Жаңалықтар

Өзбекстан құрамасында өнер көрсететін қазақ баласы әлем чемпионы атанды

Өзбекстан құрамасында өнер көрсететін қазақ баласы әлем чемпионы атанды
14.05.2023 21:08 1372

Өзбекстан құрамасының боксшысы, этникалық қазақ Руслан Абдуллаев Ташкентте өтіп жатқан 2023 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жекте Абдуллаев моңғол Чинзориг Баатарсухпен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңді. Осылайша, Руслан Абдуллаев әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Абдуллаев Азия чемпионы деген атағы да бар.

Ал оның қарсыласы Баатарсух Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері: 2017 жылы күміс, 2019 және 2022 жылдары қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл әлем чемпионатында төрт алтын медаль жеңіп алды.

48 келіге дейінгі салмақта финалда Санжар Тәшкенбай грузин боксшысы Сахил Аллахвердовиді бет қаратпай ұтып, әлем чемпионатының алтынына ие болды.

54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Махмұд Сабырхан финалда өзбекстандық Ойбек Жураевтан төрешілер шешімі бойынша басым түсті. Үш раунд бойы үздіксіз соққы жұмсап, қарсыласына бірнеше рет нокдаунға түсірді. 

71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді, ал жекпе-жек барысында қарсыласының мұрнын сындырды. Осылайша, Асланбек Шымбергенов мансабында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.

Ал 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Қытай атынан сынға түсетін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға