Жаңалықтар

Отбасылық зорлық-зомбылық үшін заңнаманы қатаңдату ұсынылды

Отбасылық зорлық-зомбылық үшін заңнаманы қатаңдату ұсынылды
Фото: senate.parlam.kz 14.03.2023 20:10 1304

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Сенатқа сілтеме жасап.

Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде қылмыстардың көпшілігі білім деңгейі және табысы төмен отбасылардағы ерлі-зайыптылар, бірге тұратындар немесе туыстар арасында жасалатынын атап өтті.

Алкоголизация, соның салдарынан қақтығыстар, жанжалдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық және тағы басқа әрекеттер осындай негізде туындайды. Бүгінгі таңдағы статистика – оның айқын дәлелі.  Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою үшін жалпы отбасы институты және тәрбиемен жұмыс істеу жөнінде пәрменді шаралар қажет, - деді сенатор Лукин.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха сенаторларға мекеменің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы әкімшілік баптар бойынша санкцияларды күшейтетін ұсыныстары туралы айтып берді. Біріншіден, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыз жазудан анықтау сипатына көшеді. Тәжірибе бойынша, өтініштердің көбісі кері қайтарылады немесе полицияға жүгіну процесіне мүлдем жетпейді. Бұл түзету полицияға жәбірленушілердің арызынсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату ұсынылады. Жаңа редакцияда «жанжалқой» адам зорлық-зомбылықты алғаш жасаған кезде ғана сотта татуласа алатыны, ал қылмыс қайталанған жағдайда бұл құқық алынып тасталатыны туралы жазылған. Бұл өзгертулер «жанжалқой» және басқа адамдардың зардап шеккендерге психологиялық қысым жасаудың қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік беретін болады.

Депутаттар бұл түзетулерге қолдау білдірді және барлық мүдделі құрылымдардың үйлестірілген әрекеттері азаматтарды отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылықтан қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға