Жаңалықтар

Отандық көмір өндірушілер серпінді жобаларды іске асырып жатыр

Отандық көмір өндірушілер серпінді жобаларды іске асырып жатыр
Фото: turkystan.kz 21.02.2023 20:03 1004

Отандық көмір өндірушілер серпінді жобаларды іске асырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.

Энергетикалық көмірді өндірушілердің бірі «Шұбаркөл Көмір» АҚ қуаттылығы жылына 200 мың тонна болатын арнайы кокс шығару жобасын іске асырып жатыр. Биыл қазан айында арнайы кокс шығаратын жаңа зауыт іске қосылып, кәсіпорынның өндірістік қуаты 400 мың тоннаға дейін артады деп жоспарланған.

Сондай-ақ аталған компания былтыр шілде айынан бастап белсендірілген көмірді өндіру бойынша жобаны қолға алған болатын. Биыл 280 тонна өнім шығару көзделген. Жобаның басты мақсаты импортты алмастыру. Белсендірілген қатты отын бірнеше салада қолданылатынын айта кетейік. Ол гидрометаллургия, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі және суды тазарту сынды бағыттарды қамтиды.

Бұдан бөлек 2022 жылдың маусымында Шұбаркөл кен орнындағы көмірден гуминді тыңайтқыштарды алуға байланысты тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғы іске қосылды. Жаңа қондырғының өнімділік қуаты 900 тоннаға дейін дайын өнімді шығара алады.

Сонымен қоса «Шұбаркөл Премиум» АҚ «Теміркокс» ЖШС-мен бірлесіп, ай сайынғы өндіріс көлемі 1800 тонна болатын арнайы кокс өндіретін зауытты іске қосты. Осы жылы 2 кезекті іске қосып, өндіріс көлемін 3600 тоннаға дейін ұлғайту межеленіп отыр.

Ал Sherubai Komir ЖШС және «Құлан көмір» ЖШС биыл көмір кенішінде ұсақтау-сұрыптау кешенін орнатуды көздемек.

Kazakhmys Coal ЖШС кен өндіру келісімшартын ұзарту шеңберінде «Көмірді зерттеу, тәжірибелік өнеркәсіптік қондырғы дайындауға конструкторлық шешімдер әзірлеу және Борлы кен орнындағы көмірді байытуға арналған  фабрика салу» жобасын іске асыруға бекініп отыр.

Еліміздің ірі көмір өндірушісі саналатын «Богатырь Көмір» ЖШС-де биыл 3 тоқсанда «Көмір өндірудің циклдік-ағынды технологиясы» инвестициялық жобасын жүзеге асырмақ ниетте. Оның нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаты қазіргі 42 млн тоннадан 50 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп болжануда.

Бұдан басқа «Ангренсор Энерго» ЖШС-нің өндіріс орнында цифрландыруды дамытып, Индустрия 4.0 бағдарламасын қолдау аясында негізгі құралдарды жедел есепке алып, жөндеу, сондай-ақ «ПИТ» дербес кластерлік қоры саласында автоматтандырылған жүйелер енгізілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға