Жаңалықтар

Өзбекстанда "Қанжар-2024" бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды

Өзбекстанда "Қанжар-2024" бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 21.11.2024 20:07 578

Орталық әскери округтің "Фориш" таулы полигонында "Қанжар-2024" бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оған Өзбекстан мен Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері қатысты. Екі елдің әскери қызметшілері он күн бойы әртүрлі атыс қаруларынан атыс жүргізіп, шартты аймақтарда ұрыс жүргізу тактикасын пысықтады.

Оқу-жаттығулар шабуылдау операциясын әзірлеу мен жүргізуден басталды. Миномет есептоптары, мергендер, пулеметшілер және дрон операторлары шартты қарсыластың жасырынған ғимараттарға қуатты соққы берді. Сауытты машиналар мен арнайы дайындалған иттерді қолдана отырып, объектілерді тазартуды біріккен инженерлік-саперлік топ жүргізді.

Жаттығудың соңғы кезеңін Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Орталық әскери округ әскерлерінің қолбасшысы және Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары полковник Саят Бурбасов бақылады.

Оқу-жаттығу кезінде екі елдің әскери қызметшілері оқу-жауынгерлік тапсырмаларды тығыз байланыста пысықтады. Мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасуға, жауынгерлік дағдыларды игеруге және бекітуге, контингенттерді үйлестіруге, екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға ықпал етеді, - деді полковник С.Бурбасов.

Іс-шараның жабылу салтанатында бауырлас екі ел арасындағы достық және серіктестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер Қазақстан мен Өзбекстан қорғаныс министрліктерінің арнайы төсбелгілерімен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға