Жаңалықтар

Отбасындағы әкенің рөлін көтеру үшін «Отағасы» туралы заң керек – Бәпи

Отбасындағы әкенің рөлін көтеру үшін «Отағасы» туралы заң керек – Бәпи
Фото: parlam.kz 21.02.2024 11:41 716

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи отбасындағы ер азаматтың, әкенің рөлін де заңмен бекіту керегін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды. Депутат осы заң жобасынан «отбасындағы әкенің рөлін, ер азаматтың рөлін сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба?» деген сұрақ туатынын айтты.

Заң жобасының авторы ретінде сіздің жеке пікіріңізді білгім келеді. Заң жобасы жалпы қазақстандық мүддені қолдайды ғой, ұлт, ұлыс деген нәрсе жоқ. Бірақ біздің назардан шығармайтын бір мәселе бар. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамын қазақ құрайтынын білеміз. Осы залда отырғандардың көпшілігі «әкең келе жатыр», «қазір әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік. Бұл тұрғыдан келгенде сіз қалай ойлайсыз, әкенің, ер азаматтың рөлін көтеру үшін «отағасы» туралы заң қабылдауымыз керек шығар? - деді Ермұрат Бәпи.

Бәпидің бұл сауалына заң жобасының авторы ретінде Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жауап берді.

Менің жеке позициям – «әке – асқар тау». Әкенің орны да, рөлі де қазақтың отбасында, отбасы институтында ерекше. Біз егер ұлт және ұлттың болашағы десек, онда әке деген сөзбен түгел сабақтасып, байланысатынын жақсы білеміз. Бірақ бұл заңмен бір қолымен бесікті тербеткен, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдің бүгінгі таңдағы тұрмыстық қарым-қатынастағы озбырлығына белгілі бір тосқауыл қоятын бапты енгізіп отырмыз. Дегенмен менің де әкелердің, ер азаматтардың болашағына қатысты ой-пікірім бар. Біз ұлдың болашағын ойлаған халықпыз. Бірақ та Конституцияның жынысқа бөлмей, әйел мен ер азаматтың теңдігі нақты Конституцияда көрсетілген, - деді ол.

Жұлдыз Сүлейменова, ер азаматтың рөлін, отбасындағы баланың тәрбиесіндегі әкенің рөлін, ерекше орнын белгілейтін заң қажет болса, бірінші болып әзірлеуге, қабылдауға және оның орындалуына үлес қосуға дайын екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға