Жаңалықтар

«Оян, қазақ. Таптым-ау сені». Биыл қандай отандық фильмдер көп касса жинады?

«Оян, қазақ. Таптым-ау сені». Биыл қандай отандық фильмдер көп касса жинады?
Фото: Коллаж El.kz 28.12.2023 17:13 4326

Кинематография – қай уақытта болмасын адамдар сүйсіне көретін, шабыт алатын және өте үлкен сұранысқа ие өнер саласы. Бізді жыл сайын киноның отаны атанған Голливуд түрлі картиналарымен қуантады. Ай сайын жаңа премьера, жаңа эмоциялар сыйлайды. Ал, өзіміздің отандық кино саласы үшін биыл қандай жыл болды? Қай қазақстандық туынды көрерменнің ықыласына бөленді? Ендеше, el.kz ақпараттық агенттігі 2023 жылғы халық көңілінен шыққан отандық фильмдерді назарларыңызға ұсынады.

 

«Таптым-ау сені» (2023)

"Таптым-ау сені" романтикалық комедия. Фильм – актриса, продюсер Дариға Бадықованың продюсерлік еткен алғашқы туындысы. Таптым-ау сені - бұл романтикалық қарым-қатынастың әсерінен достықтың күрделілігі мен өзгеруін көрсететін, сондай-ақ достық пен махаббат арасындағы таңдау туралы ойландыратын фильм. Бұл кинодрамада жеке қалау мен сіз үшін қымбат болған достықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтау қаншалықты қиын екенін көрсетті.

Айта кету керек, аталған туынды кинотеатрлардан көрсетіле бастағаннан кейін небәрі 10 күн ішінде миллиард теңге касса жинап, отандық фильмдер арасындағы рекордты жаңартты.

Оған қоса, «Таптым-ау сені» киносының саундтрегі арнайы жазылды. Қазір ол бейнебаян YouTube-та 15 миллион көрілім жинады.

 

«Мыржақып. Оян, Қазақ!» (2023)

Qazaqstan Ұлттық телеарнасының қолдауымен түсірілген туынды алғашында 6 сериядан тұратын фильм болып жарық көрді. Кейін, басшылық және режиссерлық құрамның шешімімен 2 сағаттық толықметражды фильм ретінде кинотеатрларға жол тартты.

«Алаш-Орда» үкіметі мен Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатұлының өмірі туралы тарихи фильм үш күн ішінде комедиялық фильмдерді басып озып, 107 миллион теңге касса жинады.

Еске салсақ, фильм кинотеатр арқылы көрерменге жол тартып, 3 күн өткеннен кейін прокаттан алынып тасталғаны әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Кейінірек  бұл Qazaqstan Ұлттық арнасының шешімі екені белгілі болды. Алайда, халықтың сұранысы бойынша, туындыны көру мүмкіндігі тағы бір аптаға созылған болатын.

 

«Маған назар аудар» (2023)

Фильмді «Назар аудар» театры құрамындағы жігіттер түсірген. Басты рөлде: экс-жайдарманшылар Ақболат Утебай мен Ғазиз Ерболат. Жалпы, фильм отбасылық өмірдегі кейбір мәселелерді ашық көрсеткен. Ал, сюжет бойынша, басты кейіпкер түс көреді. Түсіндегі бір аруға ғашық болып шынайы өмірден, күйбең тірліктен, тамақ иісі шығатын әйелінен баз кешеді. Түсіндегі арумен жолығу үшін ұйықтауға асығады. Кино туынды көпшылық қызу талқыға түсіп, көрермендердің көңілінен шыққаны анық. Оған дәлел, фильм аз уақыт ішінде кинопрокаттан 1 миллиардтан астам қаражат жинады.

 

«Келінжан 2» (2023)

Қазақстандық көрермендердің ықыласына бөленіп, көптің көңілінен шыққан "Келінжан" телехикаясы жалғасын тауып, үлкен экрандарға толық метражды фильм боп 2022 жылы шықты. Бір жыл өткен соң, кино туындының екінші бөлімін түсірді. Комедия жанрында түсірілген фильмде көптің сүйіктісіне айналған Қылышбек пен Айсараның отбасылық өміріндегі қызықтар көрсетіледі. Одан бөлек, ауылдағы қазақтардың ғұмыр салты, стеоротиптері  мен жанұя ішіндегі біз байқай бермейтін проблемаларды әзіл арқылы жеткізген.

 

«Хотя бы кино 2» (2023)

Бұл фильм де жоғарыда көрсетілген фильмдер секілді комедия жанрында түсірілген. Әзілкеш Қайрат Әділгерейдің туындысы да көрерменнің көңілінен шықты. Отандық продюссер Әсел Тоянованың мәліметінше, биылғы прокаттан ең көп қаржы тапқан фильмдер ішінен «Хотя бы кинода 2» фильмі 1 млрд теңгеге жуық касса жинап, екінші орынға тұрақтаған. Жалпы, картина еліміздегі билік басында кездесетін проблемаларды қозғаған. Сыбайлас жемқорлық, пара беру және өзінің өкілеттілігі мен қызметін асыра сілтеу секілді тақырыптар әзілмен жеткізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға