Ою-өрнектің шығу тарихы және теориялық негізі
Орнамент (лат.ornemantum–әшекейлеу) – элементтері қайталанып келетін, әртүрлі заттарды әшекейлеуге арналған өрнектер. Адамзат еңбек құралын ойлап тапқан кезден бастап орнаменттердің символдық, магиялық мәні болды. Өз үйін безендіруге деген ұмтылыс барлық дәуір адамдарында болған. Бірақ ежелгі қолданбалы өнерде орнаменттердің эстетикалық мәнінен магиялық мағынасы басым болды. Олар зұлым күштерден қорғайды деп сенді. Ең алғашқы орнамент палеолит дәуірінде (б.э.д 15-10 мың ж.) балшықтан жасалған ыдысқа салынған. Неолит мәдениетінде орнаменттердің жаңа формалары пайда болды.
Ою–өрнек проекциялары сақталған артефактілер тек тұрмыстық, салттық белгілер ғана емес, сонымен қатар этникалық, гендерлік, технологиялық ерекшеліктерді көрсететін мәдени-тарихи мұра. Символдар онтологизация, персонализация, семиотизация, субъективтену, тарихилану (историзация) жолдары арқылы салттық, магиялық мәнге ие болады.
Неолит және қола дәуіріндегі шынайы образдардың орнын шартты белгілер мен символдар басты. Табиғилықты, көркемөнерде кездесетін еркін бейнелерді қатал реттілікпен орналастырылған, қайталанып отыратын элементтер алмастырды. Мұндай «физиопластикалық» (табиғи) өнерден «идеологиялық» (символдық) өнерге ауысуын адамдардың дүниетанымының өзгеруімен байланыстырамыз, мысалы аң аулаудан жер өңдеу, мал өсіруге алмасу.
Бұл кезеңде балықтан жасалған үйлердің қабырғаларына, тастан немесе ағаштан жасалған жерлеу құралдарына, қайық, атарба, киім, кілем, тіпті адамдар өз денелеріне де өрнектер салған.
Ою-өрнек бейнелеу өнерінің көне түрлерінің бірі. Сол кездердің өзінде олардың символдық, магиялық, таңбалық, семантикалық функциялары болды. Бірақ декоративті өрнектерде жай ғана ритмі, форма, симметрия бар белгілер де кездесті. Зерттеушілер ою-өрнек жоғарғы палеолит пайда болды дейді. Ол кездегі өрнектер геометриялық бейнелер болатын: шеңбер, жарты шеңбер, спираль, шаршы, ромб, үшбұрыш. Белгілер арқылы ежелгі адамдардың дүниетанымын көруге болады. Мысалы: шеңбер – күн, шаршы – жер, үшбұрыш – таулар, свастика – күннің айналу жолы, спираль – даму, қозғалыс т.с.с. Бірақ олардың декорлық мәні болмады. Өрнек заттардың бір қарағанда көзге түспейтін жақтарына салынатын. Мысалы, ыдыстың түп жағы (дно), әшекейлердің айналым жағы (обратная). Уақыт өте келе ою-өрнек тек эстетикалық құндылық ретінде қалыптасты. Мақсаты – әшекейлеу. Ою-өрнек мотивтерінен жазудың алғашқы кезеңі пиктография пайда болды. Кейін суретшілер ескі формаларды көшіріп отырды. Ою-өрнектің символдық мәні орта ғасырда оралды.
Қазіргі заман тарихшылары зерттеу жұмыстарында спираль мотивтеріне үлкен көңіл бөлген. Спираль – алғашқы абстрактілі түсініктердің бастамасы. Ол - табиғат заңдылықтары, логикалық ойлау, философия, мәдениет, жалпы дүниетаным. 1698 жылы швед математигі Якоб Бернулли спираль өрнегін зерттеп математикалық анализ жасауға болатын гармониялық шкала тапқан болатын. Осылай атақты заңдылық «Алтын орта» (Золотое сечение) пайда болды.
Ұлттық өнерді зерттеуші, чех ғалымы Йозеф Выдра орнаменттің төрт қызметін көрсетті: 1) конструктивті - заттың тектоникасы мен кеңістіктік қабылдануына әсер етеді; 2) эксплуатациялық - заттың қай салада қолданылатынын білдіреді; 3) репрезентациялық - заттың құндық маңызын көрсетеді; 4) психикалық - адам эстетикалық ләззат алып, тыныштанады немесе қобалжиды.
Айжан ЕСЕНАЛИНА