Жаңалықтар

Қостанайда Кавказ мәдениетінің IV республикалық фестивалі өтті

Қостанайда Кавказ мәдениетінің IV республикалық фестивалі өтті
06.11.2018 12:07 3241

Қостанайда Кавказ мәдениетіне арналған IV республикалық фестиваль өтті. 

Дәстүрлі іс-шараға  еліміздің өңірлерінен келген шығармашылық ұжымдардың өнерлерін тамашалау үшін көрермендер көп жиналды.

Аталмыш іс-шара 2012 жылдан бері «Бирлик» этномәдени бірлестігінің өкілдері және этномәдени бірлестіктің  жастар қанаты  көшбасшысы Зульфия Набиеваның бастамасымен жүзеге асырылуда. Фестиваль 2014 жылға дейін өңірлік деңгейде, 2015 жылдан бастап республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Қазақстан және Ресей өңірлерінен келген шығармашылық ұжымдар Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтарына өнерлерін паш етеді.

Биыл әр түрлі жастағы өнерпаздар өз қойылымдарымен қостанайлықтардың көңілінен шықты.   

Қарағандыдан келген «Хайдакъ» лезгинка мектебінің ұжымы Дагестан елінің екі биін тарту етті. Бұл шығармашылық ұжым Қазанда өткен халықаралық байқауда 1 орын иеленіп, Қостанайға жол тартты.

«Мен лезгинка мектебін 2013 жылы аштым. Лезгинка биі балалардың көбіне ұнайды, оны үйренуге деген талпынысын көргендіктен ансамбль құруды ұйғардым. Қазіргі таңда би үйірмесіне сан түрлі ұлттың балалары мен бойжеткендері қатысып, шеберліктерін шыңдауда. Қазан қаласында өткен байқаудағы жеңісімізден кейін әлі шабыт үстіндеміз. Фестивальге екінші рет қатысып отырмыз. Мұндай деңгейдегі іс-шаралар республикамызда санаулы.  Фестиваль аясында шығармашылық ұжымдар кездесіп, өзара тәжірибе алмасады», - дейді ансамль жетекшісі Умар Омаров. 

Алматы қалалық «Горец» би ұжымы Қостанайға тұңғыш рет келді.  Жас ерекшеліктері әр түрлі 60 бишіден құралған ансамбль «Праздник в горах», «Дети гор» сынды билерімен қостанайлықтардың көңілін баурап алды. 

Атыраудан келген грузин этномәдени бірлестігінің ұжымы «Иверия» шығармашылық ансамблінің  орындауындағы грузин билерін қостанайлықтардың назарына ұсынды.

«Би үйірмесіне 60 адам қатысады, оның 24-сі Фестивальға келді. Біз 6 жыл бұрын құрылған болатынбыз, 5 жастан бастап балаларды қабылдаймыз. Біздің міндетіміз – би арқылы грузин халқының мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын таныту. Өнерімізді республика шеңберінде және Ресей халқына таныстыруға тырысамыз», - дейді «Иверия» ансамблінің жетекшісі Дмитрий Бахтуридзе.

Фестивальдің тұрақты қатысушысына айналған «Эльбрус» Павлодар карачай-черкесс және кабардин-балкар ұлттық-мәдени орталығы» этномәдени бірлестігінің өкілдері тыңдаушы қауымды әсем әнге бойлатты.

Шығармашылық ұжым өкілі Ирина Кунах кавказ мәдениетінің жан-жақтылығын, белгілі бір ережелерді біліп, ұстану қажеттігін және шығармашылық ұжымдардың бұл міндетті ойдағыдай алып жүргендігін жеткізді.

Сонымен қатар, іс-шараға Жітіқара, Федоров аудандары мен Қостанай қаласының би ұжымдары қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға