Жаңалықтар

Қостанай облысына жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетілуде

Қазақстандықтар өрттен зардап шеккендерге көмек беру үшін белсенді түрде атсалысып жатыр.
Қостанай облысына жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетілуде
Фото: akorda.kz 05.09.2022 17:41 1347

Еліміздің түкпір-түкпірінен қазақстандықтар Қостанай облысында зардап шеккендерге қолұшын беріп жатыр, деп хабарлайды El.kz.

Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Наталья Рамазанованың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің атынан өрттен зардап шеккен облыс тұрғындарына 2 миллион теңге жиналған. Бұл қаражат Қостанай облысындағы көмек ретінде жиналып жатқан жалпы ортақ шотқа аударылатын болады. Одан бөлек Наталья Рамазанова ҚХА мүшелерінің өзге де көмек көрсетуге ниет білдірушілермен бірге Әулиекөлде жұмыс жасап жатқандығын айтты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Әулиекөлде жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда Солтүстік Қазақстан облысы мен AMANAT партиясынан көмекке заттар келді. Оны сұрыптауға облыстық Ассамблея, этномәдени бірлестіктердің қызметкерлері атсалысып жатыр. Қазіргі таңда азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақтардың барлығы келуде», – деді Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы.

Сондай-ақ олар алдағы уақытта тұрғындарға қажет заттарды анықтап, тағы да көмек көрсетілетінін айтты.

«Біз әзірге гуманитарлық көмек беру жұмысын уақытша тоқтата тұруды шештік. Өрттен зардап шеккендерге нақты не қажет екенін анықтап алғаннан кейін әрі қарай жалғастырамыз», – дейді Наталья Рамазанова.

Одан бөлек Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуге журналистер де белсене атсалысып жатыр. Барлық сомманы жинап болған соң, оны Қостанай облысына жібермек.

Ал AMANAT партиясының хатшысы Дәулет Кәрібектің айуынша, Қазақстан бойынша 1000-нан астам еріктілер әртүрлі жұмыстарды атқарып, гуманитарлық көмек берумен айналысып жатыр. Қазірдің өзінде AMANAT партиясы Қостанай облысына көмек ретінде бірнеше қажет деген заттарды жеткізген.

«Ел басына күн туған кезде AMANAT партиясы мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде алғашқы сәттен бастап гуманитарлық көмек ұйымдастырумен айналысты. Қазіргі таңда 807 тонна көмек жиылды. Оның 100-200 тоннаға жуығы Қостанайға жеткізілді. Гуманитарлық көмектің ішінде тек азық-түлік емес, тазалыққа арналған гигиеналық құралдар, одан бөлек құрылыс материалдары бар», – деді Дәулет Кәрібек.

Сондай-ақ партия мүшелері «Қайырымдылық.kz» қорына да қаржы жинап беруге көмектеіп жатыр.

«Партияның орталық аппарат қызметкерлері, Мәжілістегі «Аманат» фракциясының мүшелері, елорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе, Ақмола облысынан жергілікті филиалдар өкілі, «Жастар Рухы» еріктілері қызмет етіп жатыр. Таңертең осы құраммен елорда, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген бірнеше ауыр жүк көліктерін күтіп алдық. Көмекке берілген заттарды жергілікті Әулиекөлдегі спорт мектебіндегі орталыққа орналастырдық. Енді алдағы уақытта көмекке мұқтаж жандарға таратылатын болады», – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Ринат Кертаев.

Сонымен қатар AMANAT партиясы Қостанай облыстық филиалымен бірге өрт шалған ауылдардағы 34 мектеп оқушысына оқуға қажет құрал-жабдықтар мен киім-кешектерді арнайы жеткізуді жоспарлап отыр.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға