Жаңалықтар

Отандық ғылымға «бес» деген баға бере алмаймын – Асқар Жұмаділдаев

Отандық ғылымға «бес» деген баға бере алмаймын – Асқар Жұмаділдаев
Фото: Видеодан кадр 14.04.2023 13:00 5733

Тәуелсіздік алған жылдары қазақ ғылымының жағдайы қиындап кетті. Зерттеу институттары жабылды. Қазақстан үшін бәрін жаңадан бастау керек болды.

Қазір мемлекет ғылымды дамытуға айтарлықтай көңіл бөле бастады. Ғалымдар да соңғы үш-төрт жылда сең қозғалғанын айтады.

Соңғы жылдары ғылымға бөлінген қаржы мен назардың нәтижесінде отандық ғылымдар коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты. QazVac отандық ғылымдардың жарқын жетістігі ретінде ғылым тарихында қалды.

Академика Асқар Жұмаділдаев ғылымға ерекше көңіл бөлініп жатқанымен өз көңілі толмайтынын айтады.

Қазақстандағы ғылымның дамуына жаман баға бермеймін. Бірақ «бес» деген де баға қоймаймын. 1946 жылдан бастап 50 жыл бойы жұмыс істеп тұрған Ұлттық ғылым академиясын жауып тастады. Оны енді жақсы нәрсе деп айтуға болмайды. Одан не ұттық? Ештеңе. Керісінше ұтылдық. Жақында Тоқаевтың жарлығымен қайта құрылды. Мен осыдан үміт күтемін. Ғылымға бөлініп жатқан назарға көңілім толады. Президенттің өзі ғалымдарды қабылдап отырса, сөз беріп отырса, осы жиынды ашуды маған беріп отырса, мен оған қуанам, - деді академик.

Академика Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, отандық жас ғалымдар әлемдік ғылымға үлес қосып жатқанмен оны түсінетін ешкім болмай тұр. Сондай-ақ ол математика саласы өзі қазақша атау берген Төртқара алгебрасының қалай дамып жатқанын да айтты.

Математика саласында шамам келгенше жұмыс істеп жүрмін. Бірақ біз базардан қайтып келе жатқан адамдармыз. Ертеңгі күні оқушым Төртқара алгебрасынан қорғайды. Бұған дейін Оксфордта, Берлинде, Портьеде PhD қорғады. Енді төртінші мәрте Алматыда қорғайын деп жатыр. Төрт PhD қорғау – мен үшін үлкен көрсеткіш. Ғылымға енген дүние бірден дамып кетпейді. Демек мен жанды жерінен ұстап отырмын деген сөз. Төртқара, төрткен деген екі алгебрамның төрткені аса дамымай жатыр. Оған  жұрттың қызығушылығы жоқ, - дейді Асқар Жұмаділдаев.

Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтың айтуынша, Қазақстандағы ғылымның дамуына бір сөзбен баға беру қиын. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріліп, қаржы бөлінетін болды. Бұрын мұндай болмаған.

Қазір ғылымдағы ең басты мәселе – потенциалы жоғары жастар қолдау. Ол үшін университеттер жанынан филиалдар ашып, оған шетелдік мықты ғалымдарын шақыру керек. Сонда біздің елде де ғылыми орта пайда болады. Жастарымыз да осы жерден білім алып, елімізде еңбек етеді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын қаржыландыруды тапсырған болатын. Мәселен, 2020-2022 жылдары ғылым саласын қаржыландыру екі есе өсті, ал 2025 жылға дейін ЖІӨ-нің 1%-на дейін көбейтуді жоспарлап отыр.

Бірақ әлі де кенже қалып жатқан тұстарымыз бар. Мәселен, әлемде әрбір мыңыншы адам ғалым, ал бізде әрбір екі мың бес жүзінші адам ғалым. Қазақстандағы бір миллион адамның ішінен тек 662 ғалым ғана шығады. Бұл солтүстіктегі көршіміз Ресеймен салыстырғанда 4,3 есеге, одақ құрамында болған Беларусьтен 2,7 есеге, ғылымы қарыштап дамыған АҚШ-тан 6,4 есеге аз.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, елімізде 21 782 ғылыми қызметкер бар екен. Олардың үштен бірінің ғылыми дәрежесі болса, 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға