндеу мiндетi жалға алушыға жүктелген жағдайларда, оны қисынды мерзiмде өткiзбесе, мүлiктiк жалдау шарты бұзылып, мүлiк жалға берушiге қайтарылуы мүмкiн.  

Жалға берушi жалға алушыға өз мiндетiн қисынды мерзiмде орындауға мүмкiндiк берiлгеннен кейiн ғана шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды талап етуге құқылы. Егер жалға беруші жалға алушыға жалдау ақысын көбейтуді міндеттесе, мұндай өзгеріс шартта белгіленген тәртіппен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалға беруші шарттың талаптарын біржақты тәртіппен өзгерткен болса, оның ішінде тұрғын үйді жалға алу бағасын көтерген және шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда, шарт ауызша нысанда жасалған болса да, бұл мәселелер сот тәртібімен шешілуге тиіс - дейді әділет мамандары.       

Тұрғын үйді ұзақ мерзімге (1 жылдан астам) жалға алатын азаматтарға қатысты заңнамаға сәйкес мұндай шарттар «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ (ХҚКО) тіркелуі тиіс екенін атап өтеміз. 

Бұл процедура сонымен қатар жалдаушылардың да, жалға берушілердің де құқықтарын қорғауды күшейту үшін қосымша шара ретінде қызмет етеді.

Жылжымайтын мүлікті жалға беру кәсіпкерлік қызмет болып табылады. Тұрғын үйді заңсыз жалға бергені және салық төлеуден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (ӘҚБтК-нің 463-бабы 15 АЕК-тен бастап).

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін екінші деңгейлі банктер негізінде жасалған әртүрлі қосымшаларды пайдалануға болады.

Тұрғын үйді жалға алу мәселелері бойынша заң кеңесін алу үшін Сіз «119» нөмірі бойынша Әділет министрлігінің тәулік бойы тегін құқықтық ақпараттық қызметіне, сондай-ақ өңірлік адвокаттар алқалары мен заң консультанттары палаталарына жүгіне аласыз- дейді мамандар.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға сәйкес құқықтық консультация беру келесі тұлғаларға мемлекет есебінен тегін көрсетіледі:

- Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;

- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;

- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға).

Әділетмині өз тарапынан барлық адвокаттық қоғамдастық пен заң консультанттары қауымдастығын осындай жағдайға тап болған барлық азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге шақырады. Қорытындылай келе, Әділетмині нарықтың барлық қатысушыларына, оның ішінде жалға берушілерге бір сәттік жеке пайданы бірінші орынға қоймауға, азаматтық құқықтық қатынастардың қатысушылары ретінде адалдық қағидатын басшылыққа алуға шақырады - дейді мамандар.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға