Жаңалықтар

Ою-өрнектердің құрылымы және түрлері

Ою-өрнектердің құрылымы және түрлері
05.11.2015 11:12 38387

 Ою-өрнектердің құрылымы және түрлері

Өмір сүру процесі – ритм және материяның жалпы құрылым принципі – симметрия табиғаттағы реттіліктің фундаменталды негізі энергия, импульс, қуат заңдылықтарына сүйенеді. Адам табиғатының әлеуметтенуі семиосфераны қалыптастырады – «...тек семиотикалық процесстер ғана жүретін мәдениеттің семиотикалық кеңістігі». Мифтер мен өзге артефактілердің мәдени (ою–өрнектік) ритмі белгілі бір тарихи кезеңнің және мәдениеттің стильдік ерекшелігін көрсетеді [10, 255-256б.].

Шеберлер жаңа ою-өрнектерді тұрмыс тіршілігіне, өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап отырған. Атап айтар болсақ, халқымыздың көне бұйымдарындағы ою-өрнектер сәнділігімен қатар, сол бұйымдардың жеңіл әрі берік болу жағын да қарастырған. Оның үстіне әрбір жануар мен заттың өз бойындағы қасиеттеріне байланысты тақырыптық мағынасы, композициясы, симметриясы, ассиметриясы, колориті мен ритмі және философиялық мәні де байқалады. Сонымен ою-өрнек дегеніміз – бұл ойға алған айқын өрнек ырғағымен үйлесетін белгілі бір заңдылықтар жүйесінде жасалынған, қисық сызықты және геометриялық фигура бейнесін белгілі бір тәсілге (стильге) келтіріп, түрлі – түсті бояумен бояп, қандай да бір заттың әшекейленуі.

Композиция дегеніміз – латынның ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру деген мағына береді. Мысалы, ою-өрнек кесеге салынатын болса, ол үлкен де, кіші де болмай, дәлдік пен жарасым табу керек. Ал өрнек құрастыру үшін симметрияның маңызы зор. Оның екі жағының бірдей болуы симметрия заңы. Симметрия кез келген ою-өрнекте болады. Ою-өрнектегі бояу түрлері бір-бірімен үндесіп, жарасым табуын «колорит» дейді. Колорит көп бояулы ою-өрнектерде жиі кездеседі. Ал ою-өрнекте бір элементтің қайталанып отыруын ритм дейді [11,37-39 б.].

Композициясы бойынша ою-өрнектің үш түрі бар: ленталық (фриз, кайма), тұйық шеңбер(розетта), тор(17 түрі кездеседі). Бұл жолмен классификациялау ою-өрнек салынатын заттың формасына қарай жасалған.

Ленталық өрнектер ұзын жолақтардан тұрады. Бір немесе бірнеше мотивтердің ритммен қайталанып келуінен құралады. Ритм қарапайым немесе күрделі болуы мүмкін. Мотив үзілмелі немесе үздіксіз болады. Ленталық өрнектер киім жиектерін, белбеу, мойынорағыш, тұрмыс заттарын, архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуде қолданылады. Бұл өрнек түрі заттың жиектерінде орналасу арқылы бұйымға мәнерлілік, айқындық, тұрақтылық қасиет беріп тұрады.

Тұйықталған ою-өрнектерді кез-келген жазықтық бетіне сала аламыз. Бұл өрнектерді орамал, дастархан, кілем, бас киімдер, жиһаздарды әшекейлеуге қолданған. Бөлек элементтер шеңбер бойымен келіп тұтас композиция құрайды.

Композициялық ою-өрнектің үшінші түрі - тор үлгілері. Бір нүктеден басталып, әртүрлі бағытқа қарай таралады. Көбінесе үлкен маталарды, тұсқағаздарды, кілемдерді әшекейлеуде қолданады. Олар салынатын жазықтықтың үздіксіз тұтас екендігін айқындап тұрады. Әрбір тор үлгісіндегі ою-өрнектің жасалу жүйесі болады: шаршы, тікбұрышты, ромб тәріздес, үшбұрышты. Сонымен қатар ою-өрнек композициясын жасауда мотив, фон, өрнектің жазықтықта реттілікпен орналастырылуы, ритм, гамманың маңызы үлкен. Ою-өрнекпен жұмыс жасау натюрморт, пейзаж, портрет салу секілді өзге қолөнер түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді.  

Ритм дегеніміз мотивтердің, фигуралардың, олардың арасындағы интервалдардың қайталануы және кезектесіп орналасу заңдылығы. Ою–өрнек салудағы басты шарттың бірі ритмнің болуы. Ритм қозғалысты көрсетеді: кішкентайдан үлкенге, қарапайымнан күрделіге, ашық түстен күрең түске ауысу немесе интервалдың өзгеріп тұруы.

Мотив – ою–өрнектің басты элементі. Мотив бірдей интервалдар арқылы қайталанатын ою–өрнек композициясын раппортты деп атайды.

Раппорт – бір мотивті қоса алып, келесі мотивке дейінгі аралық.    

Симметрия центрге немесе өс жазықтығына қатысты алғанда бірдей пішінді фигуралардың орналасуы.

Ассиметрия — симметрияның болмауы немесе бұзылуы.

Барлық ою-өрнектерді бейнелеу мүмкіншілігіне қарай үш топқа бөлеміз:

1.Нақты адам, жануар, өсімдік бейнелері, архитектуралық мотивтер, күрделі эмблемалар.

2.Геометриялық элементтер, абстрактілі формалар, яғни нақты заттық мазмұны жоқ бейнелер.

3.Бейнелі мотивтер немесе жеке элементтердің және абстрактілі формалардың бірігіп келуінен жасалған өрнектер.

Өрнектердің стиліне қарай антикалық, готикалық, барокко; ұлттық нақышына қарай грек, славян, қытай, украиналық түрлерін көрсетуге болады.

Ою-өрнектердің негізгі түрлері: техникалық, символдық, геометриялық, өсімдік тәріздес, зооморфты, антропоморфты, каллиграфиялық, қиял-ғажайып, астралды, пейзаж өрнектері, заттық.

Техникалық өрнектер еңбек нәтижесінде қалыптасты. Оларға балшықты отқа күйдіру арқылы пайда болған құмыралардың формалары немесе жіп өру кезінде қалыптасқан спираль тәріздес бейнелерді жатқызамыз.

Танымның семиотикалық әдісі дәстүрлі ою-өрнектерді белгілеріне қарай классификациялауға мүмкіндік береді. Ою-өрнек жүйесінің генезисі символдардың тарихнамасын көрсетеді. Париж семиотикалық мектебінің өкілі А.Греймас бойынша ою мен ол салынатын зат арасында үзілмейтін байланыс бар. Символ белгілі бір мәнге ие болады, сонымен қатар ол затты жасап тұрады. Бұл байланыс ою-өрнектің мағынасын түсінуге мүмкіндік береді.

Бұл типологиядағы бірінші топ – әлемдік ою-өрнектің бастамасы болған, негізгі геометриялық символдар. Олар нүкте, сызық, шаршы, шеңбер, эллипс т.б. секілді фигуралардан және олардың комбинацияларынан құралады. Бұл өрнек түрлерінің модификациялануынан меандр, свастика секілді оюлар пайда болған. Бұндай өрнектерді салудың негізгі жолы - мотивтерді стильдендіру. Геометриялық өрнектер кең таралған өрнек түрі. Бұл өрнек түрлері қоршаған ортаның рационалдық, математикалық мәнін түсінуге мүмкіндік береді. Шаршы, үшбұрыш, шеңбер т.б. элементтер арқылы композиция жасауда суретші математикалық есепке сүйенеді. Элементтерді қолданудағы қатал сақталатын реттілік, тізбектілік – геометриялық өрнектердің негізі. Геометриялық өрнектерден тұратын композициялар симметрия заңына сүйенеді. Ғалымдардың пайымдауы бойынша бұл өрнек түрі алғашқы қауымдық кезеңде пайда болған және абстрактілі идеяларды бейнелеген. Бұл өрнектертерден ежелгі адамдардың дүниетанымын көруімізге болады: қарапайым деген фигуралардың өзінде үлкен символикалық мәнге ие. Олардың кейбіреулері қазіргі кезде де қолданылады.

Шеңбер – басы не соңы жоқ шексіз универсалды фигура. Бұл фигура ғарыштың, аспан әлемінің символы болды. Әлемдік көркемөнер тәжірибесінде шеңбер египеттіктердің күн құдайы Атонның басты атрибуты. Қанаттары бар диск Құдайдың үстіне орналастырылған. Бұған тағы бір мысал ретінде Апполонның атарбасын келтіруге болады.

Шаршы – Ежелгі Үнді, Америка, Қытай, Грекия халықтарының декорындағы негізгі элемент. Ортағасырларда мозаика жасаушы шеберлер кең қолданған. Ежелгі наным – сенімдер бойынша шаршы әлемнің төрт құбыласының, кейбір халықтардың мәдениетінде жер өңдеу культінің символына айналды. Мысалы славян халқында ортасына нүкте толтырылған шаршы бейнесі егін егілген жердің, қытайлықтарда ортасы бос шаршы мол өнім алынған жердің белгісі болды.

Зигзаг және спираль тәріздес мотивтер Грекия, Колумб ашқанға дейінгі Америкада, Қытай, Үндістанда, африкалық тайпалардың тұрмыс культында теңіздің және найзағайдың символдары болды. Қытайлықтарда найзағай су, аспан стихияларының иесі Аспан айдаһарының белгісі есептелді. Сонымен қатар спираль тәріздес өрнектер кейбір аспан әлемінің қозғалысын бейнелейді.

Үшбұрышты өрнектің пайда болуын үш санының магиялық қасиетімен байланыстырамыз. Христиан дінінде және иудаизмде теңбүйірлі үшбұрыш құдайлылықтың белгісі болды: Құдай Әке, Құдай бала және Қасиетті Рух. Ежелгі Қытай сенімінде үшбұрыш әйел бастамасы.

Геометриялық ою–өрнектердің құрылымы әртүрлі. Мысалы Ю.Я.Герчук келесі түрлерін көрсетеді:

1. ритмикалық түрде қайталып келу (сызықтық немесе орталық);

2. айналық симметрия;

3. бірнеше элементтің қолданылуы (тор);

Атақты француз ғалымы Анри де Моран геометриялық өрнектердің сәйкестігін зерттеп анализ жасаған. Бұл өрнек түрін зерттеуші қарапайым және күрделі сюжеттік (композициялық) деп бөледі. Ең қарапайым элемент – нүкте, ол ирандық сасанидтер өнерінде кең қолданылған. Композициялық өрнектердің бастамасы сызықтардан басталады. Геометриялық өрнектердің келесі даму кезеңіне зигзаг, меандр, шеврон өрнектері жатады.

Келесі топ – зооморфты символдар. Зооморфты ою-өрнектерде шынайы жануарлар бейнелерімен қатар стильдендірілген шартты суреттер де кездеседі. Бұл өрнектер арқылы жануарлардың ежелгі адам өміріндегі орнын, әсерін көрсетеді. Сұңқар, жылан, әтеш, тауыс т.б. схемалық және декоративті бейнелері жануарлар мен құстарға тән қасиеттерін айқындап, оларға ғажайып сипат береді.

Өсімдік тәріздес символдардың пайда болуы адам өміріндегі жер өңдеу мәдениетінің дамығандығын білдіреді. Бұл өрнек түрлері барлық мәдениетте көрініс тауып отыр. Базалық символ Өмір ағашы болды. Өмір ағашы адамдардың дүниетанымында әлемнің құрылымы.

Өсімдік тәріздес – шынайы өсімдік әлеміндегі формаларды бейнелейді. Таралымы жағынан геометриялық өрнектерден кейін тұр. Әр халықтың, әр тарихи кезеңнің өзіне тән өсімдік тәріздес өрнектері болды. Мысалы Жапония мен Қытайда қасиетті гүл – хризантема, Үндістанда – бұршақты ағаш (бобы), Иранда – қалампыр, Ресейде – түймедақ, күнбағыс. Ерте ортағасырда жүзім бұтағы, кейінгі готикада анар жемісі, түйетікен, барокко кезінде қызғалдақ пен таушымылдық бейнелері негізгі символдар болды. XVIII ғасырда раушан, ал модерн кезінде лала (лилия) және ирис гүлдерінің бейнелері кең қолданылған болатын. Өсімдік тәріздес ою–өрнектер көп өзгеріске ұшырап, стильдендірілген өрнектер түрі. Бірде мотивтер шынайы бейнеленсе, екінші мотивтері көлемді түрде болды.  

Антропоморфты өрнек – адам бейнелері. Антропоморфты өрнектер – адамдардың, сонымен қатар аралас элементтердің символикалық бейнелері. Аралас өрнекке антропоморфты және зооморфты символдардың қатар келуі арқылы бейнеленген сирин құсының суретін келтіруге болады. Бірақ бұл топ өрнектерінің ішінде кең таралғаны Құдай Ана бейнесі. Ол ана болу мен адамның дүниеге келуінің символы.

Әлемдік діндердің пайда болып, дамуына байланысты әртүрлі мәдениеттерде жаңа символдық бейнелер қалыптаса бастады. Бұл өрнек түрлері әрбір діннің мазмұнына қарай классификацияланады. Ерекше атап өтетін мұсылман символдары, тірі жанды бейнелеуге тиым салған бұл дінде ою–өрнектің дамуы жаңа сатыға көтерілді. Каллиграфия (грек. kallіgraphіa – көркем жазу) – көркем әрі анық жазу өнері. Каллиграфия тарихы қаріп және жазу құралдары, стилистика өнері дамуы тарихымен тығыз байланысты. Каллиграфия оқуға қолайлы ғана емес, сонымен қатар хатқа графикалық эмоционалды-бейнелі ұғым беру мақсатын көздейді. Каллиграфия стилі қашықтан оқуға мүмкіндік беретін таңбаларының анық болуына, шапшаң жазылатын курсивке немесе оқуға қиын, бірақ сәнді өрнекке бейім болып келеді [12].

Заттық ою-өрнектер анткилық Рим дәуірінде пайда болды, бірақ кеңінен тек қайта өрлеу дәуірінде барокко, рококо, классицизм кезінде таралды. Оларға әскери уақыттағы заттардың, тұрмыстың және музыкалық, театрлық өнер заттарының формалары жатады. 

Қиял ғажайып өрнектерінің негізінде өмірде жоқ, ойдан алынған бейнелер жатыр. Ежелгі Шығыс (Египет, Ассирия, Қытай, Үндістан) елдерінде кең тараған.

Астралды өрнектердің («астра» жұлдыз деген сөз) негізі аспан, күн, бұлт, жұлдыздардың бейнелері. Жапония және Қытай елдерінде жақсы дамыған.

Пейзажды өрнектердің басты объектілері табиғат мотивтері: тау, ағаш, жартас, сарқырама бейнелері. [13]

Әр дәуірдің ою-өрнегі сол кезеңнің көркемөнер ерекшеліктерінің көрсеткіші. Ою-өрнектің белгілік классификациясы дәстүрлі өрнектерді салыстыра отырып, олардың ерекшеліктерін, ұқсастықтарын, бірі-біріне әсерін анықтауға мүмкіндік береді. Cондықтан өрнектерді тиесілі этносына қарай да жіктеуге болады.

Этностың өмірі ең алдымен тұратын аймағына байланысты болғандықтан климат, табиғат факторлары да өрнектердің құрылымына әсер етеді. Бірақ бір біріне жақын украин, белорусь, орыс секілді славян халықтарының да өзгешеліктері бар. Орыс дәстүрлі өрнектері географиялық ерекшелігін көрсететін молшылық, құнарлылық символдарына толы: кең жазық дала, орман ландшафттары, қатал климат. Негізгі түстері қызыл және ақ.

Белорусстықтардың өрнектері геометриялық фигураларға жақын. Геометриялық, оның ішінде ромб тәріздес фигуралардың басым болып келуі өмір жалғастығының, мол өнімнің белгісі. Орыс халқының өрнектерімен ұқсастығы қызыл және ақ түстерінің басым болып келуінде.    

Украиндық дәстүрлі ою-өрнек барлық өрнек түрлерін қамтиды: геометриялық фигуралардан бастап, діни символдарға дейін. Барлық типтегі белгілердің жақсы дамығандығын көреміз. Күрделі композицияларды қолдану аясы да кең. Ою-өрнектері қызыл, көк, қара, ақ түсті болып келеді.

Түркмендерде аспан әлемімен, солярлы символдармен байланысты күрделі геометриялық белгілер қызыл және қара түстермен бейнеленеді.

Араб халқында геометриялық және өсімдік тәріздес символдарды каллиграфиялық мәтіндермен бірге қолдану басым. Мұндағы кең қолданылатын түстер - қызыл, көк, ақ, алтын түс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға