Жаңалықтар

Отандық әлеуметтік бағдарламалардың түсірілу тарихы

Мойындаймыз, соңғы он жылдың ішінде Қазақстанның телеарналарында күнделікті жаңалықтарды айтпағанда әлеуметтік әр -түрлі ток шоулар көбейді.
Отандық әлеуметтік бағдарламалардың түсірілу тарихы
25.09.2017 17:33 2863

Әлемдік, отандық тележурналистика саласының мақсаты, приципі, түсінігі, көзқарасы араға белгілі уақыт салып өзгеріп тұратыны заңдылық. Соңғы он жылда көгілдір экрандағы көрсетілетін көп дүние –өнер, мәдениет шеңберіне шектелген. Медиаұсталарының ұстанымы-халықтың санасына салмақ салмай, көңіл күйін көтеру.  Алайда, қараша халық үшін қашанда әлеуметтік тақырыптарды талдайтын бағдарламалар басқа дүниелерден бір төбе биік тұрады. Бұл үрдіс көзі ашық  көрермен  барда өзгермесі анық. Дегенмен, жаҺандағы жаңаланып жатқан тенденцияға телеарналар да сай болуды көздейді. Мүмкін, сондықтан шығар, жылдан жылға әлеуметтік бағдарламалар азайып, шулы шоулар тамырын тереңге жайып келеді. Алайда, отандық журналистика саласының  мамандарынан дәріс алып, ой қорытқан біздің буын жоғарыдағы жеңілденген телевизия әлеміне наразы. Телеарнадағы бағдарламалардың басым бөлігі бұқара өмірін баяндап, адам пайымына пайдалы тақырыптарды талқылаудан талмау керек. Мінекей, осы биік принципті ұстанып, тележурналистикадағы басты бағыт, мазмұнды жанр- әлеуметтік хабарлардың табиғатын танып, даму бағыттарын талдауды жөн көріп отырмыз.

Қазақ телевизиясындағы эфирден өтіп жатқан өнімдерді сана тұрғысынан сараптасақ, әлеуметтік тақырыптар көбінше сюжеттер мен ток-шоуларда көтерілетініне көзіміз жетеді. Қоғам үшін маңызды мәселелер бағдарламаның сапасыздығынан  тереңінен талқыланбай, нәтиже шықпай қалатын кездер де көп болады. Осы тұрғыда, қоғамдық ойды қалыптастыру үшін әлеуметтік бағдарламалардың сапасына сын, жұмысына мін тағылмауы тиіс.

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы бес жылдығында әлем халқы тарихи құбылысты басынан өткерді. Ғалымдар ғасырлық ғаламат жаңалық ашып, құны қымбат құрылғы теледидарды ойлап тапты. Міне сол  сәттен бастап, телеарна, теле маман, теле ток -шоу ұғымдары пайда болып, тамырлары тереңге таралған салаларға айналды. Жоғарыда есімі жазылған ғалымдар теледидарды әлеумет үшін қиялдан қиыстырып, техникалық мүмкіндігі мол мүлік ретінде тұрмысымызға енгізгені аян. Жылдар өте телемамандар айтулы ғажап құрылғыны әртүрлі әдіспен әлем назарына ұсынып отырды. Алайда, өткен ғасырдың соңғы ширектерінде ғана Еуропаның атақты телеарналарында орта топтың ойларынан шығатын әлеуметтік бағдарламалар ашыла бастады. Алғашқы болып, әрине, АҚШтың адуынды арнасы ЭнБиСи элитаның талғамына қарамай, жұмысшыларды қызықтыратын тақырыптарға тоқталып, жаңалық ретінде ұсынуға ұмтылды. Мұндай эксперимент жұрт назарын бұрғызып, жемісін берген соң, өзге телеарналар да бақталастарының қадамдарын қайталап, әртүрлі бағыттағы әлеуметтік хабарларға көңіл бөле бастады. қалың қоғам телеарналардың ашықтығымен қарапайымдылығын бағалап, көгілдір экранды күнделікті көруді әдетке айналдырды. Бұл үлкен құбылыс тағы да бір үлкен түсінік тудырды. Тележурналистика саласының мамандары рейтинг дейтін көрсеткішті тірліктеріне тіркеді. Рейтингтың анықтамасын ол маман әртүрлі бағытта таныды. Рейтинг ол табыс. Рейтинг -танылмалдылық, ол сапа. Ал осы рейтингке қол жеткізетін бірден бір бағыт әлеуметтік тақырыптар екені айқын еді.

Көп ұзамай Францияның ең бірінші ашылған арнасы RTF те американдық әріптестерінің ізіне ілесіп, саяси бағытпен бірге әлеуметтік арнаны қатар алып жүрді. Журналист мамандығының құны әлеуметттік бағыттағы жұмыспен бағаланатын болды. Түптің түбінде бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік тақырыптарды табысты еңбек етулерінің нәтижесінде халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге телінді. Себебі, біржақты қарауды үйренген билік көгілдір экрандағы журналистердің айнадай айқын жұмысы арқылы жұмысшы таптың тіршілігін көре алатын мүмкіндікке ие болды. Бара бара әлеуметтік сала ауқымы анағұрлым кеңіп, ауыз толтырып айтар жетістіктерге жетті. Қазір, телеарнаның даму тарихын ой көзімен шола отырып, бір ғана айқын ақиқатты түсінеміз. Жиырмасынша ғасырдағы тележурналистиканың әлеуметтік бағытты ұстануының арқасында телеарнанің мүмкіндік масштабы үлкейіп, ол тәрбие, тағлым, «жедел жәрдем» ролін атқарды. Себебі, халық үйінің төрінде тұрған көк жәшікті қосып, өзі секілді қарапайым азаматты көре отырып, оның жақсысын үйреніп, жаманынан жиреніп, жеке болмысын жетілдіру жолына түсті. Бір сөзбен айтқанда көгілдір экранның салмағы артып, адамның өзін өзі тануына сеп болды.

Тұманды Альбион елінде тележурналистиканың өрлеу кезеңі екінші дүние жүзілік соғыстың аяқталған кезімен яғни, 1946 жылмен тұспа тұс келген. Телеарналардың оңалған осы тұсында журналистер әлеуметттік хабарларға баса мән беріп, эфир сеткасының басым бөлігін бұқаралық жаңалықтармен толтырған. Сол жылдардағы осы елдің мемлекеттік статистика агенттігінің мәліметіне мән берсек, осы әлеуметтік тақырыптағы журналистердің зерттеулерінің арқасында 1946 жылдан 1950 жылдың аралығында халықтың әл ауқаты, тұрмыс тіршілігі, жалақы көлемі 37 пайызға көтерілген. Себебі, микрафон ұстаған ақпарат саласының сарбаздары өткір репортаждар мен сюжеттерді көрсету арқылы биліктің назарын халыққа қаратып, саяси реформаларды жұмысшы топ мүддесіне сай өзгертулеріне ықпал еткен.

Әрине,осыдан-ақ әлемдік журналистикадағы әлеуметтік бағдарламалардың тарихының тереңде екенін білуге болады. Алайда, жоғарыдағы келтірген көне мәліметтер арқылы алғашқы тарауымыздағы өзекті сауалдың салмақты жауабын сенімділікпен айтуға болады. Әлбетте, телеарналарға әлеуметтік тақырыптағы бағдарламалар қажет. Жоқ, ауадай қажет. себебі, бұл бірегей бағытсыз, телеарна тірлігі жетілмейді, өнімі өнбейді, тіршілік дамымайды деп батыл баяндама жассасақ болады. Өйткені телеарнаның жүрегі ол жаңалықтар. ашып айтқанда, әлеуметтік ақпараттар.

Нарық пен саясаттың жазылмаған заңына сай барлық елдің телеарналары әзірге екіге бөлінеді. Ол мемлекеттік және коммерциялық. Үшінші түрі қоғамдық телеарналар еуропаның бірқатар мемлекеттерінде болғанымен табиғаты талапқа сай келмейтінін журналистика сарапшылары айқын дәлелдеген. Сондықтан арналарды екі топқа айырдық. Теория жүзінде мемлекеттік телеарналарда әлеуметтік бағдарламалар басым болуы керек. Себебі, ондағы есептік қамба қаражаты халықтың салығынан алынатыны анық. Алайда, сөзден іске көшіп, тәжірибеге көз жүгіртсек, парадокс пайымға келеміз.Кез келген елдің мемлекеттік телеарналарының эфир жоспарын қарасақ, уақыттың 51 пайызы саяси насихат бағытындағы хабарлар мен шоу бизнес жолындағы жеңіл дүниелерге толтырылған. Ал коммерциялық телеарналарда әлеуметтік ток шоулар, жаңалықтар жиі көрсетіледі. сондықтан екінші сатыдағы телеарналардың рейтинг көрсеткіші мемлекеттік арналарға қарағанда жоғары екені анық.

Өткен ғасырда көгілдір жәшік арқылы әлеуметтік бағдарламалардан өзге де дүниелерді ұсынсаң n-дік аудитория көретін еді. Ғалымдардың ғаламат еңбегінің көл көсір жемісінің арқасында телеарнаның альтернативті орнын ғаламтор басып жатыр. Сондықтан қолында пульті бар көрерменнің назарын арзан дүниемен ұстау мүмкін емес. Егер, тақырыпты есті оймен екшесек, қазір әлеумет өзіне қажетін телеарнадағы бағдарлама жалықтырса, интернеттен тауып алуына әбден болады. Тележурналистиканың өкінішіне орай уақыт өткен сайын көгілдір экрандағы дүниелердің салмағы азайып, ғаламтор мәзіріндегі хабарлардың ауқымы артып жатыр. Бірден бір себеп, интернетте ғаламтормен салыстырғанда сөз, ой, қиыл еркіндігі басым. шығармашылық шарықтау шегі бар. Ал теледидардағы әлеуметтік бағдарламалар тақырыпты толығымен ашып, мәселенің ақ қарасын ажыратып беруге мүмкіндігінің жоқ екені белгілі. Оған журналистің, оның басшысының, министрліктің міндеттелген талаптары мен бекіткен заңдары шеңберден шығуға жол бермейді. Ал көрермен көзі күннен күнге кеңірек ашылып, талғамы сағат санап жоғарылап жатыр. Әлеуметтік бағдарламалардың барынша еркін, шынайы көрсетілгенін қалайды. алайда, шеңберден шыға алмаймын деп тележурналистерге қол қусырып, писсимистік көңілге түсуге болмайды. Себебі, шетелдік телеөнімдерді әзірге қозғамай, отандық дүниелерді ой сүзгісінен өткізсек, тарихта қалатын, мұрағатта орын алатын бағдарламалар бар екені сөзсіз. Айтулы бағдарламалардың көрермен көңілінен шығауына ғаламтор мүмкіндігі бәсеке бола алмады.

Мысалы, «Қазақстан» ұлттық арнасының алтын қорында сақталған «Ақжүніс» бағдарламасы 2000 жылдардың ең үздік әлеуметтік бағыттағы ток шоу есебінде мойындалған. Бағдарламаның аудиториясын зерттегенде нәтежесі нонсонс еді. Себебі, хабарды барлық жастағы көрермендер көретіні анықталды. Психологиялық ерекшеліктерді ескерсек, буын арасындағы, жыныс арасындағы көрерменнің талабы бір бағдарламаға тоғысуы сирек болатын шығармашылық құбылыс. Қазақстанның медиа саласында бұқара көңілін бұрған бірден бір бағдарлама деп «Ақжүністі» айтсақ әділетті болмақ. Көрерменнің жүрегіне жол тапқан айтулы бағдарламаның мұндай жетістікке жетуінің сыры неде екенін ұққымыз келсе, хабардың ішкі саясатына мән бергеніміз абзал.
Бағдарламаның мақсаты әр қазақстандық отбасында болатын әлеуметтік проблемаларды кейіпкерлер арқылы көрсетіп, шешімді көп болып шешуге тырысу. Көрермен көгілдір экрандағы басына қиын күн түскен кейіпкердің тауқыметті тағдыры мен өз өмірін паралель өрбітіп, ұқсастық тауып, сабақ алды. өресіне өнеге тоқыды. Жар шетінде жалғыз жүрмегендігін түсініп, арнадағы көрініс есебінен есті болуды үйренді. "Ақжүніс" ұлттық арнаның сол жылдардағы паспортына айналды. Әлбетте, мұндай әлеуметтік ток-шоулар телеарнаға қай уақытта болсын керек.

2000 жылмен 2010 жыл аралығында отандық телеарналардың ішінде әлеуметтік тақырыптарды жиі көтеретін, көрсететін бірден бір арна КТК еді. Қазақстанның қай аумағына барсаңыз да тұрғындар айтулы телеарнаға тұрақты көрермен болды. Жаңалықтар сеткасына мән берсек, бір күнде жиырма ақпарат айтылса, оның жетпіс пайызы қатардағы азаматтардың проблемаларына арналды. Нәтижесінде бұқара КТК-ға бүйрегі бұрып, арнаны әділдіктің, шынайылықтың, қамқорлықтың символындай сипаттады. күнделікті өмірде құқығы бұзылса кез-келген азамат құқық қорғау органдарына емес, абыройлы арнаның журналистері шақыруды жөн көрді. Нәтижесінде, коммерциялық айтулы арнаның абыройы артып, биліктің санасатын деңгейіне жетті. Ал соңғы бес жылда КТК- ның саясаты өзгеріске ұшырады ма, әлде шығармашылық тоқырауға түсті ме, әлеуметтік бағдарламаларының сапасы да, өткірлігі де, шынайылығы да сынға лайық.
Он жыл бұрынғы КТК-ның орнын қазіргі күнде 31 арна басты. журналистика саласындағы объективті сарапшылардың зерделі зерттеуі бойынша отыз бірінші арна әлеуметтік тақырыптағы бағдарламаларының сапалы әрі креативті түсірілуінің арқасында көшбасшы сапында.

Әрине, әлеуметтік тақырыптарды тілге тиек етпейтін телеарна жоқ. Бұқаралық ақпарат құралы болған соң, журналистердің басты объектісі -халық екені сөзсіз. Алайда, олардың жасаған дүниелерінің барлығы неліктен көрерменнің көңілінен шықпайды? Көкейге қонбайды, жүректі қозғамайды? бұл риторикалық сұрақтың жауабын беру үшін журналистің кәсібилігіне акцент қою керек. Кез келген әлеуметтік ақпаратты көрерменге қызық қылып жеткізуге болады. Ойымыз орнықты болуы үшін ақпаратты аруға теліп көрейік. Егер бойжеткенді көрікті шүберекке ораса оған әлбетте сырт көз сүйсініп қарайды. Сол сияқты ақпаратты қазақтың сұлу сөздерімен көмкеріп, сөйлемдерді құбылтып құрап, түрлі тәсілмен жеткізсе, жаңалық жұрт құлағына құйылып, жүрегіне жол табады.

Бірақ, айтылған мәселені мән беріп зеттейікші. Мойындаймыз, соңғы он жылдың ішінде Қазақстанның телеарналарында күнделікті жаңалықтарды айтпағанда әлеуметтік әр -түрлі ток шоулар көбейді. Дегенмен, ешкімге жасырын емес біз айтып отырған бағыттағы бағдарламалардың басым дені көрші елдерден көшірілген. Ұлтымыздың басқа халықтарға дүние танымы, көзқарасы, салт санасы ұқсамайтынын ескерсек, көшірме дүниелерден өзімізді аулақ ұстайтын жөніміз бар еді. Әлеуметтік бағдарламалардың негізгі аудиториясы барлық жастағы қарапайым халық екені белгілі. Сондықтан қырағы халыққа бағдарламалардың өзіндік форматы, қолтаңбасы болуы маңызды. Әлеуметтік бағдарламаларға қатысты осы өзекті мәселе көрермен көкейінде жүргені соншалық, ғаламтор, баспасөз беттерінде жекелеген азаматтар сын мақалалар жазып, жеміссіз үрдісті тоқтатуды талап етуде. Заманауи көрерменнің қандай әлеуметтік бағдарламаларды көргісі келетінін сараптамас бұрын әлгі мақалаға көз жүгіртейік. 

Көзі қырағы қазақ көрерменінің талғамын жоғарыдағы айтылған пікірден анық аңғаруға болады.   Бүгінгі аудиторияның талғамы жоғары. Өйткені таңдау құқығы бар. Көшірме дүниемен көзін алдай алмайсыз. 

Саяси тақырыптағы бағдарламаларға қарағанда әлеуметтік бағыттағы хабарларда «цензура» азырақ қолданылатыны белгілі. Ал көрерменнің көңілінен шығу үшін сөз бостандығы мен ұтымды жеткізу тәсілі керек. Қаражат, заманауи техника дейтін дүниелер кейінгі кезекте. Сондықтан отандық телеарналарда миллионер аудиториясы бар бағдарламалар түсірудің мүмкін екендігін мойындайық. Әлі күнге дейін отандық телеарналардан шығатын бағдарламалар осы жоғары планканы ұстай алмауының  берден бір себебі шығармашылық ізденістің  аздығы. Екінші себеп- түсірілімге берілетін уақыттың аздығы. Шыны керек, телеарна әлемінде еңбек өнімділігі жоғары болғанмен мамандардың жетіспейтіні жасырын емес. Бір штаттағы бір редактордың қызметтік міндетінде  екі үш бағдарлама бар екені мәлім. Ал сапалы хабар түсіру үшін ол редактор ойланып, толғанып, шабыттанып, шақырып, шығармашылығын шыңдауы қажет.  Өзге хабарларға алаңдамай, табиғатына келетін бір бағдарламамен өмір сүруі керек. Сол кезде әлеуметтік бағдарламаларды түсіретін кадрлер сапасы жақсаратыны сөзсіз. Демек, әлеуметтік хабарлардың да сапасы артады.  

Ал әлеуметтік тақырыптардың кеңінен қамтылатын жанры-ток шоу екенінде дау жоқ.  Көрерменнің көзайымына айналған аталмыш жанрды  
АҚШ-тың атақты журналист- режиссері Филл Донахью ойда жоқта шығарған. Бір күні әйгілі тележүргізуші Филл «WHIO» телеарнасында кезекті қонағымен сұхбаттасып отырады. Кенет, алдын ала дайындаған сұрақтары таусылып қалады. Тапқыр журналист үнсіз қалмау үшін сасқанынан студиядағы көрермендерге микрофон ұстатып, тақырыпқа қатысты сұрақтарын қоюды ұсынады. Көрермендердің сұрақтары Филл ойлағаннан анағұрлым көп әрі қызықты болып шығады. Келген қонақтар берілген сауалдары жан жақты жауап береді. Көрермендер  жауаптарды естіп қана қоймай, өздерінің көкейлерінде жүрген көкейкесті пікірлерін танытып, «дөңгелек үстел» форматындағы бағдарлама  шытырман шоуға айналады. Тікелей эфирде өткен бұл бағдарлама бұған дейінгі хабарлардан табиғаты жағынан ұқсамағаны сөзсіз. Рейтинг те жоғары болады. Консервативті басшылар ары ойланып, бері ойланып, белгісіз жанрды бағдарлама форматына енгізуді дұрыс деп шешеді. Нәтижесінде 1960 жылы атағы жер жарған Филл Донахью ток шоу жанрын қалыптастырушы , әрі осы бағыттағы бағдарламаның бірден бір жүргізушісі есебінде танылады.

Әлеуметтік тақырыптағы әйгілі ток-шоулардың бірі-«1-ші Еуразия» телеарнасының «ЖКХ» бағдарламасы.  ТМД мемлекеттері бес жыл бойы бағдарлманың тұрақты көрермені болды.  Шынтуайтына келгенде, кез келген әлеуметтік бағдарламада тақырып ашылып қана қоймай, көтерілген мәселе шешімін табуы керек. Алайда, бағдарламалардың басым денінде тақырып тек көтеріледі. Көкейкесті проблема сол күйінде қалады. «ЖКХ» бағдарламасы өзіне биік мақсат қойды. Басына қиындық түскен кейіпкердің мәселесін міндетті түрде шешіп беруге тырысты. Миллиондаған көрермен куә, хабардың әр санында  тағдыр  тәлкегіне түскен кейіпкер журналистердің арқасында мемлекеттік органдардың назарына түсіп,  күрмеуі күрделі мәселенің оңтайлы шешімін тауып жүрді. 

«ЖКХ» бағдарламасының қоғам арасында беделі артқаны сонша үкіметтің өкілдері хабарды қалт жібермей қарап отыратын болды. жүргізушінің бір сұхбатында оқығанымыздай бағдарлама түсірілгеннен кейін бір видео нұсқа үкімет үйіне жіберіліп жүрген. Тиісті министрлік жергілікті аймақтағы проблемаларды бағдарлама арқылы көріп, оның шешілуін қадағалап отырыпты. Яғни, «ЖКХ» бағдарламасы өз миссиясын биік деңгейде орындады. Әлеуметтік мәселелерді қызған кезінде көтеріп,  оның дер кезінде шешілуіне жол ашып отырды. 

Тараудағы тақырыптың толыққанды ашылуы үшін отандық телеарналардағы коммерциялық арналардан көрсетілген айтулы бағыттағы бағдарламалардың тарихына тоқталып өтсек артық етпейді. 

«Қоғамдық қабылдау», «Қылмыс-ақпарат», «Алақан» хабарлары да көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Жоғарыдағы коммерциялық телеарнадан берілген бағдарламалардың көпшілігі өз кезеңінде арнаулы аудиториясының көңілінен шықты. Әлеуметтік ток- шоудың маңыздылығы мен қоғамға тигізер әсерін сөз еткенде Ресейдің «1-ші Еуразия» телеарнасынан он бес жыл бойы көрсетіліп жатқан «Пусть говорят» бағдарламасын атап өтпеске болмайды. «Новая компания» продюсерлік орталығынан шығып жатқан бұл бағдарлама аптасына төрт рет кешкі пром -тайм уақытында көрерменге жол тартады. Тақырыптардың басым көпшілігі отбасы, ошақ қасында орын алатын драмалық мәселелер. 

«Пусть говорят» бағдарламасы титрде жазылғандай авторлық бағдарлама емес екені анық. Хабар американдық тележүргізуші Джерри Спрингердің ток-шоуының көшірмесі. Алайда, алғашында бағдарлама жүргізушісі мен продюсерлер ток шоуды әйгілі мегажүргізуші Опра Уинфридің хабарына ұқсатамыз деп ойлаған.  
Бағдарламаның мақсаты келесідей: көрерменге шынайы, ойдан шығарылмаған оқиғаларды баяндау, кейіпкер арқылы көрсету. Тағдырдың тәлкегіне түскен кейіпкерге бағдарлама барысында көмек қолын созып, мәселесін шама шарқынша шешіп беру.

Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік бағдарламалар саяси хабарларға қарағанда «цензураға» көп ілікпейді. Алайда, «Пусть говорят» ток –шоуының 15 жылдық тарихында жеміссіз, арнаның абыройын түсіретін бағдарламалар аз болмапты. Төменде сол оқиғалардың бірнешеуіне тоқталып өтсек: 2002 жылдың мамыр айында Мәскеуде «Евровидение» өткені белгілі. Сол уақытта тікелей трансляциямен «Пусть говорят» бағдарламасы арнайы тақырып қойып, эфирге шықты. Алайда түсірілім барысында шақырылған сарапшылардың бірі-Отар Кушанашвили байқау жайында дөрекі ойын білдіріп, көрерменнің жағасын ұстатқан еді. Сол инциденттен кейін әйгілі шоу бизнес сарапшысы ұзақ уақыт телеарнаға шығарылмай, арнаның  қара тізіміне кірген еді.

2005 жылдың желтоқсан айында экстрасенсте туралы қозғалған хабарда басты кейіпкер- Кашпировский мен сарапшының арасында кикілжің туып,  түсірілім соңы үлкен дауға ұласады. Бағдарламада әлеуметтік өткір тақырыпты талқылағанда қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырайтын кездері де аз болмайды. Мәлесен, айтулы хабардың бір түсірілімінде Ресейдің интернаттарында тәрбиеленіп жатқан жетім балалардың мұң- мұқтажы жайында талқыланған болатын. Түсірілім эфирге шыққан соң, Ресейдің ұстаздар қауымы жүргізуші Андрей Малаховқа тақырыпты обьективті талқыламады деген ауыр айып тағып, телеарна басшысы К.Эрнсті сотқа берген.  

Бұл хатты неліктен тақырыпқа қатыстырып отырмыз? Себебі, әлеуметтік бағдарламаны жүргізгенде эфир тізгінін ұстаған тележурналист жауапкершілікті ұмытпай, бейтарап ұстанымда болғаны абзал екендігін ескерткіміз келеді. 

Ресей телеарналарындағы әлеуметтік ток-шоуларды түгендесек, көрші елдің тележурналистикасы шығармашылық тоқырауға ұшырағанын байқаймыз. Өйткені, соңғы бес жыл ішінде «Пусть говорят» хабарының көшірмелері ғана эфирге шығып жатыр. Өз еліміздегі өзекті мәселелерді, көкейкесті тақырыптарды көтеретін ток-шоулардың алды деп «Айтуға оңай», «Біздің үй» бағдарламаларын атап өтуге болады. 

«Айтуға оңай» бағдарламасы көрерменнің  әлеуметтік бағдарламаға шөлдеген кезінде эфирге шықты. Яғни, көрерменнің сұранысына сай бағдарлама жасалды.  Бағдарламаның бас продюсері әрі жоба авторы Серік Абас-шах. Ток-шоу- «Қазақстан» телеарнасының Алматыдағы филиалында түсірілгенмен аутсорсинг жүйесінде эфирге шықты. Анығын айтқанда, аутсорсинг дегеніміз -телеарнаның тапсырысымен жеке медиакомпанияның өнімі.  Сарапшылардың айтуы   бойынша  аутсорсинг өнімдерінің сапасы талапқа сай келмейді. Себебі, әдетте мұндай жүйеде түсірілген жоба жұмысын бақылау жеткілікті болмағандықтан кемшіліктер қылаң беріп жататыны белгілі. Алайда, «Айтуға оңай» бағдарламасында техникалық жағынан кінәрәт кетіп жатқанмен сценарий жазу, тақырып таңдау, қонақ шақыру жағынан кемшіліктер кетпейтінін айтқанымыз дұрыс.

Тек, кейде телеарна заңы бойынша бір қонақты үш ай үзіліссіз шақыруға болмайды. Ал кейбір келелі тақырыптарды екінің бірі естілікпен талқылай алмайды. Сол кезде амал жоқ,  мәселе сауатты ашылуы үшін қонақтар қайталанып  шақырылып қояды. Бірақ бұл сапа үшін жасалған қадам деп түсінуіміз керек. 

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан шығатын «Айтуға оңай» бағдарламасы үш жыл бұрын эфирге шықты. Ток -шоуда әлеуметтік, отбасылық тақырыптап талқыланады. Жүргізуші Бейсен Құранбек те қазақы мақам, мейірімді иірімімен, ерекше мәнерімен көрерменді өзіне елітіп әкетеді. Әлеуметтік ток шоуларды жүргізетін журналистер туралы кейінірек кеңірек жазатын боламыз. Ал әзірге бағдарламада талқыланатын тақырыптарға тоқталсақ. Ешкімге жасырын емес, хабар алғаш эфирге шыққанда көрерменді өзіне тарту үшін қойылымдық бағдарламалар түсірілді. Есімдері жалған қонақтар шақырылып, ортақ тақырып жасанды талқыланды. Алайда, мәселе шынайы көтерілмеді деп біз бағдарлама ұжымына кінә таға алмаймыз. Мұндай қадамдар заңды. Телевизия тарихында әрдайым кездесіп тұрады. Себебі, кез келген бағдарламаның бастапқы бірнеше эфирін қойылым арқылы қызықты етіп түсіріп, көрермен көңілін жаулауға жол табады. Көрермен бағдарламаның тұрақты аудиториясына айналғанда ток шоуда шынайы қонақтар шақырылып, өз позицияларын ортаға салуға мүмкіндік туады. 

«Айтуға оңай» ток-шоуында үш жылдың ішінде мыңдаған азаматтар өз мәселелерін ортаға салып, мұңдарымен бөлісті. Көрермен күн сайын қарапайым азаматтардың тәлкекті тағдырымен танысып, өзіне сабақ алады. Бұл бағдарламаны шын мәнінде көрерменге қажетті, ой оятатын, пікір қалыптастыратын жоба деп мойындауымыз керек. Бағдарлама айналдырған бір екі жылда жабылуы мүмкін. Бірақ «Қазақстан» ұлттық телеарнасының мұрағатында ерекше орынға ие болады деп сенімді түрде айта аламыз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, сапасыз әлеуметтік бағдарламалар деп өзімнің субьективті ойымша Еуразия телеарнасынан көрсетіліп жүрген «Ашығын айтқанда» бағдарламасын жатқызамын.  Сыным обьективті болуы үшін алдымен осы бағдарламаның телеарна сайтындағы қысқаша концепциясына көз жүгіртейік. «Ток-шоуда заманымыздың ең өзекті түйткілдері, жағымсыз, тіпті жаға ұстатар жайттар талқыланады. Ондай жайттар кез келгеніміздің басымыздан өтуі мүмкін».

Жаңа серияларда «Ашығын айтқанда» ток-шоуының авторлары несие секілді қаржылық өнімнің қажеттілігі туралы мәселе көтереді. Банктен қарыз алу керек пе және ертең қаржылық мекеменің құлына айналмас үшін оны қалайша барынша сауатты жасауға болады? Тағы бір тақырып – желілік маркетинг. Студияға пирамидалардың қарсыластары да, сонымен қатар желілік маркетингті бүгінде баюдың қолжетімді әрі табысты тәсілі деп санайтын жақтастары да жиналады.
Ток-шоу қонақтары «Ашығын айтқанда» жүргізушісі Алмас Алтаймен қыздардың абыройы туралы да әңгімелеседі. Қыздардың өмір сүру салтын, моральдық тәлім-тәрбиесі мен құндылықтарын есепке алғанда, болашақта оларды не күтіп тұрғаны туралы айтылады. 

Мұнан басқа, ток-шоудың жаңа серияларының бірі қазақстандық көріпкелдер мен өздерін көріпкел санайтындарға арналады. Тікелей студияда отырып, отандық көріпкелдер өздерінің қабілетттерін көрсетеді. «Ашығын айтқанда» ток-шоуының жаңа сериялары «Еуразия» бірінші арнасында дүйсенбі мен бейсенбі аралығында 13:25-те! Мұнда ең өзекті мәселелер жөнінде ашық әрі боямасыз айтады!».
Өкінішке қарай, айтулы тоқ-шоуда  қойылған мақсат толық жүзеге асып жатқан жоқ. Қоғамды жауыр қылған ескі тақырыптар талқыланады. Ол күн тәртібіндегі актуальдылығы жоқ тақырып толық ашылмайды. Себебі, кәсібиліктің жоқтығы. Бүкіл бағдарлама ұжымына күйе жағып, қаралаудан аулақпыз. Алайда, жүргізуші Алмас Алтай мен сценаристің тәжірибелері мен білімдерінің, ізденістерінің аздығы көзге оттай басылады. Бағдарламаға берілген 30 минут уақытта саналы сұрақтар қойылмағандықтан тақырып 20 пайызға ғана ашылады деуге болады. Мәселенің шешімі тұрмақ, көрерменге ақпарат толық жетпейді. Шақырылған қонақтарға да тамырын тап басатын сауалдар қойылмағандықтан қатысушы қанша шешен болса да жүргізушінің тәжірибесіздігінен пікірін ұтымды жеткізе алмайды. Ашығын айтқанда, бұл ток шоуда журналистика қағидалары мен талаптары сақталмайды. Сондықтан сапасы сын көтермейді деуге тура келеді. 

Ал енді көрерменнің көңілінен шыққан тағы да бір бірегей әлеуметтік ток-шоуды тілге тиек етейік. Былтыр мемлекеттік «Хабар» телеарнасында «Біздің үй» деп аталатын бағдарлама жарыққа шықты. Айтулы бағдарламаның сын сипатын беру үшін төмендегі жобаның синопсисіне назар аударайық.

Иә, бір отбасы бір отбасыға мысал болатын бұл бағдарламада алдыңғы буын мен кейінгі буынға өзекті өткір тақырыптар талқыланады. Ұтымды тұсы, жүргізуші ақпараттық саланың маманы болса да ток-шоуды көрерменге түсінікті тілмен жүргізеді. Бұл бағдарлама рейтинг бойынша «Хабардың» ең алдыңғы қатардағы тізімінде тұр. Яғни, әлеуметтік ток-шоу халықтың көңілінен шықты деуге болады. Хабардың әр санында қазақы менталитетімізге сай әдетпен шағын отбасында болып жатқан шытырман оқиға баяндалып, түсірілім барысында кейіпкерлер мен сарапшылар арқасында шешім табылады.  Яғни, журналистиканың талаптары мен міндеттеріне сай жұмыс істеліп жатыр. Егер «Біздің үйдің» эфирге шыққан алты ай уақытын таразыласақ талай әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылардың хәл-ахуалдары түзеліп, күйзелістерден жазылған сәттеріне көзбен кәу болдық. Яғни, бағдарламаның биік мақсаты ақталып жатыр. 

Еліміздегі тағы да бір ауыз толтырып айтатын әлеуметтік ток-шоулардың бірі-«Астана» телеарнасының өнімі-«Кеш емес» бағдарламасы.  Әдеттегідей, жобаның мазмұнына мән берейік.

Мойындауымыз керек, «Астана» телеарнасында бұл бағдарламаға дейін әлеуметтік ток-шоулар бұрын көрсетілмеген. Жас телеарна әлеуметтік ақпаратты тек жаңалықтар арқылы ғана көрерменге жеткізетін. Екі жыл бұрын танымал ақын-Қалқаман Сариннің жүргізуімен хабар жарыққа шықты. Бірінші айлар да бағдарлама рейтингі аса жоғары болмаған. Себебі, «Кеш емеспен» қатар сол уақытта  «Қазақстан» телеарнасында «Алаң» бағдарламасы эфирге шығып жүрді. Екі бағдарламаның да аудиториялары ұқсайды. Сондықтан «Кеш еместен» гөрі қырағы көрермен эфирге үш жыл бұрын шыққан  «Алаң» бағдармасына тұрақтаған еді. Рейтингті көтеру үшін айтулы әлеуметтік ток-шоу анонстың түр түрін қолданып, эфир уақытын өзгертті. Соның есебінен қазіргі күнде ток-шоудың көрермені көбейген. Бағдарламаны халыққа қолжетімді ету үшін осындайы маңызды қадамдарға барып тұрған абзал.

Осы тарауда біз Қазақстан мен көрші елдердегі әлеуметтік тақырыптағы бағдарламалардың қалыптасқан тарихы мен мазмұнына кеңірек тоқталдық. Әрине, отандық телеарна сыншылары шетелдік ток-шоулардың сапасын өз еліміздегі әлеуметтік БАҚ бағдарламалырынан оқ бойы озық дейді. Кәсіби көзбен қарасақ, әрине, келісуге де болады. Техникалық жағынан, шығармашылық ұжымның еңбек өнімділігі қырынан артта қалғаны анық. Алайда, диплом жұмысында атап өткен әлеуметтік тақырыптағы бағдарламалардың көрерменге пайдасы көл көсір. Себебі, олар қазақ қоғамына арналған. Қазақ ұлтының, өз мемлекетіміздің мүддесін ойлап, қамын жеп жасалған жұмыс.

Сондықтан өзге елдердің көрермендері бейқам қараса да, өз елдестеріміз әлеуметтік тақырыптағы бағдарламаларды көргендері, насихатын көкейге түйгендері дұрыс.

Мақала авторы Қонысбай Ғ. Е.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға