Ойылда балаларды қорғау және қолдау мәселелері көтерілді

Ойыл ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында «Жасөспірімдердің жас ерекшелігіне сәйкес мінез-құлқындағы өзгерістер» тақырыбында ата-аналар, мектеп директорлары және мұғалімдермен кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, Ойыл ауданы прокуратурасының прокуроры Сәбит Меңдібаев, Ойыл ауданы білім бөлімінің басшысы Есенгелді Бегалин, Ойыл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Айболат Батанов, «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, психодраматерапевт Медеухан Жасжанова және «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының психологы, п.ғ. магистрі Бұлбұл Жиенбаева қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдердің психологиялық саулығы, ата-ананың қолдауының маңызы және жасөспірімдерде жиі кездесетін эмоционалдық тұрақсыздық, күйзеліс, өз-өзіне сенімсіздік, агрессия және әлеуметтік оқшаулану мәселелеріне назар аудару болды. Сондай-ақ ата-аналар мен балалар арасындағы сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы, интернет пен әлеуметтік желінің ықпалы, кибербуллингтің алдын алу, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері қозғалды.
Мұратбай Айдарбаев өз сөзінде ата-ана қолдауы мен мотивацияның жасөспірімдердің оқудағы және жеке дамуындағы маңыздылығын атап өтіп, балалардың тәуелділік мәселелеріне тоқталды. Ол ата-аналарға балаларын гаджеттер мен жаман әдеттерден сақтап, олардың бос уақытын тиімді өткізу үшін аудандық қосымша білім беру мекемелеріне қатыстыруды ұсынды.
Сәбит Меңдібаев интернет пен әлеуметтік желілердің балаларға әсері, кибербуллингтің салдары туралы айтты. Ол ата-аналарды балаларының құқықтарын білуге және осы мәселелерді үнемі талқылауға шақырды.
Кездесу барысында «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының мамандары ата-аналар мен мұғалімдерге балалармен жұмыс жасаудағы тиімді тәсілдер мен әдістерді ұсынып, арнайы кейстерді талқылады. Сонымен қатар мамандар ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, сергіту сәттерін ұйымдастырды.
