Жаңалықтар

Қостанай облысында өртенген ауылдардан 1 841 адам көшірілді

Өрт сөндіру жұмыстары басталғаннан бері әуеден 109 рет су шашылды
Қостанай облысында өртенген ауылдардан 1 841 адам көшірілді
05.09.2022 14:25 1080

Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысындағы табиғи өрт бойынша 5 қыркүйек сағат 13.00-дегі жедел ақпаратты жариялады, деп хабарлайды El.kz. 

Өрт сөндіру орман аймағында 5 учаскеде (Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдары ауданында) өрт сөндіріліп жатыр.

Жиегінің жалпы ұзындығы - 5 км. Екі ауылда 91 тұрғын үй зардап шекті: Аманқарағай ауылында - 85, Озерный ауылында - 6.

Өртті сөндіруге 224 техника, 7 әуе кемесі (ТЖМ – 4 тікұшақ, Қазавиалесохран – 1 АН-2 ұшақ, МО – 2 тікұшақ), 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2193 адам күш-құралдар жұмылдырылған.

Өртті сөндіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ІІМ жеке құрамынан қосымша 300 адам жұмылдырылды.

10 адам (5 адам, оның ішінде бір бала, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жарақат, күйік алып, уланды, 1935 жылғы туған бір адам қаза тапты.

Өрт сөндіру жұмыстары басталғаннан бері әуеден 109 рет су шашылды.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 5 қыркүйекте Қостанай облысы Әулиекөл ауданының аумағында жоғары температура 31 градусқа дейін сақталады, желдің жылдамдығы секундына 7 метрге дейін жетеді.

4 қыркүйекте өрт аумағы 43 мың гектардан асты, орман шаруашылығының жалпы ауданы - 107 257 га.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Озерное ауылынан (250 адам), Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен (1000 адам), Калинино ауылынан (228 адам) және Лесное ауылынан (363 адам) жалпы барлығы 1841 адам эвакуацияланды.

Бағаналы ауылын қорғауға күш-құралдар шоғырландырылды. Қазіргі уақытта екі өрт ошағы жанып жатыр.

Жергілікті атқарушы органдар Бағаналы ауылынан 11 адамды, оның ішінде 2 баланы Қазбасы ауылына эвакуациялады.

Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланғандарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырды, эвакопунктерде 66 адам бар, қалғаны өз үйіне оралып, туысқандарына орналасты.

ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД жедел желі жұмыс істейді, психологтар жұмысы ұйымдастырылды. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 34 қоңырау келіп түсті.

57 адамға және топтық жұмыс форматында 45 балаға консультативтік көмек көрсетілді.

Новонеженка ауылында ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлім күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін палаталар тігілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға