Жаңалықтар

Өзге елдерде Жеңіс күніне берілетін біржолғы төлем мөлшері қандай?

Өзге елдерде Жеңіс күніне берілетін біржолғы төлем мөлшері қандай?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 09.05.2024 11:19 831

Биыл Жеңістің 79 жылдығы атап өтіліп жатыр. Жеңіс күні ­ соғысқа қатысқан 1 миллион 200 мың қазақстандықты, олардың табандылығы мен қаһармандығын, сондай-ақ тылда еңбек еткендердің еңбектегі ерен ерлігін еске алу.

Бұл жеңіске аға буынның – аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың теңдессіз күш-жігері мен орасан зор құрбандықтарының арқасында қол жетті. Біз әрбір батырдың қосқан үлесін есте сақтаймыз, бағалаймыз және құрмет тұтамыз.

Қазақстандықтар 20-дан астам атқыштар дивизиялары мен басқа да құрамаларда шайқасты. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанып, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Жауынгер батырлардың есімдері халық жадында мәңгі сақталады. Бүгінде әрбір қазақ азаматы М.Мәметованың, Ә.Молдағұлованың, Х.Доспанованың, Р.Қошқарбаевтың, М.Ғабдуллинның, Қ.Қайсеновтың, Б.Момышұлының, Т.Бигелдиновтың, Л.Беданың, И.Павловтың, С. Луганскийдың және т.б. ерлігін еске алып, тағзым етеді.

Бұл – қазақ даласының ержүрек ұрпақтары – батыр ұл-қыздарын мәңгі есте сақтау және оларға алғыс айту күні.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында соғыс қаһармандарын есте сақтауға, жалпы алғанда, фашизмді жеңген Ұлы Жеңістің тарихи естелігін сақтауға ерекше көңіл бөлді. Президентіміз айтқандай, батырларымыздың ерліктері Отан қорғаушылардың бүгінгі және болашақ ұрпақтарына үлгі болып табылады.

Осы орайда, Қазақстан президентінің Ақорда сайтындағы Жеңістің 79 жылдығымен құттықтауы барлық соғыс қаһармандарына тағзым мен құрметтің, сондай-ақ тылда еңбек еткен ардагерлердің жанқиярлық еңбегі үшін алғыстың көрінісі болып табылады.

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылып, биыл алғаш рет табыс етілген 1-дәрежелі Сағадат Нұрмағамбетов, 2-дәрежелі Бауыржан Момышұлы және 3-дәрежелі Рақымжан Қошқарбаев атындағы «Айбын» ордендері қазақстандық ерлік пен патриотизмінің нышаны болды.

Бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және жауынгерлеріміздің ерліктерін мәңгі есте сақтау ісіндегі тағы бір маңызды қадам болды.

Жеңіс күні бейбітшілікті сақтаудың, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын еске салады.

Соғыс дегеніміз әрқашан да зұлымдық. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан бейбітшілікті сақтауды жақтап келеді. Біздің көпвекторлы саясатымыз бейбітшілік пен аумақтық тұтастықты сақтаудағы дала дипломатиясының бай тәжірибесіне негізделген.

Біз қақтығыстар біздің азаматтарымызға ешқашан әсер етпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ол үшін бізге бірлігі жарасқан ұйымшыл халық, әлемнің барлық елдерімен сенімді достық қарым-қатынас және күшті армия қажет.

Жеңіс күнінен бір күн бұрын Қазақстанда Отан қорғаушы күнін тойлауының символдық мәні бар. Бұл күндер бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені біздің қаһарман бабаларымыз қазіргі Отан қорғаушылар үшін ерлік пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі болып табылады.

9 мамыр миллионнан астам отандасымыздың отансүйгіштігі мен жанқиярлығын әрқашан еске салып отырады. 

Бұл күндері біз әрқайсысы өскелең ұрпақ үшін ерлік пен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісіне айналған Бауыржан Момышұлы, Сергей Луганский, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рақымжан Қошқарбаев секілді батырларымызды ардақтап, тағзым етеміз. Олардың ерліктері Отанға деген шынайы сүйіспеншілік оның мүддесін қорғаудағы батылдықпен, төзімділікпен және табандылықпен қатар жүретінін іс жүзінде растады.

Биыл Жеңіс күнін 148 ардагер мен Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б. 50 012 азамат атап өтеді.  

Мемлекет соғысқа қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетеді, ал қоғам болса қамқорлық көрсетіп, әрбір ерліктерін есте сақтайды, құрмет тұтады.

Еліміздің барлық өңірінде Жеңістің 79 жылдығын мерекелеуге орай ардагерлерімізге 1,5 миллион теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бірқатар өңірде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктері мен мәслихаттардың шешімдері негізінде төлемдердің көлемі ұлғайған. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар төлемдер үшін 50,1 мың адамға 3 млрд теңге  көздеген.

Айта кететін маңызды жайт, дәстүрлі түрде Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.

Мысалы, биыл Қазақстандағы Жеңіс күніне біржолғы төлемнің мөлшері ­3833 доллар. Тәжікстанда соғыс ардагерлеріне берілетін төлемақы көлемі 2300 доллар болса, Өзбекстанда – 1570, Беларусьте – 1227, Әзербайжанда – 1176, Қырғызстанда – 1130, Грузияда – 750, Молдовада – 565, Ресейде – 107 доллар.

Бұл ретте, Қазақстанда зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді.  Басқа да әлеуметтік төлемдерге қарамастан азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Ардагерлер салықтық жеңілдіктерге де ие болып, мамандандырылған ауруханаларда білікті медициналық көмек алады, санаториялық-курорттық емделу  ұсынылған.

Жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге есте қаларлық күндерге орай материалдық көмек көрсету, үйлерін жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және басқа да көмек түрлерін көрсетеді.

Батырларымыз қорғаған бейбітшілік, бостандық, әділдік және Отанға деген риясыз сүйіспеншілік құндылықтары біз үшін Әділ Қазақстанды құру жолында әрқашан бұлжымас бағдар болып қала бермек.

Соғыс жылдарында жерлестеріміз ерекше ерлік пен табандылық көрсетті. Қазақстаннан майданға аттанған әрбір екінші жауынгер біздің жарқын болашағымыз үшін жанын қиды.

Сондай-ақ қиын сынақ күндері халқымыздың бірлігі мен ынтымағын еңбек ерлігімен паш еткен тыл еңбеккерлері де Жеңіске баға жетпес үлесін қосты.

Сондықтан да Жеңіс күні аға буынның қайтпас ерік-жігері мен ерлігін, бейбітшілік пен бостандық жолындағы жанқиярлық күресін бейнелей отырып,  еліміздің тарихында ерекше орын алады.

Қазақ жерінің барлық қорғаушылары мен батырларын тарихи кезеңнің барлық кезеңдерінде еске алып, құрметтеу бүгінгі және болашақ ұрпақтың міндеті. Біз оларға бостандығымыз бен төбеміздегі бейбіт аспанымыз үшін қарыздармыз.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындықты бастау қажеттігін соғысқа қатысушы елдер басшыларының ішінде бірінші болып Қазақстан президенті айтты. Бұл бастама біздің еліміз үшін батырлардың есімін мәңгі қалдырудың маңыздылығын атап көрсетеді, олардың фашизмді жеңген Жеңіске қол жеткізуге және тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге қосқан үлесін көрсетеді.

Қазақстан президенті Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде атап өткендей, Қазақстан әрқашан тарихи шындықты жақтайды, ал біздің тарихымыз ұлтты біріктірудің факторына айналуы тиіс. Мемлекет тарихымыздың «ақтаңдақтарын» жою, қазақстандық жауынгерлердің тағдырлары мен ерліктері туралы мұрағат деректерін қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев ұлттық мүддені жеке мүддесінен жоғары қоятын тұлғалар бізге және ұрпақтарымызға үлгі болуы керектігін баса айтты. Қазақстанның батырлары Отанға деген осындай жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі болып табылады.

Өткен соғыстың батырларын ардақтап, құрмет тұту сондай-ақ бізді бейбітшілік пен елдің амандығын қадірлеуге үйретеді. Сондықтан Қ.Тоқаевтың сыртқы саясаты мен келіссөздер жүргізудегі бай дипломатиялық тәжірибесі елдің қауіпсіздік шараларын нығайтуға бағытталған. Көрші елдермен достық қарым-қатынасты сақтау, басқалармен қатар, бұл шараларды тиімді іске асырудың маңызды алғышарттары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға