Жаңалықтар

Өзбекстанда қазақстандық ІТ мамандарға сұраныс артып келеді

Өзбекстанда қазақстандық ІТ мамандарға сұраныс артып келеді
Фото: pixabay.com 07.08.2024 13:01 555

Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол Астанада Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесінің алтыншы отырысында екі ел арасындағы сабақтастықты қозғады.

IT саласынан бастап машина жасау саласына дейін, салалық мамандардан бастап жоғары білікті кәсіптерге дейін жұмыс күшін тарту біздің ынтымақтастығымыздың маңызды аспектісі болып саналады. Біз жұмыс істеуге рұқсат алу және басқа да әкімшілік формальды рәсімдерді жеңілдету арқылы екі елдің азаматтары үшін тең жағдайды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл тәсіл жұмысшылар мен кәсіпкерлердің қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, білім, технология және тәжірибе алмасудың тиімдірек болуына ықпал етеді, - деді Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі.

Бейбіт Атамқұлов екі ел арасындағы ортақ жобаларға тоқталды.

Бүгінде Өзбекстанда көптеген қазақстандық маман сұранысқа ие және олар Өзбекстан экономикасының әртүрлі саласында жұмыс істейді. Бұл негізінен IT-ден бастап тау-кен металлургия, цемент өндірісіндегі және қаржы секторындағы ірі кәсіпорындарға дейінгі жеке сектор мен бизнес орындарын қамтиды. Сонымен қатар топ-менеджерлер мен орта буын басшылары көп. Бүгінде ірі кәсіпорындарда тиісті құзыретті алған қарапайым жұмысшыларды қоса алғанда қазақстандық мамандардың үлкен легі бар, - деді Атамқұлов.

Ол елшілік іскерлік және кәсіби ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын және жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

Бұған дейін Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов қазақстандық кәсіпкерлерге  Өзбекстанның мақта-мата өндірісіндегі тәжірибесіне назар аудару керек екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға