Қостанайда жанар-жағармай талондарын заңсыз сатқан басшы ұсталды
2,5 мың литрден астам АИ-92 маркалы бензинге және 100 мың литрге жуық жазғы дизель отынына талондарды ұрлаған
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті жанар-жағармай талондарын үшінші тұлғаларға заңсыз сату фактісін анықтады, деп хабарлайды El.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қостанай жылу-энергетика кәсіпорны» МКК механикаландыру қызметінің басшысы қызметтік бабын пайдаланып, жанар-жағармай талондарын ұрлап, жеңілдетілген бағамен әртүрлі тұлғаларға сатып жіберген. Бұрынғы басшы 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта 2,5 мың литрден астам АИ-92 маркалы бензинге және 100 мың литрге жуық жазғы дизель отынына талондарды ұрлап, 18,5 млн теңге материалдық залал келтірген.
Сот қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл шартты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды, сонымен қатар ол барлық белгіленген мерзімге пробациялық бақылауға алынды.
