Жаңалықтар

Қозғалтқыш

ҚОЗҒАЛТҚЫШ, мотор (лат. motor – қозғалысқа келтіретін) – қандай да бір энергия түрін механикалық жұмысқа түрлендіретін күш-қуат машинасы.
31.08.2014 09:31 5915

ҚОЗҒАЛТҚЫШ, мотор (лат. motor – қозғалысқа келтіретін) – қандай да бір энергия түрін механикалық жұмысқа түрлендіретін күш-қуат машинасы. Энергия мех. жұмысқа Қ. тегіне (типіне) қарай қайталамалы-ілгерілемелі қозғалыстағы піспек (поршень), айналмалы қозғалыстағы ротор немесе реактивті қозғалыс тудыратын аппарат арқылы түрленеді. Оны жердегі, судағы, аспандағы, ғарыштағы көлік құралын қозғалысқа келтіру, өндірістің әр саласындағы жұмыс машинасын, тұрмыс техникасын, т.б. іске қосу үшін қолданады. Қ. бірінші реттік (бастауыш) және екінші реттік (қостауыш) Қ. болып бөлінеді. Бірінші реттік Қ. (бу, газ, жел Қ-тары) табиғи энергет. ресурстарды (отын, су, жел энергиясын, ядр. энергияны) мех. энергияға тікелей түрлендіреді. Оған жылу Қ-ы, бу Қ-ы, газ Қ-ы, жел Қ-ы, гидравлик. Қ., т.б. жатады. Олардың ішінде отын немесе атом энергиясын мех. жұмысқа айналдыратын жылу Қ-ы ең басты топты құрайды. Ал екінші реттік Қ. бірінші реттік Қ. көмегімен алынған энергияны түрлендіреді. Олардың қатарына эл. Қ-тар, пневматик. (сығылған ауаның қысымын пайдаланатын) Қ., т.б. жатады. Жинақталған мех. энергияны беретін құрылғылар да Қ. (инерциялық, серіппелі, гірлі механизмдер) қатарына кіреді. Атқаратын қызметіне қарай Қ-ты орнықты, мобильді (көшпелі, жылжымалы) және көліктік Қ-тар деп бөледі. Адамзат тарихындағы тұңғыш механикалық Қ. су дөңгелегі болды. Оны ертеде суландыру жүйесінде өзен-көлден су тартуға, кейін келе мануфактура өндірісінің күш құралы ретінде қолданды. Жел Қ-ы да ертеден белгілі болған. 18 ғ-дың орта шенінен өндірістің машиналы технологияға көше бастауына байланысты жергілікті қуат көзі – суға, желге, т.б. тәуелді бола бермейтін Қ. жасау қажеттігі туды. Осы кезде отын энергиясымен қазанда бу өндіріп, онымен жұмыс істейтін бірінші жылу Қ-ы – бу машинасы жасалды. 19 ғ-дың 2-жартысында жылу Қ-ының бу турбинасы және іштен жанатын қозғалтқыш (ІЖҚ) атты жаңа екі типі өмірге келді. Бу турбинасында бу энергиясын біліктің айналысына түрлендіру үшін бу машинасындағыдай кривошипті-шатунды (айналшақты-бұлғақты) механизмнің қажеті болмады. Бұл Қ. тарихындағы ірі тех. жетістік еді. ІЖҚ да арзан мұнай өніміне көшіп, бу өндіретін ауыр да қолапайсыз бу қазанынсыз жұмыс істейтін болды. 19 ғ-дың аяғында карбюраторда жанғыш қоспа дайындап, оны Қ-тың жану камерасында эл. білтемен тұтататын ІЖҚ емес, сорған суық ауаны цилиндрде піспекпен қатты қысып қыздырып, оған сұйық отын бүркіп жағатын жаңа жылу Қ-ы (қ. Дизель) жасалынды. Нәтижесінде ІЖҚ-тың п. ә. коэфф. өсті, үнемділігі артты, құралымы қарапайым да ықшам түрге келді. Бүгінгі күні көлік құралы түгелдей дерлік ІЖҚ-пен жарақталады. Жылу Қ-ы сияқты осы кезеңде гидравлик. Қ., оның кең тараған түрі – гидравликалық турбина (гидротурбина) құралымы да ұдайы жетілдірілумен болды. Соның арқасында негізгі гидротурбинадан тұратын аса қуатты (600 МВт-қа дейін) гидроэнергет. агрегаттар жасалып, ірі-ірі су электр стансалары салына бастады. 19 ғ-дың аяғы және 20 ғ-дың басында эл. энергиясын мех. жұмысқа түрлендіргіш машина – электрлік Қ. (электр моторы), оның тұрақты токпен, айнымалы токпен жұмыс істейтін нұсқаларының пайда болуы және іс жүзінде қолданылуы өнеркәсіптің энергет. базасын күрт дамытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, қуаты Вт-тың шағын бөлігінен ондаған МВт-қа жететін синхронды эл. Қ. пен асинхронды эл. Қ. тіршіліктің барлық дерлік саласында кең қолданыс табуда. 20 ғ-дың 1-жартысында жылу Қ-ының жаңа түрлері – газ турбиналық қозғалтқыш, реактивті қозғалтқыш, ядр. Қ. (қ. Ядролық күш қондырғысы) жасалды. Қазіргі таңда авиация Қ-ының көпшілігін газ турбиналық Қ. құрайды. Ол сонымен бірге локомотивте (газ турбиналық тасығыш), автомобильде қолданылады.

Қ. Қоныспай

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға