Жаңалықтар

Қозыбайға жақын жандар

Ақанға осы өлеңі үшін Қозыбай да, оның ұлдары да алғыс айтып, сыйлық берген. Әрине, біздің қолға бұл өлеңнің толық нұсқасы түскен жоқ.
03.09.2014 09:53 2800

Қозыбай 1912 жылы – тышқан жылы көктемде ауырып, содан сол жылы қазан айының ортасына дейін қатты науқастанып, ақыры балалары, үлкен немерелері  күймелерге үш аттан жегіп, әр елден емші, балгер жинап әкеп, әкесін емдетеді. Қозыкеңді дәрігер де қарайды. Ақыры тышқан жылы қазан айының ортасында жасы тоқсан бірден асқан кәрілігіне қарамастан, атақты шешен өлім аузынан қалады. Сырт елге «Қозыбай шешен қайтыс болып кетті» деген лақап та тарайды. Ол лақаптың бекер екендігін айтып Қозыбайға жанашыр адамның бірі әрі оның ұлдарының досы, белгілі әнші­ақын Жақсылық Қарауыл Ақан сері Қорамсаұлы (1843­-1913) төмендегіше өлең шығарады:

 

Өткені Ер Қозыкеңнің бекер еді,

Жайлауы Бозшакөл мен Мәтен еді.

Есілдің бүгілісін таңдап алып,

Өзіне жайлы қыстау еткен еді.

 

Заты оның Ашамайлы Керей еді,

Керей мен Уаққа ортақ мерей еді.

Қартайса да қазы боп жүрді сабаз,

Қазақтың баршасына бірдей еді.

 

Қозыкең жең ұшы емес, жаға болды,

Жетім-жесір, міскінге пана болды.

Керейдің Таузарынан шықса-дағы,

Төрт болыс ел Уаққа аға болды.

 

Ел айтпас Қозыкемді еді-ау паң деп,

Қарадан айтар едім шыққан хан деп.

Бетімнен келгенімде қаққан емес,

Өзімді еркелеткен Ақанжан деп.

 

Өзінің ұлдарынан кем көрмеуші еді,

Мені жынды дегенді жөн көрмеуші еді.

Сан қашқанды қорғаған бәйтерегім,

Пендені жауға ұстап еш бермеуші еді.

 

Өтті деп Қозыкеңді қате естіп,

Қайғыдан жұрттың есі кетіп еді.

Арыстан қартайса да тез жазылсын,

Халыққа жақсылығы өтіп еді.

 

Кезінде Ақмолла ақын паналаған,

Кем-кетік қорған көріп жағалаған.

Үш жүздің шешендері бас қосқанда

Бәрі де Қозекемді ағалаған.

 

Ақанға осы өлеңі үшін Қозыбай да, оның ұлдары да алғыс айтып, сыйлық берген. Әрине, біздің қолға бұл өлеңнің толық нұсқасы түскен жоқ.

Қозыбай 1868­1870 жылдары Орынбор базарына барып жүргенде сондағы жаңа ұлықтармен тіл тауып сөйлесіп, оларға астыртын сыйлық беріп, өзі туралы  жазылған  қаралаушы материалдың көпшілігін жойғызған көрінеді. Өйткені, 1898 жылы күзде Қозыбайды айыптау кезінде оны қаралап жазылған документтердің басым көпшілігі Орынбор ұлықтары кеңесіндегі архивтерден табылмаған. Оның үстіне оқиға ескірген. Сондықтан да Қозыбай мен оның ұлдары, нөкерлері каторгаға кесілмеген.

Қозыбайдан көп жақсылық көріп, оған жетім кезінде паналаған адамның бірі Уақ Ысқақ Сәлібайұлы жыршы екен. Қозыбай оны медресеге оқуға беріп тәрбиелеп, Қызылжардан медресе бітіріп келген соң оған келіншек әперіп, алдына мал салып, оны жеке отау үй қып шығарады. Өзіне Ысқақты әрі өкіл іні, әрі шәкірт, әрі ақын етіп, оны Нәупілұлы шешен қасына ертіп жүріпті.

Қозыбай 1912 жылы қатты ауырып, сол жылдың қазан айының бас кезінде өлім күтіп жатқанда ер үшін қатты қайғырып, күйзелген адамның бірі де сол Ысқақ Сәлібайұлы екен. Қозыбайдың басында отырған ақын Ысқақ: «Жас бала кезімде ата­анам бірдей қайтыс болып, панасыз  қалдым. Сол шақта әке орнына әке, аға орнына аға боп, мені біресе ұлыңыздай, біресе ініңіздей көріп, асырап сақтап, әуелі ауыл молдасынан, онан соң Болатнай, Қызылжар медреселерінен оқытып, адам етіп едіңіз. Онан соң келіншек әперіп, басыма үй тігіп, алдыма мал салып, отау етіп шығардыңыз. Ақыры ақыныңыз, шәкіртіңіз болдым. Бұл жақсылығыңызды екі дүниеде де менің қайтаруға шамам келмейді. Жолыңызға жаным құрбан!» – деп солқылдап жылап  жібереді.  Сонда ем  алып,  шамалы  әл  жиған  Қозыбай  шәкірті  Ысқаққа  қарап жатып: «Мен дүниеден өтсем, маған арнап жоқтау өлең шығаратын ақындардың бірі – сенсің. Ал, сонда шығаратын жоқтауыңды қазір шығарып айтшы, шырағым! Өз құлағыммен естиін!«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, менің ауруымның жартысы кетіп, сенің жоқтау өлеңіңнен бойым жеңілденіп, дерттен айығар ма екем?!» – депті.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға