Жаңалықтар

Қой сауу

Әр малдың сауылу мерзімі мен тәсілі әртүрлі. Қой – үш ай, ешкі - 5 ай, ал сиыр одан ұзақ уақыт бойы сауылады. Бие - алты ай, түйе он екі ай сауылады.
22.08.2014 10:51 10023

Қой сауу. Әр малдың сауылу мерзімі мен тәсілі әртүрлі. Қой – үш ай, ешкі - 5 ай, ал сиыр одан ұзақ уақыт бойы сауылады. Бие - алты ай, түйе он екі ай сауылады. Будан қой тұқымдарының ішінде кейбіреулері 3 айдан да артық сауылады. Қой сауатын адам дөрекі мінез көрсетпейді. Қой қоздағаннан кейін тамыз айының басына дейін таңертең және кешке екі рет сауылады. Қой саууда әртүрлі тәсілдер қолданылады. Аз қойды жеке-жеке ұстап тұрып, қозыларын салып, идіріп немесе көгендеп сауады. Қой көп болса, оларды қосақтап сауады. Қойларды сауу кезінде бастарын бір-біріне қаратып, керілген арқанға тізіп байлауды қосақтау дейді. Қосақтау үшін жасалған ұзын арқанды қосақ арқан деген. Қосақ арқанның салма қосақ және шалма қосақ тәрізді түрлері қолданылады. Салма қосақты ел ішінде керме қосақ деп те айтады.

Қой сауу

Қойдың кешкі сауымы. Princz Gyula. Utazasaim Belso Azsiaban (Budapest: Kertesz Jozsef, 1911) атты еңбектен 

Салма қосақ жасау үшін алдымен арқанның ұзындығына шамалас жерден бірін аласа, бірін одан биік етіп екі қазық (биік қазық қойдың бойынан асып тұруы керек) қағылады. Осы екі қазыққа арқан керіліп, қазыққа байланғаннан артығы бос қойылады. Салма қосаққа қойларды екі- екіден әкеліп қосақтайды. Ол үшін алғашқы әкелінген екі қойдың тамағын керілген арқанға қойып, байланған қызықтан артылып, бос қойылған арқанның ұшымен қой мойындарының үстінен бастырып отырып, керілген арқаннан шалып алады. Қой басы шығып кетпейтіндей етіп шалып алған арқанды тартып қояды. Одан әрі осы арқанға екі қойды қарсы жағынан әкеліп, олардың да мойындарын керілген арқан үстіне қойып тұрып, алдыңғы қой бастарына тақап қысып тартып, қалған қойларды да осы тәртіппен тізіп байлайды. Сауылып жүрген қойының көптігін қой сауудың осындай тәсіліне байланыстырып, «Салма қозақ қой сауған» деп білдірген.

Шалма қосаққа қазықтар қағылмайды. Ұзын арқанның бір ұшын ілмектеп, қойларды қосарлап, мойындарынан арқанды ілмектеп шалып, тізіп шығады. Қойлар түгелдей тізілген соң, арқанның ұшын тұйықтап байлайды. Сауып болған соң арқанның байланған ұшын шешіп тартып қалғанда, қойлар бір-ақ ағытылады. Шалма қосақтың осындай ерекшелігіне байланысты оны ағытпа қосақ, ағытпалы қосақ деп те айтады (қ. Қосақ).

Қойдың сауылатын уақыты халық арасында қой сауымы, қой сауыны қой сауманы, сауыны келу деп, ал сауылатын қойларды саулық қой, сауулы қой деп атайды.

Көп қойды саууға айдап әкелгенде көгенделмеген қозылар немесе көгеннен ағытылған қозылар енесін көріп, маңырай жүгіріп, жамырайды. Қозылар жамырағанда саулық қойлар исінеді. Қойды қозысын емізіп, немесе емізбей саууға байланысты қой сауу тәсілдері әртүрлі аталады.

Қозысын емізбей саууды – үріптеу, қозысын емізбей тұрып сауып алып, екінші рет қозысын емізіп барып саууды жебей сауу, жебу, идіріп сауу дейді. Идіру деп қойды және т.б. малды төлін емізіп тойдыруға немесе сүтін сауып алуға, исіндіруге дайындауды айтады. Сауын малын идіру үшін төлін аздап емізіп алады. Иіген малдың желіні сүтке толады, сыздайды. Малдың сауылып жатқанын, мал сауынын идірім деп атайды. Үріптей сауу мен жебей сауу салма қосақтағы қойларға жиі қолданылады. Салма қосақ қой сауғанда әйелдер әуелі қосақтың бір шетінен бастап, екінші шетіне қарай қозыларды бір рет емізбей сауып шығады. Одан соң екінші рет қойларды жебей сауып (иітіп, идіріп) шығады. Идіріп сауудың астынан идіріп сауу және жанай идіріп сауу тәрізді түрлері бар. Қойды үріптеп сауған соң, қозысын емізіп отырып, идіріп алып сауу – астынан идіріп сауу, ал қозысын еркінше емізбей, тек жанастырып барып, қой исінген кезінде сауу жанай идіріп сауу деп аталады. Кей жерде бұл тәсілді төлін салу дейді. Төлін салу – төлін аздап қана емізіп, қой иіген сәтте жылдам сауып алу.

Қой сауу

Қойдың түскі сауымы. ҚР МОМ қорынан (КП 2505/5)

Жебей сауу тәсілі бойынша қой немесе басқа да сауын малы қайта сауылатындықтан, желіндегі сүт сарқа сауылады. Сауылған сүттің жебінді сүт, иінді (иінді сүт) деп аталуы мал сауу тәсілдерінен шыққан. Мал желініне жиналған сүтті сауып алғандағы сүт – жебінді сүт, жебей сауылған малдың төлін бауырына салып иітіп алып, қайта сауылған сүт иінді сүт деп айтылады.

Сауын малын идіру үшін төл салудан басқа қалыптасқан жолдары да бар. Мал сауатын адам түлік түріне қарай айтылатын одағай сөздерді белгілі бір әуезбен айта отырып, оның назарын аударып, айтқанға көндіруге әрекет жасайды. Мәселен, биені сауғанда «құр сал» деп, інгенді иіткенде «дүздір» деп, қойды иіту үшін «қош-қош» деп, дауысын көтеріңкіреп «бұйырады».

Қой жазда екі рет сауылғанмен, күзге қарай бір-ақ рет сауылады. Күз бастала қойдың күніне бір-ақ рет сауылуын кейбір өңірде қой бір келу, жаздыгүні түсте және кешке екі рет сауылуын қой екі келу десе, тек кешке бір рет сауылатын қойларды кешкі қой деп атайды. Сонымен бірге кей жерлерде сауылатын қойларды түс кезінде саууға әкелген, оны түскі қой деп аталған. Қой сауылып болған соң, қозыларды жамыратарда «Айда!» деген одағай сөз айтылады.

Сауылатын және сауылмайтын қой-ешкілер бөлек-бөлек бағылған. Мұндайда жаз жайлауда екі ауыл қатар отырып, бірі қозы-лақтарын қысыр қалған қойларға, серкешке қосып, келесі ауыл сауылатын қой-ешкілерді бағады. Саулық қойларды бағуға байланысты осылай отыруды халық тілінде бойдақ-саулық болу деп айтады.

Барлық малдың белгілі бір уақытта суалатыны сияқты қой да күзге қарай суала бастайды. Суалу – сауын малының сүтінің азаюы. Ол – мал табиғатындағы қалыпты жағдай. Оны кейде сүт тартылу, ақ болып кету дейді. Сүті тартылатын уақыты болмаса да, аурудың әсерінен сауылып жүрген түлік ақ болып кетеді. Мәселен, желінсаумен ауырған қой-ешкінің сүті ерте тартылып кетеді. Желінсау деп қой-ешкінің желіні іспей, ақ болып кетуін атайды. Ондай қойды саумайды. «Желінсау қой қосаққа кірмейді, Құр аяққа бата жүрмейді» деген халық мақалы саулық қойдың осындай күйіне орай қалыптасқан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға