Отандық «Шатырдағы екеу» фильмі халықаралық фестивальде жеңіске жетті

Отандық «Шатырдағы екеу» фильмі Ханты-Мансийскіде өткен XXIII Халықаралық дебюттік кинофильмдер фестивалінде «Душа России. Мировое кино» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Аталған туынды Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік мәліметінше, «Дух огня» – дебюттік фильмдерге арналған Ресейдің жетекші фестивальдерінің бірі. Фестиваль – жас режиссерлер үшін маңызды алаң. Биыл фестивальде 14 елдің жаңа фильмдері көрсетілді. Олардың қатарында Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Таиланд, Иран, Үндістан, Сингапур және басқа да елдер бар.
«Шатырдағы екеу» фильмі – режиссер Гүлшат Смағұлованың дебюттік фильмі. Онда адамның өз орнын табуы, махаббат пен мейірім секілді маңызды тақырыптар қозғалады. Туынды кездейсоқ кездесулер адам тағдырына қалай әсер ететінін баяндайды.
«Росконгресс» қорының жүлдесі фильмде мәдени, тарихи құндылықтар көрсетіліп, олардың мәні толық ашылғаны үшін табысталып отыр.
