Жаңалықтар

Отбасы банк: Үй алу үшін жаңа бағдарлама басталады

Отбасы банк: Үй алу үшін жаңа бағдарлама басталады
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 16.02.2024 18:53 32279

"Отау" бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылады. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Отау" бағдарламасына кімдер қатыса алады?

  1. Отбасы банк салымшылары ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;
  2. Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;
  3. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс;
  4. Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);
  5. Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;
  6. Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда аталмыш қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

"Отау" бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін баспана сатып алудың қосымша құралы. Ол қазақстандықтар арасында үнемдеу мәдениетін нығайтуға әрі арттыруға арналған. Себебі, ең үнемшіл салымшылардың төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша заем алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде салым жинақтау бірнеше жылдан кейін заем бойынша мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндік Отбасы банк клиенттеріне "несиеден шаршауды" болдырмауға көмектеседі.

"Отау" бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттайтын боламыз. Бұл ақша Отбасы банктің өз қаражаты есебінен бөлінетін болады, сондай-ақ қазақстандық қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. "Отау" бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, - деп атап өтті "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін, otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері үшін - әрбір 1 000 теңгеге 5 балл;

- салым мерзімі үшін - салымның әрбір жылы үшін 5 балл;

- тіркелген неке үшін - 10 балл;

– балалардың болуы үшін - санына қарамастан 50 балл.

 

Егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі.

Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек.

 

Заем көлемі қандай және қандай тұрғын үй сатып алуға болады?

- Алматы мен Астанадағы заемның ең жоғары сомасы - 30 млн теңгеге дейін;

- қалған өңірлерде - 18 млн теңгеге дейін.

- тек алғашқы нарықтағы тұрғын үй - Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында (оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бойынша);

- басқа елді мекендерде кез келген тұрғын үй.

 

Бағдарламаға қатысушы жаңа тұрғын үйді Баспана маркет (otbasybank.kz) порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.

Әрбір нысан аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын, тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.

 

"Отау" бағдарламасының шарттары:

Алғашқы жарна - 20%-дан бастап;

Кредит бойынша мөлшерлеме - жылдық 9% (ЖТСМ 9,2% бастап).

Несие мерзімі - 19 жылға дейін.

 

"Отау" бағдарламасын іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі (заем алушылардың келісімімен) Отбасы банкінің сайтында жарияланатын болады. Әрбір адам өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталда таныса алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға