Өзбекстанда өзбек-қазақ тілінде оқытатын қанша мектеп бар?
Ресми мәліметтерге сәйкес, Өзбекстанда 800 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұл туралы сенатор Руслан Рүстемов Сенаттың отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы келісімнің 14-бабына сәйкес тараптар Өзбекстан аумағында тұратын этникалық қазақтар мен Қазақстан аумағында тұратын этникалық өзбектер үшін олардың ана тілін, ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау және дамыту ісінде қолайлы жағдайлар жасайды. 2023 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы этникалық өзбектер саны ұлттар саны бойынша үшінші орында тұр және 643,4 мың адамға тең. Бұл жалпы ел халқының 3,25 пайызын құрайды. Ресми мәліметтер бойынша Өзбекстанда 800 мыңнан астам қазақ тұрады және Өзбекстандағы барлық этнос арасында үшінші орында. Осы орайда сұрағым, қазіргі таңда Өзбекстанда қазақ тілінде оқытатын, сонымен қатар өзбек-қазақ тілдерінде аралас оқытатын жалпы білім беретін, сондай-ақ Қазақстанда өзбек тілінде оқытатын немесе қазақ-өзбек тілдерінде аралас оқытатын жалпы білім беретін мектептердің саны қанша?, - деп сұрады Руслан Рүстемов.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаевтың берген жауабына сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің қолында бар деректер бойынша қазіргі таңда Өзбекстанда өзбек-қазақ тілінде аралас 180-нен астам мектеп жұмыс істеп жатыр.
Бұл көрсеткіш Өзбекстанмен салыстырғанда 3 есе көп болады. Қазіргі кезде бізге Өзбекстанда қосымша мектептер ашу туралы ұсыныстар келіп түскен жоқ. Осындай мектептердің саны жеткілікті деп ойлаймыз, - Ермұхамбет Қоныспаев.
Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразованың сөзінше, бүгінде Қазақстанда өзбек тілінде сабақ беретін 141 мектеп жұмыс істейді.