Жаңалықтар

Қостанайдың облыстық Аналар кеңесі бірнеше тың жобаларды жария етті

Қостанайдың облыстық Аналар кеңесі бірнеше тың жобаларды жария етті
27.05.2019 14:56 2908

Қостанайда облыстық Аналар кеңесінің отырысы өтті. Оның барысында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастырып, демалыс аймақтарында қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттігін жеткізді.

«Өкінішке орай, қазіргі уақытта жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсау фактілері кездеседі. Мұның себебі «биологиялық жалғыздық», баланы ата-анасы, достары, мектеп психологтары қоршағанымен, ол өзінің басына түскен мәселемен жақындарымен бөлісе алмайды немесе айтуға батылы жетпейді. Бұл ретте, біз баланың жан дүниесін түсінуге тырысуымыз қажет. Оларды мұқият тыңдап, қолымыздан келген көмегімізді аямауымыз керек. Аналар кеңесінің «Жүрек жылуы» жобасы бұл бағыттағы жұмыстардың бастамасы болмақ», - дейді Бибігүл Бүркітқызы.

Сондай-ақ, спикер жастардың бойына жанашырлық пен өзге адамдарға қамқорлық таныту сезімін қалыптастыру қажеттігін алға тартты. Оның пікірінше, ресейлік еріктілер бұл бағытта қарқынды жұмыс атқаруда. Ресейде 1000-нан астам еріктілер ұйымы тіркелсе, онда миллионға жуық адам жұмыс істейді.

«Ресейлік еріктілердің ең ірі жобасы – «Ерікті дәрігерлер». Бұл жоба өткен аптада Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында ұсынылды. Жобаның мақсаты - профилактикалық ағартушылық, салауатты өмір салты мен донорлықты насихаттау. Бұл іс-шараға 25 мыңңан астам ерікті қатысады. Біз бұл тәжірибені қабылдап, осындай еріктілер қозғалысын бастауымыз қажет» - дейді Бибігүл Бүркітқызы.

Ресейлік еріктілердің «Таза ауадағы ойын» жобасы Аналар кеңесінің назарына ілікті. «Жүрек жылуы» жобасының аясында бірінші кезекте демалыс аймақтары тазартылмақ.

«Біздің қаламызда жас натуралистер саябағы бар. Ол жерді қалпына келтіріп, тұрғындар үшін демалыс алаңына айналдыруға болады. Колледж студенттерін көмекке тартып, қаламыз үшін игі іс жасай аламыз», - дейді Аналар кеңесінің төрайымы Шушаник Саркисян.

Сонымен қатар, Аналар кеңесі «Кітап сөресі» акциясын бастап кетті. Іс-шараның мақсаты – адамдарды кітап оқуға баулу. Емхана, темір жол вокзалы т.б. қоғамдық орындарда кітап сөрелері қойылады. Кез келген адам кітабымен бөлісе алады. Балалар ертегілері, әңгіме, роман, шытырман оқиғалар т.б. мазмұндағы кітаптар өз оқырманын табады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға