Өзбекстан өкілі бірлескен телеарна құру бастамасын ұсынды

Орталық Азия мемлекеттері бірлескен медиа бастамаларды белсенді түрде дамытып, мәдени әрі ақпараттық байланыстарды нығайтып, ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыруы тиіс. Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және қоғамдық комммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев II Орталық Азия медиафорумында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Асаджон Ходжаевтың сөзінше, бүгінде Орталық Азия – ортақ тарихы, дәстүрі және рухани құндылықтары бар бірегей мәдени-туристік кеңістікке айналған.
Медиа және гуманитарлық байланыстарды дамыту – тек экономикалық қадам ғана емес, стратегиялық маңызға ие. Біз халықтар арасында ортақ жауапкершілікті, бірлікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуіміз керек, - деді ол.
Сонымен қатар ол Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениетіне арналған халықаралық медиаплатформа құру – негізгі бастамалардың бірі екенін атап өтті.
Ынтымақтастықты тереңдетіп, маңызды бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін зор әлеуетіміз бар. Қазірдің өзінде Қазақстанмен жол карталары мен өзара іс-қимыл жоспарлары қабылданды. Сонымен қатар, бірлескен меморандумдар мен келісімдер дайындау жұмыстарын жалғастыру маңызды, - деді директор.
Асаджон Ходжаев Өзбекстанда шетелдік телеарналардың трансляциясы белсенді дамып жатқанын айта кетті. Өткен жылы елде Әзербайжан, Қазақстан және Түрікменстан арналарының көрсетілімі басталған.
Бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу және ортақ медиаплатформа аясында күш біріктіру қажет. Біз өңірдің барлық елдерінің мүдделерін қамтитын, мәдени диалогты кеңейтетін бірлескен телеарна құру бастамасын қолдаймыз, — деді ол.
Сонымен қатар, агенттік директоры ақпараттық қауіпсіздік пен әлеуметтік желілердегі заңсыз контентпен күреске ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Қазақстан интернет кеңістігін қауіпсіз ету бағытында бірқатар заңдар қабылдады. Бұл тәжірибе әділетті әрі жауапты мемлекеттер үшін қызықты. Біз бұл заңдарды зерттеп, ұқсас тетіктерді енгізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, - деді Асаджон Ходжаев.
Сөз соңында ол Орталық Азия медиафорумы өңірлік диалогты нығайтып, ортақ шешімдер қабылдауға ықпал ететін маңызды алаңға айналатынына сенім білдірді.
Бұл форум Орталық Азия мен Еуропа арасындағы өзара түсіністік пен жаңа форматтағы ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетініне сенемін, - деп түйіндеді ол.
