Жаңалықтар

Өзге ел азаматтығынан бас тартқан қазақ спортшылары

Елін сүйген патриоттар!
Өзге ел азаматтығынан бас тартқан қазақ спортшылары
17.04.2017 11:24 7629

Талантты спортшыларға таласатындар көп. Кей сайыстағы сәтсіз өнері, құрама сапынан абайсызда шығып қалуы секілді келеңсіз жәйттерді бақылап отыратын өзге елдер сағы сынған спортшыға демеу көрсетіп, бірден өз мемлекеттеріндегі жағдайдың жақсы екенін мәлімдеп, алып кетуге дайын тұрады. Немесе керемет сыйақы мөлшерін айтып, спортшының санасын улауға тырысады. Десек те, сырттан келген қаншама ұсынысқа қарамай, қазақ елінің көк туын желбіретіп жүрген спортшыларымыз жетерлік.

Геннадий Головкин

Головкин 2004 жылы Афиныда жалауы желбіреген Олимпиаданың финалында ұтылып,  әуесқой бокстағы алғашқы сәтсіздігіне ұшыраған болатын. Осыдан кейін-ақ, қазақстандық боксшыға сырт мемлекеттер көз тігіп, өз қатарларына қосуға ұсыныстар жасай бастады.

Боксшы бір сұхбатында: «Шынында маған азаматтық ұсынған мемлекеттер болды. Егер азаматтық өзгертсем, келесі Олимпиаданы жеңу мүмкіндігі мен әлем чемпионатын бағындыру оңай болар еді. Мен өзім туып-өскен, тусықандарым тұратын Отанымды сатып кете алмадым. Сол үшін кәсіпқой боксқа кеткенім дұрыс деп шештім» – дейді.

Илья Ильин

Допингтің кесірінен спорттық ғұмырын аяқтауға тура келген Ильиннің аты төтркүл дүниеге мәшһүр тұста Англия мен Греция мемлекеттері үлкен көлемде ақша ұсынып, спортшыдан азаматтығын ауыстыруын сұраған. Бұл туралы ол өз сұхбатында мәлім еткен еді. «Мен өз елімнің патриотымын. Ешқашан ешқайда кетпеймін!» – деген болатын Ильин.

Қайрат Әшірбеков

Бүгінде «Ордабасы» сапында өнер көрсетіп жүрген Қайрат Әшірбеков 2007 жылдары «Ақтөбе» футбол клубының капитаны ретінде, жарқын ойындарымен көзге түсіп, ақтөбеліктермен бірге екі рет ел чемпиондығын жеңіп алған еді. Сол жылдары Әшірбековке Ресей прьемер-лигасынан шақырту түседі. Бірақ, олар Қайраттан ел азаматтығын міндетті түрде ауыстыруын өтінеді.

Шымкенттің тумасы бұл ұсыныстан бас тартып, еліміздің доп додасында қалды.

Денис Тен

Олимпиада ойындарының қоласына қол созған, әлем біріншілігінің күміс және қола жүлделерін қанжығаға байлаған, төрт құрлық біріншілігінің, Универсиада мен қысқы Азия ойындараның чемпионы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өз құрамаларынан Канада және Ресей көргісі келіп, азаматтық ұсынады.

Дегенмен, Алматыда дүниеге келген талантты спортшы қазақ елінің атынан сынға түсуін жалғастырып келеді. Ол – өз елінің нағыз патриоты!

Элизабет Тұрсынбаева

Мәскеу қаласында дүниеге келген қазақ қызы жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиадалық ойындарының жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Үстіміздегі жылы өткен әлем чемпионатында үздік ондықтың қатарынан табылып, осы спорт түрінің жеке қыздар бағдарламасы бойынша 2018 жылы өтетін Олимпиадаға ел тарихында алғаш рет жолдама алды.

Жас мәнерлеп сырғанаушыға көз тіккен елдер болып жатты. Десек те, Элизабет ешкімнің ұсынысын қабыл алмай, қазақ елінің көк туын желбіреткісі келеді.

Юлия Галышева

Әлем чемпионатының күміс және қола медаль иегері, Универисада ойындарының екі дүркін чемпионы, қысқы Азия ойындарында қос алтын еншілеген Юлия 2014 жылы өткен олимпиада ойындарындағы сәтсіздігі үшін басқа елге ауысуы мүмкін деген қауесеттер шыққан еді. Расында да, Галышеваны АҚШ пен Канада өз қатарынан көргісі келген.

Юлия бүгінде Қазақстан намысын қорғап жүр. Өскемен қаласында туған ол өз елін тастап кетпек емес.

Зарина Дияс

Күні кеше Қытайда өткен ITF турнирінің жеңімпазы атанған Зарина бала кезінде отбасымен Чехияға қоныс аударып, теннис әліппесін осы Еуропа елінде үйрене бастайды.

Оның  ITF рейтингінде ең үздік көрсеткіші - 31 орын. Заринаға осы спортты кәсіби үйреткен Чехия өз азаматтығын ұсынған еді. Қаны қазақ қыз бұл мемлекеттің атынан сынға түскісі келмейтіндігін мәлімдеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға