Елордада отызыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбандарына тағзым етілді
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының монументі» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам белсенділері қатысты.
Монументке гүл қою рәсімін Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы өкілдері мен Ассамблея депутаттары бастады.
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев бастаған белсенділер саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін «Алашқа тағзым» шеруін ұйымдастырды. Шеруге қатысушылар Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы және басқа да құрбандардың фотосуреттерін ұстап шықты.
Іс-шара барысында қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов атап өткендей, 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өткізіледі, бұл рәсім дәстүрлі іс-шараға айналды.
Сондай-ақ өз сөздерінде ақын Несіпбек Айтов, қалалық мәслихат депутаты Зейнолла Ибкенов және Халықаралық әлем халықтарының рухани бірлігі академиясының академигі Александр Шефер осы тарих парағында өшпестей болып жазылып қалған оқиғаның әр адамның өмірінде маңызды орын алатынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, қала әкімдігі, қалалық мәслихат, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары мен қала жұртшылығы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.