Отандық авторлардың аудиокітаптары «AirAstana» жолаушыларына қолжетімді болады
Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «KitapTime – 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі өтті. Іс-шарада Ұлттық академиялық кітапхана мен «AirAstana» әуе акомпаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Ынтымақтастық нәтижесінде әуе компаниясының ұшағында ұшу кезінде жолаушыларға тыңдау үшін қызықты ұлттық аудиоконтент ұсынылады.
Бұл күні республиканың барлық аймағындағы 4000-ға жуық кітапханаларда отандық ірі баспалар, кітап дүкендерінің қатысуымен 1845 іс-шара ұйымдастырылды. Оған 60 мыңға жуық адам қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап оқу мен кітап шығарудың ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады деп атап өткені белгілі. Осы орайда үшінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль кітап пен кітап оқудың мәртебесін көтеру, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен оқырмандар үшін қарым-қатынас алаңын құруды көздейді,- деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али.
Сондай-ақ фестивальге келген қонақтар «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» әлеуметтік акциясына қолдау көрсету мақсатында түрлі жанрдағы кітаптар сыйға тартты.
Айта кетейік, биыл елордада өткен кітап фестивалі Ұлттық академиялық кітапханасының 20 жылдығына арналды.