Өткен жылы апатты жағдайға түскен Екібастұзда жылу беру маусымы басталды
Бүгін Екібастұзда күні жылу беру маусымы ресми түрде басталады. Облыс әкімі кеншілер қаласында жылуды іске қосу процесін жеке өзі барып қадағалауға алған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта мұндағы қайта жаңартылған № 2, 5, 8, 12 төрт жылу магистраліне гидравликалық сынақтар жүргізілді, сондай-ақ, желілерді жуу жұмыстары аяқталды. Іс-шаралар сәтті өтті. Қазір магистральдар химиялық тазартылған сумен толтырылуда.
Көктемде және күзде гидравликалық сынақтар кезінде анықталған барлық ақаулар жойылды. Желілер жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін жылу энергиясын беруге дайын.
- Ертең біз қалаға жылу беруді бастауды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатпен Екібастұзға келдім және үш күн бойы осында болуды жоспарлап отырмын. Іске қосу кезінде жылу желілері қызметкерлерінің, энергетиктердің және жергілікті әкімдіктің жұмысы жылумен жабдықтаудың барлық жүйесін теңдестіруге бағытталатын болады. Бұл реттеуді қажет ететін технологиялық тұрғыдан күрделі жүйе, сондықтан, қазан айының басында біз оны тәулік бойы бақылайтын боламыз. Барлық желілер дайын. Екібастұзда барлығы 400 шақырымға жуық желі бар, оның 74 шақырымы ауыстырылды, бұл 20%-дан сәл ғана төмен. Өкінішке орай, қалған 80%-ы ескі желілер және оларда жылу бергенде жедел түрде жойылатын кішігірім ақаулар орын алуы мүмкін. Өткен жылы болған жағдайға жол бермейміз, - деді облыс әкімі.
Жылу беру барысында анықталған ескертулерді жедел жою үшін 19 жөндеу бригадасының кезекшілігі ұйымдастырылды.
Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандық агрегаты (3 энергетикалық және 1 су жылыту) дайын. 10 қазанға дейін тағы 2 су жылыту қазандығы іске қосылады, ал, қалған 4 қазандық қазан айының соңына дейін аяқталады.