Жаңалықтар

Отандық фармацевтика өнеркәсібінің дамуы талқыланды

Отандық фармацевтика өнеркәсібінің дамуы талқыланды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 13.04.2024 05:44 608

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту перспективалары отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің, бейінді қауымдастықтар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңесте қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы фармацевтикалық нарықтағы отандық дәрілік заттардың үлесін 50%-ға дейін арттыруды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі отандық өндірушілерге қазақстандық дәрі-дәрмектер мен медикаменттердің сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету шартымен өндірістік қуаттарды дамытуға және қазақстандық медициналық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға жәрдем көрсетеді. Біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасы және жалпы ұлт денсаулығы осыған байланысты екенін есте ұстаған жөн, - деп атап өтті министр Ақмарал Әлназарова.

Кеңеске қатысушылар фармацевтика саласының барлық мүдделі қатысушыларының өкілдерін қоса отырып, ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы хабардар етілді. Комиссия 5 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін болады: жоспарлау, баға белгілеу және сатып алу, инвестицияларды тарту, ДЗ сапасы мен қауіпсіздігі, IT-технологияны дамыту және фарминдустрия саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту. 

Әрбір жобалық топтың алдына нақты міндеттер қойылды, оларды орындау қазақстандық фармацевтика өнеркәсібін сапалы жаңа деңгейде дамыту стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кеңес барысында бірқатар іс-шараларды іске асыру, оның ішінде – отандық компаниялардан тауарларды сатып алу тәртібіне өзгерістер енгізу, Қазақстанда өндіруге қажетті стратегиялық маңызды дәрілік заттардың тізбесін айқындау, тауар өндірушілермен келісімшарттарды тексеру, Фармацевтика өнеркәсібін дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу жоспарланды.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның фармацевтика саласын дамудың жаңа деңгейіне бірлесіп ілгерілету үшін барлық мүдделі тараптарды ынтымақтастыққа шақырды, бұл халықты сапалы және қолжетімді дәрілік заттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға