Жаңалықтар

Ою-өрнек - тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық

Ою-өрнек - тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық
11.11.2015 12:03 11817

Бүгінгі санымызда қазақ халқының мәдениетінде елеулі орын алатын оюлар мен өрнектердің маңыздылығы мен күнделікті өміріміздегі орны туралы талқылайтын боламыз.

Орнамент (лат. ornemantum–әшекейлеу ) – элементтері қайталанып келетін, әртүрлі заттарды әшекейлеуге арналған өрнектер. Ою-өрнек ертеден бастау алған өнер түрі. Қай кезеңде өмір сүрмесін әр халықтың өзіне тән өрнектері, символдары болды. Ою-өрнек – маңызды мәдени артефакт. Ол арқылы тарихи кезеңдегі адамдардың дүниетанымын, өмір сүру үлгісін, салтын, мәдениетін көруімізге болады. Орнаменттердің негізгі төрт қызметі бар: конструктивті - заттың тектоникасы мен кеңістіктік қабылдануына әсер етеді; эксплуатациялық - заттың қай салада қолданылатынын білдіреді; репрезентациялық - заттың құндық маңызын көрсетеді; психикалық - адам эстетикалық ләззат алып, тыныштанады немесе қобалжиды.  

Қоғамның технология жағынан интенсивті дамып, ақпарат кеңістігінің ғаламдық сипат алу жағдайында символдық мәдениет тілі қалыптасты. Қазіргі белгілер жүйесі қызметінің ерекшеліктерін айқындау мақсатында этностардың ұлттық ою-өрнектерін протомәдениет элементі ретінде қарастырылды. Дипломдық жұмыста ою-өрнек тарихы, пайда болу себептері, даму ерекшеліктері зерттелді. Зерттеу концепциялары мен ою-өрнек туралы теориялар жан-жақты қарастырылды. Ұлттық ою-өрнектің классификациясы жасалып, семиотикалық базисі анықталды. Ою-өрнектің семиотикалық жүйесін жеке бір дәуір аумағында немесе бір ғана этнос аясында емес, Қытай, Жапон, славян секілді халықтардың өрнектерімен салыстыра отырып қарастырылды. Ұқсастықтары мен ерекшеліктері айқындалды.

Ою-өрнектің негізгі түрлері: геометриялық (шаршы, тор, крест, «қос тұмарша», «сызықты тұмарша», «балдақ тұмарша», «балдақ үлгі», «тақта өрнек»), өсімдік тәріздес (гүл, көк шөп, жапырақ, үш жапырақ, бүлдірген), зооморфтық (қос мүйіз, төрт мүйіз, сыңар мүйіз сынық мүйіз, бұғы мүйіз, бота мойын, қос алқа, түйе табан, түйе өркеш), антропоморфтық (адам бейнесі, дене мүшелері), діни(крест, каллиграфия). Символдық өрнектерді зерттеуде геральдика ғылым саласының маңызы зор. Геральдика (heraldіca) – гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Мемлекеттік туларда кездесетін мотивтердің терең мәні бар. Мысалы гарпия – басы, кеудесі әйел адам, денесі, қанаты бүркіттікі, тырнақтары темір құбыжық; көгершін – тазалық пен бойсұну, Қасиетті Рух символы; грифон – басы бүркіт, денесі арыстан бейнелі құбыжық. Жылдамдық, күш, мықты билік символы; айдаһар – бүркіттің басы мен аяқтарынан, жыланның денесінен, жарқанаттың қанаттарынан тұратын, құйрығы бар құбыжық. Күш пен құдіреттілік белгісі.

Бұрын белгілі бір ұғымды, түсінікті білдіретін ою – өрнек таңбалары бертін келе жатқан сәндік, салтанат белгілеріне айналды. Әйтсе де, кейбір ою-өрнек үлгілерінің бастапқы мағына ұғымы сақталып қалған.

Көшпенділерде өсімдік тектес ою-өрнектер аз емес. Өсіп-өнетін табиғат дүниесін кие тұту, олардың да жоны бар деп қабылдау сенімі басым еді. Төрт жапырақтан тұратын гүл ою дүниенің төрт торабын, әлемнің үйлесімділігін білдіреді. Халық қол өнеріндегі ең активті қолданылатын, күллі оюлардың атасы аталған өрнек – қошқар мүйіз. Бұл – молшылықтың, тоқшылықтың, берекенің символы. Қошқар, қой – байырғы адамзаттық діни ұғымда Жаратушының Ыбырайымға көктен жіберген қасиетті құрбан малы. Әлемнің көптеген халықтары үшін мүйізді жануар киелі делініп, тіршіліктің тірегі саналған. Көптеген сюжетті оюларда қошқар мүйіз адам бейнесін елестетеді. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» ескерткішінің киімінде анық көрініс табады.

Қазақтардың ұғымында түр-түстің де орны айрықша. Бояу түсі мен ою мәнерінің тепе – теңдік ұстанымдары берік сақталуы керек. Сонда өрнектің эстетикалық әсерлілігі байи түседі. Бояу мен түстерді таңдап пайдаланудың халқымыздың таным-түсінігіне байланысты символикалық мәні де болған: «көк» - аспанның, «қызыл» - оттың, күннің, «ақ» - ақиқаттың, қуаныштың, бақыттың, «сары» - ақыл-парасаттың, қайғы-мұңның, «қара» - жердің, «жасыл» - жастықтың, көктемнің символдары.

Сонымен бірге безендіру жұмыстарын, композициялық жұмыстарды белгілі ережелер мен түсініктерге: ырғақтың сақталуы, симметрия бояулардың гармониялық байланысы, т.б. сүйене отырып орындауды қажет етеді. Туындының ерекшелігін, атап айтқанда, композиция ерекшелігін арттыруда үйлесімнің үлкен орны бар. Гүл оюларының өзінде де халықтың дана ойы жатқандығын мынадан көруге болады: «гүл мен гүл» түйдегінің айқас бірігіп салынуы ел бірлігінің, ынтымақтастығының меңзейді.

«Су ою» да байырғы, киелі. Су ертедегі ұғымда жаратушы адамдардың бірі ауырған адамдарды сумен ұшықтайды. Көне түрік жазбаларында «от ана», «су ана» деген тіркестер кездеседі.

«Тау оюы» - мәңгіліктің, күш – құдыреттің символы.

Әрбір ою-өрнектегі атау жай ғана атау емес, сол атаулар арқылы ою-өрнектің тал бойында жасырын жатқан сырды, маңызды да мағыналы ойды алуға болады. Мысалы, «орамал балдақ» - оюының атауында терең мән жатыр, «орамал» - әйелдер басына тартатын жаулық, «балдақ» - шымылдықтың бау өткізетін шығыршығы, ілгегі, яғни орамал мен балдақ жаңа түскен келінге жаулық салу сияқты қазақ салтының шартты бейнесі. «Орамал балдақ» - өрнегінің жан-жағына «тұмар», «гүл оюы», «су оюлары» салынып, қызыл, жасыл, көк түспен боялады. Мұнысы «туған жердің гүліндей жайнап, сарқырап тоқтамай, аққан судай мәңгілік халқыңа қызмет ет» - деп халықтың жаңа түскен келінге айтатын арман тілегі.

«Өнер көзі халықта» дегендей, өнер түрлері елде мол, халықпен бірге жасап келеді. Қазақ халқының ою-өрнек – байырғы ұлттық өнерлердің ішіндегі ең ежелгісі, әрі кең таралған түрі. Қазақтың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани-эстетикалық танымымен астасып, этнографиялық мәнге ие көрінісімен ерекшелене түскен. Демек, ою-өрнек – ұлтымыздың мәдени даму шежіресі, халықтың өткен тарихы – рухани, мәдени-материалдық өмірінің айнасы. Жаныңа ләззат сыйлайтын эстетикалық мәні зор бұл өнердің адам баласына берері мол. Сұлулыққа, әсемдікке, сабырлық пен төзімділікке баулитын ою-өрнек сыры тереңде жатыр.

Модельерлердің шығармашылығын этникалық мотивтерсіз елестету қиын. Дизайнерлердің шығармашылық шабыт көзі - ұлттық мәдени мұра. Ұлттық дәстүрді киім тігуде қолдану қазіргі қазақ халқының дәстүрлі мәдениетке, өнерге деген қызығушылығы бар екендігін көрсетеді. Сонымен қатар қазақ дизайнерлерінің әлемдік сән үлгісіне ұлттық құндылықтарды енгізуі арқылы халықаралық қатынас қалыптасады.

Ою-өрнек өнердің өзге түрлерімен тығыз байланыста: зергерлік бұйымдар жасау, үй интерьерін, жиһаз дизайнын, маталарды безендіру, архитектура.

Келешек ұрпақ мақсаты – осы киелі өнерді әрі қарай дамыта отырып көздің қарашығындай сақтау. Біздің мақсатымыз қолөнердің бай мұраларын жинап, заманымызға лайықты сапа, түр беру әдісімен оларды сақтап қалу және дамыту. Халық мұрасындағы ұлттық өрнектердің үйлесімді реңдері ата-бабаларымыздың тұрмыс, салт-дәстүрін бейнелегендей. Анықтап айтқанда, халқымыздың тарихын, шежіресін, жағрапиясын, мінезін, ерлігін дәл бейнелейтін ою-өрнектей құдіретті өнер жоқтың қасы. Бұл өнер әрбір халықтың болмысымен бірге туып, біте қайнасып келеді. Қазақ ою-өрнегінің табиғаты халық өнерінің тарихи дәстүріндегі сұлулық пен әсемдікті көре білетін, байқай алатын зерделі азамат тәрбиелеуге айрықша ықпал ететіні анық. Жалпы қазақ ою-өрнек мәселелерін зерделеу нәтижелері ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе, олардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттыру процестеріндегі өзіндік маңызы мен орнының ерекше екенін көрсетіп отыр. Ұлттық ою-өрнек, терең тарих және философиялық, көркемдік эстетика тұрғысында ұрпақтың санасын ашып, оның айналаға деген көзқарасын анықтап, ой-өрісінің дамуына шынайы да ұтымды әсері бар өзіндік сыры мол әлемге еліктіретіні анық.           

Бүгінгі таңда қайта көркейген, жаңа мазмұнға ие болған, өмірімізде өзінің лайықты орнын алған бұл өнер саласына өткеннің ескерткіші ғана емес, күнделікті тұрмыс тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық ретінде қарауымыз керек.


Айжан ЕСЕНАЛИНА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға